Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, оған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысты.
Саяси кеңес отырысында партияның алдағы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы бойынша іс-қимыл жоспары, сайлауалды тұғырнама жобасы талқыланып, XIV съезд делегаттары сайланды.
«Шырайлы оңтүстік» атанған еліміздің оңтүстігі, ұлы ғұламалар дүниеге келген, талай таланттарды қанаттандырған, қазақ дәстүрінің қаймағын сақтаған еліміздегі ең іргелі де қасиетті жер. Бұл қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелері орналасқан, бүкіл еліміздің мәдени астанасы атанған киелі Түркістан. Сондықтан отырыста сөз алғандар «Нұр Отан» партиясының жауапты науқан алдындағы алғашқы сапарын осы жерден бастағандарын орынды қадам деп бағалады.
Бұл «Нұр Отан» партиясының елдікті, ұлттық мүддені, береке-бірлікті, ынтымақты бәрінен жоғары қоятын шын мәніндегі халықтық партия екендігінің басты белгісі болса керек. Сондықтан алдағы сайлауда елін, жерін құрметтейтін әрбір азаматтың таңдауы «Нұр Отан» партиясы болуы тиіс.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін орындаудың арқасында бүкіл халық білетін, ел сенімін ақтаған, еліміздегі ең ірі саяси күшке айналдық. Сондықтан біздің бұл жолғы басты мақсатымыз –сайлауда партиямыздың әділ әрі шынайы жеңісін қамтамасыз ету. Себебі, біздің сайлауалды тұғырнамамыз – ол бүкілхалықтық тұғырнама, бүкілхалықтық бағдарлама», – деді.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан еліміздегі ірі орталықтардың бірі. Облыста тұрмысы төмен азаматтар саны 30 пайызға дейін төмендеп, тек биылғы жылдың өзінде 17,6 мың адам жұмысқа орналасып, әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны 23 мыңнан асты. Ал, осы жылдың соңына дейін 100-ден астам жаңа білім нысандары мен денсаулық сақтау орындары іске қосылмақ. Облыстың осындай ірі жетістіктерге қол жеткізуіне 88 мың мүшесі, 303 бастауыш ұйымы бар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қосып отырған үлесі өте зор.
– Партиямыздың ұсынып отырған сайлауалды тұғырнамасында барлық салаға қолдау көрсету мәселесі толық қарастырылған. Оның барлығының шешімін табатынына сенемін. Себебі, біз – әрқашан Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру арқылы жыл сайын өсіп-өркендеп, абыройымыз артып, қарқынды дамып келе жатқан елміз. Сондықтан, алдағы сайлауда облыстық кәсіподақ мүшелерінің тек «Нұр Отан» партиясы атынан түскен үміткерлерді қолдап, партияның мақсатын жүзеге асыру үшін жан аямай еңбек ететініне сенемін, - деді сөз алған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов.
Ал жастар атынан ойын ортаға салған Сарыағаш аудандық жастар одағының директоры Жадыра Жүсіп партияның сайлауалды тұғырнамасын бір адамдай қолдауға шақырды. Өйткені, бұл – білімді де білікті жастарды қолдау, оларға оң бағыт беру, жалындаған жастардың өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселелерін көздейтін бағдарлама.
Жиын соңында облыс атынан съезге қатысатын делегаттар сайланып, алда атқарылатын жұмыс жоспарлары бекітілді. Маңызды шешімдер қабылданды.
Дәл осы күні республикалық штабтың мүшелері Отырардағы Арыстан баб пен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне барып, ата-баба рухына тағзым етті.
Оңтүстік Қазақстан облысы.