Жетігенде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері басшылық құрамының ұйымдастыру-әдістемелік жиыны өтті.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Сорокиннің жетекшілік етуімен басшылық құрам әуе шабуылына қарсы және жердегі стратегиялық нысандарды қанатты ракеталардан қорғаудың әдістемелерін, сондай-ақ оған әзірлікті жетілдірудің негізгі бағыттарын қарастырды. Жиын барысында басшылық құрам лекциялық сабақтарға қатысып, әдістемелік шараларды жүзеге асырды және өздері есеп берді.
Ұшақжайда қорғаныс ведомствосының басшысы жуырда Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында Фуянг қаласында (ҚХР) өткен Азия мен Океанияның XIV халықаралық, сондай-ақ Қытайдың ашық интернационалдық чемпионатына қатысып қайтқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің парашютшілерді дайындау орталығының спортшыларымен кездесті. Біздің спортшылар екі кубок пен 10 алтын медальға қол жеткізген болатын.
Қорғаныс ведомствосының басшысы әуе шабуылына қарсы әскерлер бөлімдерінің әуе шабуылына қарсы ұрыстар жүргізуін, қанатты ракеталарға тосқауыл қоюын, жоюшы авиацияның жауынгерлік қимылдарын, сондай-ақ стратегиялық нысандарды басып алатын диверсиялық топты транспорттық ұшақтан түсіру әдістері мен тәсілдерін бақылады.
Әділбек Жақсыбеков Әуе қорғанысы күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасының, әсіресе, авиациялық техниканың, әуе шабуылына қарсы күрес әскерлері техникасының, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету әскерлерінің қысқы жағдайға әзірлігінің де ерекшеліктерін назардан тыс қалдырған жоқ. Шараның соңында 2011 жылға қорытынды жасалып, 2012 жылға міндеттер қабылданды.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.
Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.