Жиырма жылдың бедерінде тәуелсіз елдің ақпарат айдынында бір кездері өзіміз көксеген қазақ тіліндегі тамаша басылымдар пайда болды. Енді олардың санын емес, сапасын ойлайтын кезеңге де келдік. Мемлекеттік тілде дүниеге келген басылымдардың ішінде оқырманға тұрақты жол тартып келе жатқаны – ер-азаматтарға арналған «Сұлтан» журналы. Бір қызығы, бұл журналды ерлердің өзі емес, айдай сұлу қыз-келіншектер шығарып отыр. Аталмыш журналдың бас редакторы Әсия НҰРАЛЫҚЫЗЫМЕН әңгімеміз де осы журнал жайында өрбіген.
– ...Журналдың редакция алқасы түгелдей дерлік қыздар. Неге десеңіз, сәл шегініс жасайық. 2001 жылы «Қазақстан» телеарнасының біраз журналистері «қысқартылып», қолында билеті бар, бірақ пойызы кетіп қалған жолаушыдай өмір-перронда аңтарылып қалдық. Қазақ «Қатын ашуланса, қазан қайнатады» дейді ғой. Сол айтпақшы, жанталасып біреуіміз бала тудық, біреуіміз күйеуге тидік, біреуіміз үй салдық, біреуіміз бизнеске кеттік. Әйтеуір, қарап отырмадық. Қолымыздан келгенді жасадық. Ал кейбіреулері...
Сатирик Көпен Әмірбек бірде: «Мен өмірде Құдайдан қорқамын, содан кейін көшеде өзімен өзі сөйлесіп келе жатқан әйелден қорқамын», деген еді. Арамызда Көпенді сөйтіп қорқытуға жақындап қалғандар да болды.
Сонда да ақиық ақын Жұбан ағамызды қайран қалдырған қазақ қыздары емеспіз бе?! Анда барып, мұнда барып, тиіп-қашып мақала жазғаннан түк шықпайтынын білдік. Әрі өзім де қазақтың ер-азаматтарына арналған қазақ тіліндегі сапалы да мазмұнды журнал шығаруды көксеп жүретін едім. Бәріміз жиналып журнал шығаруды ұйғардық. Мақсатымыз – ел азаматтарының дарындыларын, ақылдыларын, таланттыларын, қысқаша айтқанда жігіттің сұлтанын қазаққа таныстыру болды. Жігіттің сұлтандарын бүгінгі бала – ертең ел тізгінін ұстайтын жастарға үлгі ету еді. Сөйтіп, журналымыздың атын «Сұлтан» деп қоюға ұйғардық.
– «Сұлтан» сияқты сапалы қағазға басылған 100 беттік журналды шығару оңай еместігі айтпасаңыз да аян. Десек те, журнал қалай дүниеге келді?
– Бастапқыда қалталы ұлтшыл азаматтарға айтсақ, осы бастамамызға қолдау көрсетер еді деп ойлаушы едім. Мұның бәрі бекер екен. Мүмкін адамына жолыға алмадық па? Әрине, бұл бөлек әңгіме. Сонымен не керек, қарызға баттық, несие алдық, сөйтіп жүріп осы журналды жарыққа шығардық.
– Ол өзін өзі ақтап жатыр ма? Өйткені, соңғы он жылдың бедерінде талай журнал ашылып, талайы жабылып қалды.
– Мен әлі журнал шығарып, байыған қазақты көрген жоқпын. Бастапқыда барыңнан айырыласың. Бірақ, өзіміз қазақ болғаннан кейін қазақ тіліндегі тамаша басылым шығаруды көп жылдар көксеген едім. Оның үстіне біздер Петропавл жақтың қазағымыз. Тіліміздің де, діліміздің де әбден теперіш тартқанын көріп өстік. Намыстандық, қорландық... Жұрттың қазақша да сөйлейтінін Алматыға келгенде көргенбіз. Одан бері де талай заман өтті. Әлі де ана тіліміз төрт аяғына тең тұрған жоқ. Біздің тірлік «Сұлтан журналы» өз тілімізді өркендетуге септігін тигізуден туды десем де болады.
– Өтпелі кезеңде байырғы басылымдардың да тұралаған, тиражы құлдырап, қиналған кездері болды. Сіздің де энтузиазмға толы тірлігіңіз пессимистік ойларға жетелеген кездері болған болар?
– Әрине, болды. Дегенмен, осы істі әйтеуір бір адам бастауы керек емес пе? Қолды қусырып қарап отырсақ, қалай алға жылжимыз? Мен осы шаруаны қолға алып, бастап көрейін деп ойладым.
Әлі күнге дейін жүрегім ауыратын жәйт, «осындай-осындай ер-азаматтарға арналған журнал шығарып жатырмыз» деп, ісі алға дөңгелеп тұрған компанияларға, жарнама беруге мүдделі жандарға барғанымызда журналымызды көрмей тұрып-ақ ат-тондарын ала қашатын.
– Қалай десек те, мазмұны жағынан да, сапасы жағынан да сіз шығарып отырған журнал талғамы биік, өресі жоғары, сөздің парқын білетін оқырманға арналған. Алайда, қазірге бізге салыстырмалы түрде қымбаттау көрініп отырған «Сұлтанды» қалың көпшілікке қолжетімді етудің тетіктерін ойластырып көрдіңіз бе?
– Иә, біздің журналдың әр нөмірі 650 теңге тұрады. Одан әлдеқайда қымбат журналдардың да өз оқырманы бар. Бір кездері біздің оқырмандар жілігі татымайтын арзаннан, ұсақтықтан жалығатын болады. Қазір 650 теңгеге неге үш журнал алмаймын деп ойлатындар бар. Бірақ, бүгінде сол үш журналдың жабылып жүріп айта алмағанын, жаза алмағанын бір ғана журналдан табуға болатынын түсінген оқырмандар қатары пайда болуда. Бізде көпірме сөз жоқ, артық мадаққа бармаймыз. Қолымыздан келгенше шынайы мақалалар мен сұхбаттар жасауға ұмтылып келеміз. Әлемдегі алдыңғы қатарлы басылымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ер-азаматтарға қай жағынан болса да пайдасы тиетін айдарлар аштық. Қаражат жағынан қиналып, журналымызды шығаруды тоқтатқан кездері іздеген оқырмандар да болды.
– Ерлер үшін билік пен мансапқа жетудің құпиясы мен кілтін ашатын Роберт Гриннің нөмір сайын тұрақты аударылып келе жатқан кітабы да кез келгеннің қолына түсе бермейді. Тағы қандай айдарлар сұранысқа ие?
– Өмірдің өзінен алынған айдарлар әбден екшеліп, керегі оқырманға жол тартып отыр. Ал Роберт Гриннің сіз айтқан кітабын қазақ тілінде сөйлеткен тәжірибелі журналист Гүлмәрия Барманбекова. Аудармашы тілінің қазақы ұғымға жақын әрі шұрайлы екенін оқырмандарымыз орынды бағалады. Ең бастысы, өз журналымыз арқылы азаматтарды сатқындық жасаудан сақтандырып, жалған сөйлеуден сақтануға, шыншыл болуға үндейміз. Екі жүзділік ешкімге опа бермейтінін айтамыз. Журналда дәстүр де, психологиялық кеңестер, денсаулық мәселесі де, ер азаматтың пырағы – атбегілік, бәрі-бәрі бар.
– Осы журналды дүниеге әкелгеніңіз үшін қуанған сәтіңізді еске алыңызшы.
– 2006 жылдың қазанында журналдың тұңғыш нөмірін жарыққа шығардық. Өзім армандаған, өзім көзіме елестеткен журналдың алғашқы нөмірінің мұқабасында Мейрамбек Беспаевтың суреті бар. Бұл нөмір бізге ыстық. Бір қызығы, осыған дейін біз журнал шығарып көрмегенбіз. Телевизия саласында қызмет атқардық.
– Жуырда ғана «Ханым» деген жаңа журналдың тұсауын кестіңіздер. Қазір қыз-келіншектерге арналған басылымдар көбейді. Бәсекелі орта қалыптасып келеді. Қиын болмай ма?
– Бір қуантқаны, журналдың алғашқы нөмірін көргендердің бірқатары жаңа журналдың индексін сұрап, қайда жазылуға болатындығын білгісі келеді. Осыған қарағанда, бағытымыз дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы, ештеңеден қорықпау керек екен. Алдымызға үлкен мақсаттар қойып, армандауды және соған жетуді үйренуді өмірдің өзі оқытып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.