Жазғы маусым бітіп, қыркүйектің соңында малшылар ауылдың қуыс-қуысындағы қысқы қонысқа аттануға бел буатын. Осы сәтте алыстағы жайлаудан малшы иттері бір апта бұрын келетіні бар. Сонда шаруашылық басшылары «Қысқы қонысқа малшылар көшіп келе жатыр екен, хабаршы иттер келді» деп қысқы қыстауларды жөндеуге, отын-су әзірлеуге шығушы еді. Осынау қарбаласты көзіміз көрді.
Бір оқиға есімде. Елеусін – ауыл баласы. Мына Сұлутөбе тұсындағы «Наршоқы» атты қысқы қоныста бабалары дүниеге келген. Көп жылдан бері мұнай саласында еңбек етеді. Қызметі – профком.
Елеусіннің ауладағы Ақтөс атты иті шынжырын үзіп, үш күн бойы жоғалды. Зайыбы зыр қағып іздеді. Әбден әбігерге түсті. Телефон соқпаған адамы жоқ. Бірде телефон шылдыр етті. Зайыбы жүгіре басып телефон тұтқасын ұстады.
– Мен Елеусінмін ғой. Ел-жұрт аманшылық па?
– Бәрі аман. Тек үш күннен бері Ақтөс жоқ. Таптырар емес. Көлік басып кетті-ау шамасы. Күшігінен қолға үйренген, бауыр басқан Ақтөс еді, – дей берді зайыбы.
– Уайымдама, Ақтөс менің жанымда. Сен үш күн жоғалтсаң, мені үш күн іздеп, бүгін Құмкөлге келіп тұр. Әбден шаршаған, қарны қабысқан. Тамақтандырдым. Әлбетте, найманның исі бөлек бола ма келген бойда аяғыма оралып, қыңсылап жатып алды. Сағынып қалыпты. Сүйіншіңді әзірлей бер...
– О, тоба сені іздеген ғой. Қалай тапқан, – дей берді Елеусіннің зайыбы.
Елеусін түс ауа Ақтөсті көлігіне мінгізіп, Қызылордаға тартты. Отбасы Ақтөстің оралғанына қатты қуанып, мәз-мейрам болды.
Тағы бір әңгіме. Майдангер Дүйсенбай Әбсадықов деген ағамыз көп жыл «Шіркейлі» ауылында ұстаз болды. Құралайды көзге атқан мерген еді. Қиын сәтте аң аулап, бүкіл ауылды асырағанын жерлестері әлі күнге жыр қып айтады. Бір күні аңға шығар алдында мылтығының бір құлағы түсіп қалғанын байқайды. Не істеу керек? Аңшы әбден абыржиды. Мылтық құлағының қай тоғайда қалғанын білмей дал болады. Аңшы мұңын сезгендей Пальма аңшы аяғына орала береді.
– Енді мен де, сен де сорпа ішпейтін болдық. Бірге аңға шықпаймыз. Енді осы жерде жатасың. Мына мылтықтың бір құлағы жоқ, түсіп қалыпты. Сен енді соңыма ермейсің. Кет, әрі, енді менің мазамды алма, – деп аңшы қапаланып тұрып алады.
Ит аяғына оралып жібермейді. «Жүр, іздейік» дегендей. Дүйсенбай аға иттің көзінен бір қуанышты байқады ма, мылтығын асынып аңға шығады. Екеулеп жоғалған құлақты іздейді. Ит озып кетіп, бір сағаттай жоғалады. Бір кезде келіп тұр. Ауызында мылтықтың құлағы. «Таптым» дегендей. О, құдірет, қалың тоғайдан қалай тауып алды? Бүкіл ауыл аңшы мылтығының құлағының табылғанына қатты қуанады. Әр кездескенде Дүйсекең осы әңгімені дүниеден өткенше айтумен кетті.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
Қызылорда