«БЕЛЕСТЕН» БЕЛЕСКЕ
Зеленов ауданындағы Белес ауылы – кең байтақ Қазақстанның бір нүктесі. Жалпыдан жалқыға көшер болсақ тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформалардың барлық нәтижелері мен жемістерін осы ауылдан көре аламыз. Бір ғана мысал. Егемендіктің елең-алаң кезінде, тіпті екі мыңыншы жылдың орта шеніне дейін ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмектер беріліп келді. Белесте осындай көмекті 56 адам алған екен. 422 түтіні бар ауыл үшін мұны аз деуге болмайды. Бүгінде оны мұнда бір де бір адам, бір де бір отбасы алмайды. Алмайды дейміз-ау, тұтастай еліміз бойына атаулы әлеуметтік көмек деген тіркес пен түсінік тілдік қорымыздан түсіп қалғалы қашан. Бұл – өз кезегінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің өсуі, қызметпен яки жұмыс орнымен толықтай қамтылуы деген сөз. Талдаулар мен деректер белестіктердің айлық орташа табысы 50 мың теңгеден кем емес екенін көрсетеді. Бүгінде Белес ауылынан аттанған астық және мұнай өнімдері белестен-белес асып Еуропа мен Азия мемлекеттеріне жетіп отыр. Мұндағы Мұрат Жәкібаев жетекшілік жасайтын диірмен кешені тәулігіне 150 тонна ұн өндіреді. Оның сапасы өте жоғары. Осылайша бәсекеге қабілетті өнімді ТМД-ның бірқатар мемлекеттері аттай қалап сатып алуда. Сондай-ақ Белес ауылындағы терминал арқылы мұнай тағы да бел асып, Еуропаға тұмсық тірейді. Қысқасы, Қазақстандағы бір ғана ауылдың өнімдері ТМД-ны көктей өтіп, алыс шет елдердің де сұраныстарын туғызып отыр. Масылдық пиғылдан бойларын тез тіктей білген белестіктер ертеңіне үлкен сеніммен қарайды. Белес ауылының әкімі Адам Имашевтің айтуынша, мұнда кеңестік кезеңде тек төрт отбасының жеке автокөлігі болса, қазір әр отбасына бір автокөліктен келеді. Бұл да баршылықтың арқасы, елдік пен егемендіктің көрінісі болмақ. КСРО кезінде қала мен ауылдың арасын жақындату деген мәселе көп айтыла тұрса да, ешқандай нәтиже болған жоқ. Бұл – ауылда да қаладағыдай тұрмыстық жағдайдың туғызылуы деген сөз. Белес – осындай деңгейге жеткен ауыл. Мұндағы әр аула көгілдір отын мен ауыз су құбырына қосылған. Ауыл клубы мен дәрігерлік амбулатория ғимараты сыңғырлап тұр. Кірсе шыққысыз. Елу орындық балабақша сәбилердің шаттық күлкісіне толы. Белестік кәсіпкерлер бірінші кезекте өз қалталарын қампиту емес, ауылдастары үшін пайдалы бір іс тындыруды мақсат етіп қойғаны қандай ғанибет. Көпшілік монша құрылысы мен ауылды абаттандыру жөніндегі істер жергілікті кәсіпкерлер қаражаттары есебінен атқарылған. Белесте егемендік талаптарына сай тындырылған істер де мол. Ең алдымен, бұған дейін Ростоши аталып келген ауыл Белес деген халқымыздың таныс-түсінігіне тән тамаша атауға ие болған. Тоталитарлық жүйенің иісі аңқитын көше атаулары тәуелсіздік рухына сай атаулармен ауыстырылған. Атап айтқанда, Чехов Абайға, Октябрь Тәуелсіздікке орын берген. Міне, Белес ауылының бүгінгі жаңғырған бет-бейнесі осындай. Батыс Қазақстан облысы. Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.
•
24 Қараша, 2011
«Белестен» белеске
524 рет
көрсетілді