Ұлы бесін. Көне төбенің көк түбіт көдесі түмен-түмен қалың қыпшақ қолындай аңызақ желге толқып-толқып алды. Күн түбіне жортып бара жатқан қисапсыз әскердің ұшы-қиыры жоқ сахи даладағы бұл көрінісіне Қанапия ұзақ телмірді. Меңіреу дала ештеңе болмағандай елсіз тыныстап жатыр...
«Бұл арап қырды неше дәуірлер бұрын Азбан Ақтың үстінде сарт-сұрт еткен қосынға аруақты сөз айтқан Күлтегін қағанның атажұрты деп кім айтады қазір?.. Сүйем жер – сен үшін сүйегін берген сол баһадүрлер қайда демейсің бе?! Алашты бүлдіріп, ата-бабасының киелі қонысына қазір кімдер тимей жатыр? Кімдердің сұғанақ қолдары сұғынбай жатыр саған?»
Қанапия осыны ойлап тұрғанда қылқаламын қызыл бояуға терең батырып алыпты. Аз ғана кідірістен кейін ауыр күрсінген жас суретші алдындағы полотноға қылқаламын әкелді. Зұлпыһар қылыштан тамған қызыл қан түбіт көдені түгел бояды. Қылқалам әлі көтеріліп келеді. Қызыл қына қырға тамған ата жаудың судай қанымен астасып кетті...
Қанапия тағы ауыр ойға берілді. Әкесі Темірболат айтты деген бір сөзі есіне түседі. Ол заманда Омбы қазақтың ірі мәдени орталығы еді. Сонда көркемсурет техникалық училищесінде білім алып жатқан М.Қосшыбаев, С.Сәрсенбаев сынды жастарға көмек көрсеткен Темірболат Телжанов 1928 жылы Халтурина атындағы клубта әдеби кеш өткізіпті. Сол жиынға қатысып өлең оқыған Мағжан Жұмабаев, сөз сөйлеген Смағұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов, «Екі жирен» әнін айтқан Қали Байжанов пен қара жорға биін билеген Әубәкір Ысмайылов. Алаштың біртуар асылдарына сонда Темірболат әке «Ұлым Қанапия ер жетсе, көркемсуретке оқытамын! Сіздердің баталарыңыз қабыл болсын!» деген екен... Атаның сол асыл мұратында бүкіл Алаш тағдыры жатқан жоқ па? Біздің бүгінгі шығармашылық – Мағжанның жырындай мөлдір, маржанның қырындай асыл болса қайда?»
Қамырықты қоңыр күй қылқаламынан қою тамған Қанапияның көз алдына болашақтағы ұлы картинасы «Атамекен» айқындала бастаған сияқты. Екі өркениеттің шекарасында тұрған кейіпкерінің көзқарасындағы ұзақ ойға көп мағына үстеу керек. Бір мезетте оған шенеуніктердің мән бермеуін де ескеріп қойды. Символикалық сипатқа – құлын астар болар, ал бағзы заман мен бүгінгі болашаққа ортақ жәдігер – балбал. Еңселі бітік. Кім біледі, оның да сырты тас болғанымен іші бордай үгіліп тұр-ау... Міне, болашақ «Атамекеннің» композициялық құрылымы осындай қарапайым, ал тақырыптық мазмұны барынша терең болғаны көңілді делбейді. Басқасы тіршілік қамытының тар мойындағы талқысы. Ой осылай бекігендей. Нанымды бейне. Таңғажайып ракурс. Тың көтеруге қарсы кейіпкерінің драмалық шиеленісі. Ішкі эмоция. Осылай кешегі Алаштың кеудесінде айтылмай кеткен зарлық күй терең ноталардың бойында болашақ «Атамекен» болып ансамбль құрмақ...
Отыздың ордасына енді енген сезімтал суретшінің бұл ойын құлағының түбінен будақ-будақ түтінге тұншығып, бүкіл даланы басына көтеріп келе жатқан алып техниканың дүрілі бұзып жіберді. Бетіне құс саңғыған қотыр тас түбіне балқып батып бара жатқан Күнге тік қарап тұра бергісі келген. Кейіпкері әлі де тарғыл дауысы талапшыл бұйырып сөйлейді. «Әдепкі тыныштық емес мынау. Бір зобалаңның басы болмаса игі еді... Бұл даланың боз жусаны онсыз да қаншама ғасыр қырық мыңдап айдаған жылқының тұяғы тимей, жұпар атпай қалған жоқ па?»
Қанапия өз кейіпкеріне өзі тік қарай алмай ащы жымиды. Бәрі кеш... Ол кезде қазақтың құнарлы байсынына сарт етіп кірген соқа не сұмдықты әлдеқашан бас- тап кеткен болатын. Қайран, Атамекен!..
* * *
Биыл қазақ кескіндеме өнерінің кесек тұлғасы Қанапия Телжановтың атақты «Атамекен» картинасының дүниеге келгеніне 60 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Қанапияның қалың бояуларының астарына үңіліп тұрған біздің ойымызға Ақын Кеңшілік Мырзабековтің «Боз бие немесе тың көтерілген жыл» деген астары қалың, сол кездің өзінде жасанды қоғамның алдамшы ақиқатын айыптаған жыры келді.
Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,
Қозы, лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.
Тың жыртқан жылы төбенің түбіт көдесін,
Тарап әкетті тарақ табанды трактор...
Қуанды қарттар жанардан жасы мөлдіреп,
«Көде өскен жерге көк бидай шығар болды» деп.
Боз бие біздің түн жамылып кеп сол жерден,
Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет.
Партияның тың игеру секілді жасалған саяси науқанының артында тұтас халықтың ауыр қасіреті осы қысқа ғана балладада боз бие болып боздайды. Иә, осы трактор еді ғой тура сол уақытта Қанапияның кейіпкері, текті қазақтың жүрегінде солақай саясаттың соқа айдағаны...
Өлең «қырдың көдесін бір мезгіл қажап келмесе иімейтін» жануардың жасанды жасыл алқапты жат көріп, көденің ащы дәмін аңсайтыны жайлы психологиялық шығарма. Қанапияның кейіпкері де осы соқаның суық жүзіне іштей наразы еді. Ертеңі не боларын енді ажыратып ала алмайтындай дәрменсіз хәл. Болашаққа болжамды сөз айту қиын... Кер заман. Көденің ащы түбінде көне жұрттың көз жасы көлкиді. Картинадағы жас құлын ғана ештеңеден бейхабар күйі енесіне қасына береді. Ол – болашақ кілті, торы құлын. Кеңшіліктің боз биесінен туған құндыз жал торы Қанапияның «Атамекеннің» ішінде мәңгілік кісінейді. Астары аударылған көне төбенің көкірегіңді удай ашытар көдесінің иісі кентавр киені кісінетіп тұр...
Суретші Қанапия Телжанов империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде, қылқаламынан осындай бояуды қалай төккен?..
Қайран, өнер!
Кеңшілік те, Қанапия да үнсіз айғайлап кетті...
Бір көрген көзге айшықты шығарма. Көркем шешім. Астарлы ақиқат. Бәрі-бәрі көз алдымызда... Бұл картина кейін еліміздің Мәскеуде өтетін Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің онкүндігіне барды. Тура осылай, қасқайып... Қарсылық аксиомасындай. Бұлай айту үшін ішкі рух, поэтикалық тіл, эпикалық сарын, романтикалық әуенің болу керек-ау... Суретші осыншама трагедия- ны үнсіз ғана ішкі монологпен қалай берді сонда?
Оралхан Бөкейдің «Жетім ботасында» ежелгі қазақ мәдениеті мен жаһанданудың арасына шекара сызып, бота жетектеп бара жатқан қызды айтатыны бар. Бұл Қанапияның да шекарасы осындай еді. Жарты қабырғаны тұтас алатын зор картинаның бергі бөлігі соқа жыртқан соқта да, оның арғы беті боз жусаны омыраулатқан киелі байтақ. Ондағы шерлі шежіре мен мезгіл сазын, ұрпақ сабақтастығын үшінші өлшемде қайта зерделей көз жүгіртсек, бәрі-бәрі бір сәтке мызғымастай мәңгілік үнсіз қалады да, көркем туынды қайыра жанды құбылысқа айналып жаңа ғасырмен үндесе бас- тайды. «Атамекеннің» астарында кейіпкердің оқты көздерімен «бұл менің атажұртым, қазақтың қастерлі даласына ешкімнің еншісі қалған емес» деген кекті сөз бардай. Қайтеді, «Қайырлы болсын Сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» дейді ме екен?
Ақын тың көтеру идеясын көздері боталап қырдың кермек көдесін аңсаған боз бие арқылы сынаса, азаматтық болмысы бөлек суретші алаштың автопортреті – «Атамекенмен» үнсіз бойлауық күйін сарнатады...
Ол кезде «жерді жауға, елді дауға бермеймін» деп қайдан айтсын қайран, Қанапия Телжанов.
«Атамекен» картинасына бүгінгі көзбен қайта қараңызшы, мәртебелі оқырман! Жердің сол дауы – әлі дау...
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»