Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті. Комиссия мәжілісін ашқан Қанат Саудабаев үстіміздегі жылғы бұл отырыс соңғы мәжіліс екенін, бірақ сонымен қатар ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығымен және Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында барлық салада үлкен жетістікке жеткендігімізбен маңызды екендігін атап өтті. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте де бірқатар айтарлықтай шаралар қамтылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында еліміз бұрынғы Кеңестер одағы республикаларының ішінде барлық жетістіктер бойынша едәуір алға суырылып шығып, әсіресе, соңғы кездері халықаралық қауымдастық арасында өзінің беделін айрықша таныта білді.
«Біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық даму барысындағы тамаша жетістіктермен қарсы алып отыр. Азаматтардың құқықтары, заңның пәрменділігі және тәртіп мәселесі тұрақты әрі жүйелі түрде қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік сатып алудың заңдылықтарын сақтап, оның айқындылығын қамтамасыз ету бұл саладағы мағызды бағыттардың бірі болып саналады. Сондықтан да бұл мәселе бүгінгі мәжілістің күн тәртібіне енгізіліп отыр», – деді Мемлекеттік хатшы.
Расында, бұл орайда айтар болсақ, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңындағы жетістігіміз Қазақстандағы ұлттық тұрақтылық, төзімділік пен этносаралық достық ел дамуының бірден-бір көрсеткіші болып табылады. Ата-баба арман еткен тәуелсіздігіміздің баянды болуы да ұлтаралық сенімділік пен достық қарым-қатынастың берік тамыр жаюы. Тәуелсіздік жылдарында атқарылған қыруар жұмыстың арқасында мәдени, экономикалық, құқық, денсаулық, ауылшаруашылық және т.б. қай салада болмасын халықтың әлеуметтік жағдайы артып, тұрмысы түзелді. Бұған құқықтық шаралардың көмегі орасан болды. Соның бірі – Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісінде көтерілген мемлекеттік сатып алудың заңдылықтарын сақтау мәселесінің де әсері мол екендігі сөзсіз. Осыған орай комиссия мәжілісінде Бас прокурор А.Дауылбаевтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Ө.Өксікбаевтың есептері тыңдалды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.