XXI Дүниежүзілік спорттық трансплант-ойындарының чемпионы Жәнібек Оспановтан ағзадағы орган алмасқаннан кейінгі өмірі жайында сұрап, әңгімеге тарттық.
Былтыр тамыз айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті бір брифинг бізді елең еткізді. Бұл – 26 маусым мен 2 шілде аралығында Испанияның Малага қаласында XXI Дүниежүзілік спорттық трансплант-ойындарына қатысқан қазақстандықтардың алтын медаль алғаны жайындағы жаңалық еді.
22 жасында ауыр халде Шымкент қаласынан Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығына санитарлық авиациямен жеткізілген Гүлмира Смайылованың жақындары сол бір үміт пен үрейге толы күндерде донор берген жүрекпен Гүлмираның болашақта чемпион болатынынан хабарсыз еді. Оны дәрігерлер де, Гүлмираның өзі де білген жоқ.
Бұл ойындарға Қазақстаннан тұтас команда барыпты. Түрлі органдарын ауыстырған 6 адамнан тұратын спортшылар тек ел спортының ғана емес, медицинасының да намысын қорғады деуге саятындай. Донордан үшеуі – жүрек, үшеуі – бүйрек алмасқан Жәнібек Оспанов, Гүлмира Смайылова, Асхат Қаликешов, Ержан Мұхамадиев, Жеткіншек Нұров, Апресхан Ховдахан Малагада Қазақстанның атынан шығып, Гүлмира алтыннан алқа тағып, Әнұранды ойнатып, Туымызды көкке көтерді.
Рас, отандық медицинаның әлеуеті нығая түсуде, донордан орган алып салу бұрын шетелдік дәрігерлердің ғана еншісіндей, ақ желеңді қазақтың маңдайына бұйырмағандай көрінетін еді. Қазір трансплантациялау жолға қойылды, бір проблема шешілді, алайда орган алмасқаннан кейінгі өмір қандай? Трансплантанттың да, реципиенттің де алдында денсаулығына қатысты мәселелермен бірге қандай әлеуметтік проблемалар туады, оларды сансыратып сан ойға жетелеп, ұйқысын бұзатын қандай шешілмей жатқан қиын түйіндер бар екен? Бір өкініштісі, бұл қазақ қоғамын толғандыра қоймаған немесе әлі мән бере алмай жатқан бағыт екенін айтқан жөн.
2012 жылдың 6 тамызында Қазақстан медицинасында алғаш рет миы жұмысын тоқтатқан адамның жүрегі басқа біреуге донор болғаны есте. Миына қан құйылып, ауруханаға түскен 46 жастағы әйелдің жүрегі баласы Игорь Воротниковтың келісім беруімен Қостанай облысы Рудный қаласының 38 жастағы тұрғыны Жәнібек Оспановқа салынғанынан барша қазақстандық хабардар болды. Енді сол Жәнібек трансплант-ойынға қатысып жүр. Нәтижесіз де емес, 2017 жылы Польшаның Замосць қаласында жеңіл атлетика, суда жүзу, үстел теннисі, дартс бойынша халықаралық турнирге қатысып 50 метрге жүзуден күміс жүлде және үстел теннисінен үшінші орын иеленді.
Жәнібектен ағзадағы орган алмасқаннан кейінгі өмірі жайында сұрап, әңгімеге тарттық. Біріншіден, орган ауыстыруды қажет ететін адам өзінің күнделікті жүрісінен жаңылады, қоғам тынысынан ысырылуға мәжбүр, дейді Жәнібек. Ол осыған дейін атқарып келген істерін, диплом алған мамандығы бойынша жұмысын да атқара алмай қалады. Әуелі қажетті орган үшін кезекке тұрып, екі көзі төрт болып күтеді. Бірнеше рет табылды деп тексергеннің өзінде сәйкес келмей қалып, тауы шағылады. Донор табылмай о дүниеге кетіп жатқандар қаншама?!
Екіншіден, құдай жарылқап ағза алмасқаннан кейін де толып жатқан медициналық және әлеуметтік мәселелер алдыңнан шығады. Бойыңа дәрігер салып берген жүрек, бүйрек, бауыр қанша сәйкессе де, Құдай о баста басқа адамға бергендіктен ол сенің ағзаң үшін бөтен. Ал жаратылысты алдау қиын. Сондықтан жаңа салған органды бөтенсіп, итеріп тастамас үшін иммундық жүйені әлсірететін препараттар қабылдауға мәжбүрсің. Иммундық жүйенің әлсіреуі деген сөз – жаңа туған жас сәбиден әрі не болса сонымен тіпті ел шетіндегі бір аурудың вирусының жолында кездейсоқ жүріп өтсең, оған қарсы тұратын қабілетің жоқтығынан ауырып қаласын. Үшіншіден, жаңағы иммунодепрессивті дәрілерді дәрігер белгілеген уақытында бұлжытпай қабылдап отыру керек. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында тегін берілетін осы препараттармен қамтамасыз етуде кестеден бір ауытқу болса, өміріңіз қайтадан қыл үстінде. Өкініштісі, мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
Жәнібектің әңгімесі үстінде ойыма бір оқиға түскен. Анасына бауыр трансплантациясы жасалған әріптесімнің бірде «апамның «селлсепт» аталатын иммундық жүйені әлсірететін дәрісі таусылуға таяу» деп жанұшырып, қала кезіп кеткенін көргенмін. Тәртіп бойынша дәрі таусылардан 10 күн бұрын дәріханамен хабарласқанмен қажет препарат түсер емес. 6 күн, 5 күн... 2 күн қалды. Қысылған әріптесім енді қайтемін деп, анасына операция жасаған аурухананың бөлімшесіне хабарласты. Осылай да осылай, ертең ішер дәрі жоқ, сіздер маған сеніп қарызға бере тұрыңыздар, ал мен дәріні алғанда санап тұрып әкеліп өткіземін, деп. Амал жоқ, дәрі болмаса не күтетінін анық білетін дәрігерлер өздері бір рет өмір сыйлаған жанның қайта демін үзсін бе, қолхатпен дәрі берген.
– Төртіншіден, дейді әңгімесін жалғаған Жәнібек – үлкен проблема біз тәрізді жандарды қайтадан әлеуметтендіру мәселесі. Жоғарыда айтқандай, ол бұрынғы кәсібін жалғастыра алмайды. Мамандық ауыстыруы қажет. Бұл жерде мемлекет тарапынан оларды қайта мамандандандыруға көмек қажет. Бесіншіден, біздер шын мәнінде мемлекетке қарыздар жанбыз. Жерді басып жүргенімізге, бала-шаға, туған-туыс, жора-жолдас арасында жүруіміз бірінші Алланың, екінші квота беру арқылы операция шығынын толық көтерген, күнделікті қажетті дәрімізді берген мемлекеттің арқасы. Біздің де Отанымызға бір пайдамыз, жақсылығымыз тисе дейміз.
Мысалы, мен төрағалық ететін «Өмір тынысы» атты трансплантация жасалған адамдарды оңалту жөніндегі қоғамдық ұйым айналысатын жұмыстың бірі – спортты насихаттау. Өміріміздің дәріге байланғаны болмаса, біз қалыптағы адамбыз, өмір бойы дәрі ішіп, өзін қалыпты жағдайда ұстайтын созылмалы науқастар көп қой, біз де сондаймыз. Енді үйленіп, отбасылы болып, бала сүйіп жатқандары да, бұрыннан үйлі-барандылары да бар. Айтайын дегенім, елімізде Ұлттық паралимпиада, сурдлимпиада комитеттері бар да, бізде мұндай ұйым жоқ. Алайда біз Дүниежүзілік трансплант ойынына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Испаниядағы ойынға 3 мыңнан астам адам қатысты. Соның арасынан қызымыз алтын жүлдемен қайтты. Жалпы, трансплантация жасалған пациенттерге спорттың пайдалы болатыны дәлелденген дәрігерлердің нақты ғылыми еңбекте рі, зерттеулері бар. Біз спорттық ойындарға қатысу арқылы бір жағынан еліміздегі медицина қауқарын көрсетеміз, жетістігін жария етеміз, сонымен бірге трансплантацияны халыққа түсінікті етуді насихаттаймыз.
Осы жерде Жәнібектен «Сіздер жылда үкіметтік емес ұйымдар тапсырыс алатын гранттарға қатысасыздар ма? Малагаға қандай қаражатпен қатысып жүрсіздер? – деп сұрадым. – Малагаға дейсіз бе деп күлген Жәнібек әңгімесін жалғады. – ҚХА-ның XXIV сессиясында «Соңғы 4 жылда Қазақстанда мұндай 847 ота жасалса, оның 33-і – жүрек алмастыру. Бүгінде мен сияқты адамдар «Өмір тынысы» деп аталатын қоғамдық ұйымға топтастық. Біз толыққанды адамбыз, оқимыз, жұмыс істейміз, бала тәрбиелейміз, спортпен айланысамыз. Тіпті Дүниежүзілік спорттық трансплант ойындарға да қатысқымыз келеді. Бұл біз сияқты адамдарға арналған олимпиадалық ойындар. Біздің арманымыз – «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдану құрметіне орай, Қазақстанның көк байрағын осы ойындарда желбірету» деп сөз сөйледім. Сөйтіп Елбасының тікелей қолдауымен, тапсырма беруінің арқасында жарысқа барып, жеңіспен оралдық.
Бұл 2 жылда бір өткізілетін ойын, ал алда қай ақшаға барамыз, ол жағы белгісіз. Өйткені министрлікте арнайы лот та жоқ қой. Денсаулық сақтау министрлігінде «Донорлықты насихаттау» деген бір ғана лот бар. Оған қатыспаймыз, ал арнайы біздің топтағы адамдар үшін спортты дамыту, насихаттау еш қарастырылмаған. Трансплант ойындар өткізетін федерацияға әлемнің озық деген 60 елі мүше. Өйткені трансплантация жасап, пациенттердің одан кейінгі қалыпты өмірін қамтамасыз етіп, реабилитациясымен айналысу оңай емес. Көп елдің қалтасы көтере алмайды. Кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттер ішінен тек Қазақстанның ғана мүше болып, біздің жарысқа қатысуымыздың өзі біраз жайтты аңғартады. Қазақстан медицинасында әлі де толғақты мәселелер көп шығар, ал біз соның бірінің нақты шешімін тапқанының жемісіміз, дәлеліміз десек болады, дейді ол.
Ендігі бір күрделі мәселеде ойымен бөліскен «Бүйрек алмастырған және гемодиализдегі пациенттер» қоғамының төрағасы Ерлан Мұхамадиев елімізде мәйіттен орган алуға қоғамның көзқарасы дұрыс еместігін жеткізді. Соның салдарынан Қазақстан болашақта бір бүйректі ел атануы мүмкін. Сосын органды сатуға заң бойынша тыйым салынған, тек туысқандары ғана беруі тиіс. Ал бұл заңнама бір отбасынан немесе әулеттен бір бүйректі екі немесе одан да көп адамдар болуы қаупін тудырады. Бұл – елдік проблема. Тағы бір маңызды дүние, орган алмастырған адамның қалыпты өмірге кірісуіндегі қиындық – мамандық, кәсіп өзгертумен бірге тұрғылықты жерден көшудің қажеттілігі. Бұл әсіресе ауыл, аудан тұрғындарына қатысты мәселе. Өйткені ауыл фельдшері түгілі аудан дәрігерлеріне мұндай пациенттермен жұмыс жүргізу қиын. Себебі пациенттің қанының құрамына жасалатын сараптаманы кез келген облыс орталығындағы аурухана жасай алмайды. Сондықтан Астана, Алматы сынды толымды зертханалары бар үлкен клиникаларға жіберіледі. Ауыл тұрғыны бұл ретте қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Ал бас- пана қайда? «Қысқасы бас қатыратын мәселе көп, мүмкін біз тәрізділерге арнайы статус беріп, тұрғын үй, пәтерлермен қамтамасыз етілуде бір жеңілдіктер қарастырылуы тиіс шығар», дейді Е.Мұхамадиев.
Газетіміздің 16 қаңтар күнгі санында Батыс Қазақстан облысындағы тілшіміз Қазыбек Құттымұратұлының «Самұрық құс, қайдасың?! немесе бүйрегін баласына берген ата-ана ахуалы» деген толғақты мақаласы жарық көрді. Тілші елімізде өз еркімен донор болып, бір бүйрегінен айырылған адамдардың мүгедектік бойынша жәрдемақы ала алмайтынын, оның үстіне өзгеге көмектесіп, өз ағзасын трансплантация жасауға келіскен жан ол үшін қаржы алатын болса, қылмыстық жазаға тартылатынын жазады.
Не керек, орган алмасты, өмір жалғасты, алайда трансплантат пен реципиент үшін өздері шеше алмайтын түрлі мәселелер тізбегі шықты. Шешімі қайдан табылар? Қазақстан Үкіметінің назарын осы мәселелерге аудара отыра, қоғам мүшелерінің де бұл проблемалардан тыс қалмауын сұрар едік.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»