Ақмола облысы судьялары мен сот жүйесінің қызметкерлері өздерінің бойындағы патриоттық сезімдерінің жоғары екенін өз іс-қимылдарымен дәлелдеп жүр.
Мәселен, олар Пхенчхандағы ХХIII қысқы Олимпия ойындарына қатысатын Ақмола облысының спортшыларын қолдау және қазақстандықтар арасында спортқа деген қызығушылықты ояту мақсатында қысқы спорт түрлері бойынша жарыс өт-кізді.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров қатысушыларды құттықтай келіп, аталған іс-шараның маңызын ерекше ашып көрсетті. Осындай спорттық іс-шаралар қысқы спорт түрлерін насихаттау және «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізіліп жатқаны айтылды. Ең бастысы, мұндай шара ұжым қызметкерлері арасындағы өзара сыйластық пен құрметті арттыра түсетіндігі белгілі. Бұл орайда облыстық сот төрағасы Досжан Әміров өз ойын былайша сабақтады: «Тек сау денеде ғана мықты рух, жеңіске және барлық істерге деген табыс пен құштарлық қалыптасады».
Жалпы «Елікті» тау-шаңғысы кешенінде шаңғымен таудан түсу, ерлер және әйелдер арасында шаңғы жарысы, шаңғы эстафетасы және «Көңілді старт» жарыстары ұйымдастырылды. Жарыста аудандық және оларға теңестірілген соттардың судьялары мен мамандары «Батыс», «Шығыс», «Солтүстік» және «Оңтүстік» командаларын құрады. Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамоталармен және кубоктармен марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы