ШУАҚ ШАШҚАН ШУ ШАҺАРЫ
Шу ауданында өткен 9 айда 10,5 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда 365,8 миллион теңгенің өнімдері артық шығарылғанын көрсетеді. Мұнда ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетіп, қаржылай көмек беру жүйесі де жақсы жолға қойылған. Сондықтан агроөнеркәсіп кешені саласында алдағы жылдары көптеген жаңа жобаларды батыл іске асыру көзделуде. Өңірдің өркен жайып, ауыл мен аудан ажарының ашыла түсуіне бүгінде Шу қаласындағы жыл өткен сайын дамып келе жатқан өнеркәсіп саласының табыстары да көп үлес қосуда. Мысалы, биылғы 9 айда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, қала өнеркәсібі 1 миллиард 204 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдерін артық шығарыпты. Бұл табыста, әсіресе, «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің филиалы – Шу тепловоз жөндеу зауытының үлесі өте мол. Зауыт жұмысшылары темір жол көлігін жөндеу және оған қажетті бөлшектер жасауда тамаша жетістіктерге қол жеткізіп жүргені белгілі. Енді, міне, олар сала бағытын кеңейте отырып ауыл шаруашылығына қажетті «Енисей-Қамқор-1200НМ» маркалы комбайнын құрастырып шығара бастады. Дихандар қауымы ділгер болып отырған мұндай инновациялық жобаның батыл қолға алынуы өңірдегі өндіріс көкжиегін бұрынғыдан да кеңейте түсті. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының инвестициялық жобалары бойынша «Ер-Тай» ЖШС полиметалл кендері қорын барлау мақсатында қазба жұмыстарын қолға алып отыр. Бұл серіктестік жыл басынан бері өнім көлемін 5345,3 миллион теңгеге жеткізді. Сондай-ақ, «Бірлік энерго» ЖШС жылына 10,0 мың тонна жанар-жағар май өңдейтін зауытты іске қоспақшы. «Бірлік» ауылында тәулігіне 1,5 тонна сұйық май өңдейтін цех та жақын арада пайдалануға берілмек. Өңірде жолдар мен елді мекендердегі көшелерді жөндеу жұмыстарына 238,8 миллион қарастырылып, оның 74,7 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Қалған қаржы шулықтардың өз үлесі. Соның нәтижесінде бүгінде кедір-бұдыр жолдар жөнделіп, ауыл мен аудан орталығы және қала арасындағы қарым-қатынас түзелді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жыл аяғына дейін жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 150 төсектік аурухана пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен бірге, орталық емханадан аурудың алдын алу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі ашылып, облыста алғашқы болып халық талабына сай қызмет көрсете бастады. Бүгінде Шу қаласының іргетасы қаланғанына 50 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойды шулықтар лайықты атап өтті. Атап айтсақ, мерейлі мереке салтанаты кезінде Шу қаласындағы Жеңіс саябағынан Кеңес Одағының Батыры Саттар Естемесовке үлкен ескерткіш орнатылды. Ал теміржолшылардың құрметіне қаланың кіреберісіндегі тұғыртасқа көне «отарба» қойылды. Шу ауданынан шыққан белгілі күйші, композитор Әбідмомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін саз өнеріне құмар жанның бәрі біледі десек артық айтқандық болмас. Бірақ жүрек жылытып, жан балқытар атақты күйге байланысты сән-салтанаты келіскен архитектуралық ескерткіш жасасақ деген ой осы уақытқа дейін ешкімнің басына келмепті. Міне, бүгінде Шу қаласының төрінен орын алған «Ерке сылқым» архитектуралық композиция осы олқылықтың орнын толтырып тұр десек те болады. Шу өңіріндегі Жайсаң жазығында туып-өскен Төле би бабамыз: «Береке-байлық бірлігі мықты елде болады» деген екен. Демек, мұның бәрі елдегі береке-бірлік пен екпінді тірліктің арқасы деп бағалаған жөн. _____________________________________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
•
25 Қараша, 2011
Шуақ шашқан Шу шаһары
420 рет
көрсетілді