Бұл туралы Сотсыз татуласу тұжырымдамасын қалыптастыру туралы кеңейтілген мәжіліс отырысында хабарланды.
Мәжіліске облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен және облыстық мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
«Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр және оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленді», - деді аймақ басшысы.
Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасын жүзеге асыру үшін қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген Қызылорда облысынан бастау жөнінде шешім қабылданған.
«Ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны осында бастауды жөн көрдік. Жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дауды көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығыға ұшырайтын жағдайлар жиілеп барады. Дегенмен, жақсы тәжірибеміз де аз емес. Соның бірі «Н.Ілиясов» ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Қармақшы ауданының «Көмекбаев» аулында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты. Мұндай тәжірибені кеңінен қолдану қажет», - деп атап өтті Сағатбек Сүлеймен.
Сот саласының ардагері Ғалия Шыңғысованың айтуынша, 80-90 жылдары облысымызда жылына 500-600 азаматтық іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық істердің саны 30 мыңнан асып кеткен.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Жоғарғы сот бастаған жобаның аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңыздылығы зор екенін атап өтіп, әріптестерін соттан тыс дауларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға шақырды.