Дауасыз дертке тап болғанын сезген құсбегі, туған-туыстарымен арыздасып: «Мен өлген соң жаназама сойылған жылқының қазысын сары құсқа жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя беріңдер» деп көз жұмады...
Ертеде Алтай өлкесін мекен еткен Тіней атты атақты бүркітші өткен. Бұл құсбегі туралы кезінде қытай қазақтары арасынан шыққан үлкен ғалым, зиялы тұлға Нығмет Мыңжанидың өзі қалам тартқан еді. Бірде Тінейдің жалғыз тұяқ құла биесі Ертістің мұзының үстіне барып құлындаған екен. Қара құйрық, қара жал, еркек құла құлын туыпты. Иесі іздеп барса, жарықтық құла бие қамыс құлағын қайшылап, өзеннің жағасына жалтақ-жалтақ елеңдейді. Бұған не болды деп қараса: жағада құла биенің шуын жеп тояттап, қанаты суға малынып сауыс-сауыс боп қатқан сары бүркіт отыр. Тіней бүркітті ұстап күпісіне орап алады да, жаңа құлындаған биесін айдап үйіне келеді. Бұл бүркіттің бітімі бөлек, тегеурін тұяғының жебесі жарты қарыс екен. Құсты көргендердің бәрі: «Ақиық, қандыбалақ қыранның өзі» деп мақтасады.
Ғайыптан қолына түскен сары құсты Тіней үш жыл түлетіп барып салады. Бірақ үміт ақталмайды. Тағы екі жыл түлетеді. Бұл кезде баяғы қаражал құла құлын бесті шығып, жақсы ат болады. Тіней құсбегі құла атына мініп, сары бүркітін көтеріп қыс бойы саятшыласа да ештеңе алдыра алмайды. Мұны көрген басқа саятшылар − Ей, Тіней «құсың түлкі алса бүркіт, алмаса лау мінген шүршіт» дейтін сөз бар, жалғыз атыңды қинап әуре болғанша, аяқ бау, томағасын сыпырып қоя бер! – деп ақыл айтады. Сары құстың бітімі мен көрік-келбетінде бір керемет барын байқаған Тіней оны босатып қоя беруге қимайды, есік алдындағы қу түбірге қондырып байлап қояды. Сары құс анда-санда мыңқылдап шақырып қойып отыра берді.
Бірде ауылдың жылқысы барымталанады. Іздеушілер бейсауат бір адамды «ұрылармен сыбайлас» деп ұстап әкеліп, аяқ-қолына кісен салып қояды. Ол сорлы бірде әлгі адам кісенін салдырлатып Тінейдің үйіне келеді. Есік алдында қу түбірге қонып отырған сары құстың мыңқылдап шақырған үнін естіп:
− Қайран қыраным-ай, Алтайдың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қайдан келіп едім? – күңіренеді. Бұл сөзді естіген Тіней:
− Ей, сорлы сен бұл құстың тегін танып, тілін білетін кісідей сөйледің-ау, бұл саған «Алтайдың алты асқарын асып келдім» деп тіл қатты ма?- деп сұрайды. Ұры айтады: Ақиық Алтайға кетті, Ақшегір Нарынға кетті, Қарагер Боғдаға кетті, Сабалақ сары сауырға кетті, – деген екен, жалайыр Шора, мынау сол «Алтайдың ақиығы». Құстың оң иығындағы ақ жүн адам алатындығының нышаны, сол иығындағы ақ жүн аң алатындығының айғағы. Бұны аңға салмай тұрып оң иығындағы ақ жүнді қиып тастау керек. Әрі бұл қыранның ер сүйегі бармақтай екі топшысының ұшында екі тегеуір тұяғы бар, бұл қатардағы құс емес, Ақиықтың ішіндегі қыраны, дейді. Бұл сөзді естіген Тіней:
− Рас айтасыз. Бұл құс қолға түспес асыл қыран деп өзім де ойлаған едім, бірақ үш жыл түлетіп салсам да тышқан мұрнын қанатпады!
− Аң алмайтын құс жоқ қайыруын тапса деген, бұл құсты қалай түлетіп, қалай қайырып едіңіз?
Бұл сұраққа таңданған Тіней:
− Құсты қалай түлетіп, қалай қайырудың баяғыдан келе жатқан дәстүрі бар емес пе, жаздай суыр етімен түлетіп, бөртпемен жүндетіп, ақ жеммен қайырдым, – дейді.
− Бұл әдеттегі құс емес, өзгеше құс, мұның бабы да өзгеше – дейді тұтқын.
– Жаз шыққанда аяқ бауын ал да қоя бер, жаз бойы емін-еркін шалқып ұшып жүрсін. Қашып кетер деп қорықпа, сен оған сенсең, ол да саған сенеді, сені тастап кетпейді. «Қазанның қара дауылы» түскенде ұстап тұғырына қондыр да ту биенің қазысымен қайыр, қыс бойы жерге түспейді, көзіне көрінген аңды жібермейді. Мұның тағы бір шалт мінезі – кешке аңнан қайтқанда елігіп кез келген адамды көкке көтеріп ұшырып ойнайды, қасыңдағы қағушыңа құлын жарғақ кигізіп, арқасына ергеншек таңып қойғайсыз...
Тіней құсбегі тұтқынның ақылына сүйсініп, оны кепілдікке алып, аяқ-қолын кісеннен босатып еліне аттандырады. Осы тұста баяғыда бес жыл бұрын қаражал құла құлын тапқан Тінейдің құла биесі қатарынан бес жыл қысырап, семіздіктен шайлап жүре алмай, күздің қара суығы түскенде жон арқасы жарылып өледі. «Іздегенге – сұраған» дегендей Тіней құсына құла биенің семіз қазысын беріп қайырады. Күйі келген сары құс қыстағы салбурында көзіне көрінген аңды қалт жібермей ұстайды. Күн батып аңнан қайтқанда елігіп ұшып, қолға қонбай кергіп, кұлын жарғақ киіп арқасына ергеншек байлаған қағушыны қағып алып көкке ұшырып, құмары қанған соң қайта әкеліп жерге түсіріп ойнайды.
Қыс өтіп саятшылық маусымы аяқталған соң Тіней құсының аяқ бауын алып қоя береді. Ол күні бойы емін-еркін ұшып жүріп, кеш бата кез келген үйдің шаңырағына барып қонады. Сары құстың шаңыраққа келіп қонуын «құт» деп білген жұрт оған қонағасы беріп, мейман ететін дәстүр қалыптасады.
Күндер өтіп сары құстың атағы ат жетер жерге жайылады. Бірде Тіней құсбегі салбурынның соңғы қызығын көрмек болып аңға шығады. Биікке шығып томаға тартқаны сол еді, қолындағы құсы тілеп ұшады да бір терең шатқалдың үстіне барып тік шаншылып құлдилап кетеді. Тіней атымен шауып жетсе, шатқалдың іші астан-кестең. Найзағай жарқылдап, сарала сағым ойнайды. Барайын деп ұмтылса астындағы құла аты ышқынып үркіп, апыр-топырдың маңына баспайды. Кешікпей күн ұясына батып, жұлдыз жамырап, жер жаһанды қараңғылық бүркейді.
Ертеңінде таңсәріде Тіней ел-жұртты жинап барса, сары құс тастың үстінде түк болмағандай таранып отыр. Сөйтсе, адам бармайтын терең шатқалда алып жылан бар екен бүркіт соған барып түскен де оны өлтіріп, басын мүжіп тояттап отырған түрі. Айдаһардың жайрап жатқан жемтігін көрген жұрт еріксіз таңдай қағады.
Сары құстың арқасында Тінейдің де атағы аспандайды. Бірақ жазымыштан озмыш жоқ, құсбегі кенет айықпас дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Дауасыз дертке тап болғанын сезген құсбегі, туған-туыстарымен арыздасып: «Мен өлген соң жаназама сойылған жылқының қазысын сары құсқа жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя беріңдер» деп көз жұмады.
Құсбегінің өсиеті бойынша ел сары құстың аяқ бауын алып, бостандыққа қоя береді. Бүркіт самғап ұшып, ақша бұлтқа сіңіп көзден ғайып болады. Келесі жылы ел-жұрт жиналып Тінейге ас береді. Сол сәтте ақша бұлтты қақ жарып сорғалап жеткен сары құс жер ошақтың басына келіп қонады. Жер ошақтың басындағылар оған асқа сойған жылқының өкпесін лақтырады. Оны іліп алып аспанға көтерілген бүркіт әбден биіктеп алған соң шеңгеліндегі өкпені жемей жерге тастай салады. Шырқау көкте қалықтап әрі-бері ұшады. Кенет қанатын қомдап, ас беріп жатқан ауылдың шетіндегі зиратқа қарай атқан оқтай шүйіледі. Тарс еткен дыбыс, бұрқ етіп көкке көтерілген шаңнан кейін, жиналған қауым зират жаққа жүгіреді. Олар Тінейдің зиратына соғылып өлген сары құстың талқаны шыққан жемтігін көрді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»