Баланың қуанышына шаттанған ата-ананың туған перзентінен малы түгіл шыбын жанын да аяп қалмасы анық. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, той туралы әңгіме жүдә көп. Тіпті қазір тым даңғазалыққа ұрынбас үшін жер-жерде мұнымен тікелей айналысатын белсенділер пайда бола бастады. Жақында той өткізу үлгілерінің сондай жаңадан жазылған сценарийлерінің бірімен танысудың сәті түсті. Әлгі жанашыр бұл идеяның қалай туғанын айтып берді.
– Жақында ауылдағы бір ағайыным Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлының қуанышына ұлан-асыр той жасады. Той өзіміз ойлағандай өтті! Обалына не керек, әнші, биші, күйші, тіпті сайқымазақтарға дейін өнер көрсетті. Былай қарасаң, пәлендей мін жоқ. Алайда айтпағым, осы тойдан көрген-түйген әсерім туралы еді. Қазақ тойды ежелден «халықтың байлығы» деп бағалаған ғой. Өйткені көптеген салт-дәстүрлеріміз осы тойдың үстінде жарқырай насихатталып, жаныңа шуақ себелейді. Дейміз-ау. Бірақ қазіргі қазақтың тойларында кісі шошырлық даңғазалық белең алып бара жатқандай көрінеді. Сондай келеңсіздікке қалай жол беріледі деп ойша саралай келгенде, мұның бір ұшы асабалардың шикілігіне келіп тірелетіні аңғарылды, – деп әңгімесін қорытты автор. Қарызданып-қауғаланып өткізетін қазекеңнің тойлары түпсіз терең мұхит сияқты өз алдына бір зерттелмеген ғаламат әлем-ау демеске лажың қалмайды. Мұндайда қазақтың тойына жұмсалатын шығынды естіген бір шетелдік қандасымыздың есінен тана жаздап айтқан мына бір әңгімесі еріксіз жадымызға оралады.
Түркиядан Парижге қоныс аударған Түркістан есімді ақсақал аспай-саспай сөз бастады:
– «Қазақтың осыншама кең шалқар шұрайлы даласы бола тұра ана өркениетті елдер сияқты шылқыған байлыққа кенелуіне не тосқауыл?» деп, отандастарымның тұрмысына егжей-тегжейлі үңіле келгенде, еңсесін тіктеуіне кедергі келтіріп отырған басты кілтипан ысырапшылдыққа көбірек жол беріліп жататындығында екенін байқадым. Айлап, жылдап маңдайтермен тапқан ақшаны бір күнде суша шаша саласыңдар. Сұмдық-ай! Соның бәрін мақтаныш үшін істейді дегенде төбе шашым тік тұрды. Сол рас па?, – деп соңғы сөзді менен күтті. Атажұртты аңсаған ағайынның айтып отырған сөзінің бір жағынан жаны бар.
«Тойға жұмсалатын қаржыны одан да баланың келешегіне, қатарынан қалмай білім алуына, отбасын құрып жатқан жастардың үй сатып алуына, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне жұмсалса, әлдеқайда тиімді ұсыныс емес пе?» дегені, есті жұрт есебін ешкімге жегізбейтін мына қоғамда қазекем үшін де дандайсымай, дәстүр құндылықтарына жаңа заман қағидасы тұрғысынан қарайтын кез жеткенін меңзегені өте орынды, әрине.
Үнемшіл бол, ысырапқа жол берме дегені құптарлық. Алайда жақсылығын, қуанышын көпшілікпен бөліспей тұра алмайтын кеңпейіл қазағымның қасиетті қазынасы туралы ойымызды «той қазаққа керек пе, жоқ па?» деген сипатта емес, асаба мәдениетіне қатысты қозғасақ па дейміз. Өйткені тойдың мазмұнды өтуі үшін асабаға айтарлықтай жауапкершілік жүктелері белгілі. Жиналған жәмиғат төрт-бес сағат тырп етпей, асабаның айдауына еріп, айтқанына көнулері тиіс. Қараша қауым қолына сондай жауапты кілтті мұқият сеніп тапсырғандықтан бұл шіркіндер өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарса ғой. Дейсіз. Елдікке көлеңке түсірмеуді, құндылыққа құрмет көрсетілуді тілейсіз. Әттең, бірақ соңғы уақытта әлеуметтік желіден көріп жүргеніміздей, үлбіреген сол үмітіңізді бір оспадар ой үзіп жібере жаздайды. Сөйтсек, ұлттық тәлім-тәрбиенің ұлағатты мектебі саналатын тойымызды, асаба мәдениетін бір сәт сыни көзбен қадағалап, ұдайы бақылауда ұстамасақ, жастарды азғындыққа ұрындырып, бетімен кетіретін ағаттықтар осы жерде тамыр жайып жатқандай сезіледі екен-ау. Бұл жай бос дабыл емес. Бейнетаспаға басылып, әлеуметтік желі арқылы тараған мұндай сорақы әрекеттер мен қазақы қалыбымызға жараспайтын өрескел ойындарға қарадай қысыласың. Қазақы менталитетімізбен үндеспейтін ондай олқы үлгілерді ерсілікке жатқызбай, үн-түнсіз орындай беруге бейілді қалың нөпірді мұндайда кінәлаудың өзі бір түрлі. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін қайран, қазағыма қазір өзінің кемшілігін, тойдың көлеңкелі тұстарын кең жаһанға жариялап, дүние назарына қымсынбай ұсынуы түк айып болмай қалғаны қынжылтады.
Әрине, барлық тойлар көңілден шықпайды, асабалардың бәрі сондай, мәдениеттен жұрдай демейміз. Кейбір тойлардан мысалы, өзіңді ұшқан құстай тым жеңіл сезініп қайтатының рас. Көпке дейін әсем әннің әсері санаңызда самала сәуле шашып, жаның жауһазындай ашылады. Мына тойдың асабасы «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат екен, тойды тамаша жүргізді, атасына рахмет деген тілек тіл ұшына оралады... Ал енді кейбір тойларда асабалардың үлкен-кішіні мазаққа айналдырып, әжуалап, әжімді әжелерді мысқылдап, ақ самайлы аталарды абдыратып, жөн-жосықсыз қалжыңдап, жұртты күлдіремін деп, арзан ыржақ пен қылжаққа басып, бейәдеп анекдоттарды есе жөнелетіні ұят-ақ... Жылдар бойы күткен тойың орынсыз бекер, мал шашпақпен, оспадар ойын-күлкімен орашолақ өте шықса, одан асқан қандай қорлық бар?!
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»