• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2018

Бауыржан Халиолланың «Жан тебіренісі» кітабының тұсауы кесілді

638 рет
көрсетілді

Орал қаласында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла «Жан тебіреніс» атты жаңа кітабын оқырман қауымға ұсынды. Жаңа жыр жинағының таныстырылымы Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтті.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Айтыс ақындары мен жыршылардың, термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Халиолланың бұл кітабы жақында Алматы қаласынан жарық көрген. Кітаптың тұсаукесер салтанатында Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының және Шолохов атындағы халықаралық әдебиет сыйлығының иегері, жазушы Сәбит Досанов сөз алып, жас ақынның иығына шапан жапты. Айтыс сахнасында да, жазба поэзияда да өз өрнегін салып жүрген ақын шығармашылығына табыс тіледі.

Кешті Бауыржанның сыныптас досы, белгілі ақын Талант Арғынғали жүргізді. Көрермен қауым кеш иесінің ақындық қырынан бөлек, сазгерлік қабілетіне де қол соқты. Өйткені кеш бойына әнін де, сөзін де Бауыржан Халиолла жазған әндер мен толғаулар орындалып, шараның шырайын кіргізе түсті.

Бауыржанның кешіне көршілес Атырау өңірінен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Саламат Сабыр бастаған делегация арнайы келіп, қошемет көрсетті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан кеш иесін құттықтады.

Айта кетейік, Бауыржан Халиолланың бұған дейін «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн»(2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтары жарық көрген болатын.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»