Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы әуелі экономика, содан соң саясат бағытын алға қойды. Егемен еліміздің кейінгі даму кезеңдері бұл ұстанымның дұрыстығы мен өміршеңдігін дәлелдеп берді. Ел экономикасын дамыту туралы әңгіме қозғаған кезде оның бойына нәр жүгіртетін қаржы жүйесін айналып өтпеу еш мүмкін емес. Бейнелеп айтқанда, аталмыш жүйе экономиканың қан тамырлары іспеттес. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қаржы жүйесі де толық қалыптасып үлгеріп, ел экономикасының одан әрі дамуына қомақты үлесін қоса бастады. Тіпті бүгінде қаржыгерлердің қатысуынсыз экономиканың бірде бір саласының толыққанды қызметін көзге елестету қиын-ақ.
Бір сөзбен айтқанда, қаржы саласын реформалау кезеңі жас мемлекет үшін ауыр сынақ қана болып қойған жоқ, сонымен бірге белгілі бір табыстарға жету жылдары болды. Осылайша қысқа тарихи мерзім аралығында экономикалық тоқырауды қалпына келтіріп қоймай оны одан әрі жедел түрде дамытудың негіздері қаланды. Осынау ауқымды мемлекеттік істің алға басуына республика өңірлерінің қосқан үлестері айтарлықтай. Бұған елдің шалғай аймақтарының бірі Батыс Қазақстан облысынан бірер мысал келтірудің де орайы келіп тұрғандай.
Егер 2000 жылы облыс бюджеті небәрі 11 миллиард теңгені құраса, өткен 2010 жылы бұл мөлшер 105,9 миллиард теңгеге көтерілді. Яғни мұның өзі өңір бюджеті он жылдың ішінде он есеге жуық өсті деген сөз. Соның ішінде бұл қомақты бюджет қаражатының 21,1 және 29,8 пайызы денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға бөлінгенін айта кеткен жөн. Осынау деректер мен дәйектер батысқазақстандық қаржыгерлердің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айғақтай алатыны аян.
Сонымен бірге, бұл табыстарда қаржы саласының жілік майын шағып ішкен іскер де кәсіби деңгейі жоғары басшы кадрлардың үлесі бар екені анық. Әрі олардың қызметіне тұрақтылық пен орнықтылық секілді сипаттар тән демекпіз. Тәуелсіздіктің жиырма жылында өңірдің қаржы саласын Жеңіс Рахымбеков пен Асқар Хамитов басқарып келген. Ең бастысы олар облыс бюджетінің әлеуметтік бағдарға қарай бет түзеуіне көңіл аударғаны атап айтуға тұрарлық мәселе.
– Тәуелсіздіктің елең алаңында орын алған қиыншылықтар ұмытылмақ емес. Одақтық мемлекеттің экономикасына негізделген өнеркәсіп өз қызметін тоқтатты. Кеңестік жүйедегі совхоздар мен колхоздар таратылды. Өйткені, олар ұзақ жылдар бойы аса қомақты мемлекеттік дотацияның көмегімен күн кешіп келген-ді. Қызметке қабілетті тұрғындардың басым бөлігі алғашқы кезде жұмыссыздықтың қамытына мойын ұсынды. Жасыратыны жоқ бұл кезеңде зейнетақы мен еңбекақыны төлеу мерзімі бірнеше айларға дейін созылып кетті. Өйткені, сол тұста ел мен облыс бюджетінің мүмкіндігі тым шектеулі болатын. Тек Елбасы мен оның серіктерінің сол тұстағы мықты ерік-жігері мен өлшеусіз еңбектерінің нәтижесінде бұл көңілсіз көріністер келмеске кетті. Қысқа уақыт ішінде шетелдік инвестиция ел экономикасына қызмет жасай бастады. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы нарықтық экономика талаптарына сай қайта жаңғыртылды. Босап қалған дүкен сөрелері азық-түлік пен өндірістік тауар түрлеріне тола бастады. Ел тұрғындарының Қазақстанның келешегіне деген сенімі осылай орнықты, деді бізге осы материалды газетке әзірлеу барысында Батыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы Асқар Хамитов.
Иә, басқарма басшысы атап көрсеткендей, ел тұрғындары тәуелсіздік сынына үлкен абыроймен төтеп бергені белгілі. Ең бастысы, қазақстандықтар сындарлы сәтте өздерінің мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сенді деп айқын тұжырым жасауға болады. Тәуелсіздік сыны кез келген уақытта, кез келген жағдайда алдымыздан шығып отыратыны да ақиқат. Сондай төтенше сынның бірі – биылғы көктемде Ақжайықта орын алған алапат су тасқыны. Бұл шақ облыстың қаржы жүйесіне де өз сынын тосып тұрған еді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев бұл жөнінде тың да тосын деректерді алға тартты.
Тасқынға байланысты облыстағы қаржы жүйесінің қызметі де аяқ астынан күрделеніп сала берді. Төлемдерді уақытында төлеу, оның аяқасты болуына жол бермеу, баланстарды құрастыру, қаржы саласындағы өзге де иірімі мол операциялар әрбір қаржыгерден жеделдік пен ұқыптылықты әрі кәсіби шеберлікті талап етті. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, тиісті тәртіп бойынша мемлекеттен бөлінетін бірқатар қаржылай көмектердің өңірге келу мерзімі кешеуілдеп жатты. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, облыстың қаржы жүйесі ілкімділік танытты, дейді ол.
Иә, тұтастай қазақстандық қаржы жүйесінің бір бөлшегі іспеттес батысқазақстандық қаржыгерлер егемендік сынына қабақ шытпай, оған өздерінің табандылығы мен кәсіби шеберліктерін қарсы қойып келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН.Батыс Қазақстан облысы.