Соңғы кездері қоғамда белең алып, арқамызға аяздай батқан ұстаздарға деген теріс көзқарас, ұстаздардың бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Парламент депутаттарынан өздерін оқушылар мен ата-аналардан қорғауды сұраған жанайқайы біздің Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа депутаттық сауалмен қайрылуымызға себеп болды.
Қазір мемлекет мұғалімдерді жан-жақты қолдау шараларын жүргізу үстінде. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес Үкімет мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейту туралы жақын арада арнайы қаулы шығарды. Солай болғанымен қазақстандық ұстаздар білім саласындағы шенеуніктерден, ата-аналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушылар тарапынан кейбір қысымшылықтар көріп жүргенін айтпауға болмай отыр. Кейбір ата-аналар тарапынан ұстаздарға тіл тигізу, тіпті балаларының тәрбиесіздігіне кінәлау сияқты әрекеттер жиі болатынын бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз.
Ұстаз деген мәртебелі мамандықтың бүгінгі күні құнсыздануы өкінішті-ақ. Ата-аналардың балаларының көзінше мұғалімдерге дөрекі сөздер айтуы – жас жеткіншектің алдында ұстаз беделін айрандай төгеді. Мұғалім – қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналады. Қазіргі кезде диктафон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылардың мұғалімдер беделін түсіруі жиілеп кетті.
Біз осындай жағдайларды ескере отырып, мұғалім мәртебесін қорғау үшін Үкімет тарапынан төмендегідей кешенді іс-шаралар қолға алынуын сұрадық:
1. Қазіргі таңда ресейліктер ұстаздардың қорғалуына кепілдік беретін заң енгізуді талқылап, ұсыныстар дайындауда. Жобада педагогикалық қызметкерлерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық, сонымен қатар оның ар-ожданына тию, билік өкілдеріне жасалған зорлық-зомбылықпен пара-пар болып есептелінсін делінген. Осы тәжірибе бізде де қолданылса.
2. Мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Мектептердің де мемлекеттік мекеме екендігін ескере отырып, оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге оқу процесі кезінде мектепте интернет-модульдері мен фото-видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануға шектеу қойса.
3. Қазіргі кезде орта білім беру мекемелерінде қызмет ететін ер-азаматтардың үлес салмағы небәрі 18% болғандықтан, оқушы ер балаларымыз қыз мінезді болып барады деген пікірлер айтылып жүр. Осыған орай, ЖОО-дағы арнайы педагогикалық мамандықтарға ер-азаматтардың қабылдануына арнайы жеңілдіктер тетігі қарастырылса.
Ұстаздардың ар-ожданын қорғауға, беделін арттыруға бағытталған осы уәждерді ескеріп, Үкімет кешенді шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тапсырма береді деген үміттеміз.
Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты