ШЕКАРАДАҒЫ «ДАУЛЫ» УЧАСКЕЛЕР ҚАЛАЙ ШЕШІЛДІ?
Қазақстан Республикасы шекаралас мемлекеттер – Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен арадағы мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерістерін аяқтағанына жеті жылға жуықтады. Еліміз үшін шекараны халықаралық құқықтық негізде белгілеу жеңіл болмады. Қазақстан тарапы аса өзекті әрі өткір бұл мәселелерге байланысты көрші елдердің әрбірімен қиындыққа толы көптеген екіжақты келіссөздер жүргізіп, ел мүддесін қорғады. Нәтижесінде еліміз шекаралас мемлекеттердің әрқайсысымен жеке-жеке мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойды.
Мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісі ойдағыдай жүзеге асырылғанымен, шекараның өту сызығын белгілеу барысында ерекше назар аударуды, барынша талдап-таразылауды қажет ететін «даулы» учаскелер де кездесті. Деректерге қарағанда, сол кездері осындай «даулы» учаскелерге Қазақстан – Қытай шекарасындағы Сарышілде өзені ауданындағы учаске, Шағаноба және Баймырза асулары ауданындағы учаске, сондай-ақ Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы Арнасай бөгеті, Бағыс кенті мен Түркістан кенті жатқызылған.
Елдердің мемлекеттік шекараларының сызығы өтуге тиіс екі аралықтағы аталған жер учаскелері қалай бөлінді? Алдымен Қазақстан – Қытай шекарасындағы «даулы» деп танылған учаскелердің бөлінісіне тоқталайық. Ол үшін 1998 жылдың 4 шілдесінде Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісімді негізге алғанымыз жөн. Өйткені, ерекше маңызды бұл құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау (Қазақстан, Қытай және Қырғыз республикалары арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін қоспағанда) үдерісінің толық аяқталғанын паш етеді.
Шекараны делимитациялау кезіндегі екіжақты келіссөздерде пікірталасқа өзек болған жерлердің бірі – Сарышілде өзені ауданындағы жалпы алаңы 315 шаршы шақырымға жуықтайтын учаске болды. Оның оңтүстік-шығыс жартысында шабындық пен жекелеген орман алқаптары орналасқан. Жол жүйесі нашар дамыған, тұрақты тұрғындары жоқ. Шолақ асуынан бастап Сарышілде өзеніне дейін учаскенің бір бөлігін қазақстандық тарап шөп дайындау үшін және малдың маусымдық жайылымы ретінде пайдаланып келген. Қол қойылған келісім бойынша осы учаскенің Қазақстан аумағына Сарышілденің шығыс бастауынан Черемховая өзенімен қосылатын жерге дейін өзеннің сол жағалауындағы аймақ, сондай-ақ Черемховая өзенінің бүкіл арнасын және Шолақ (Содабань) асуының ауданын қамтитын жерлер бекітілген. Бұл жерлердің жалпы көлемі 95 шаршы шақырымды құрайды. Осыған байланысты Қазақстан шегінде шаруашылық жүргізудің дәстүрлі аймақтары, мал жайылымы, шабындықтар мен орман алқаптарының бір бөлігі сақталғанын атап өтуіміз керек. Ал Қытай жағына Сарышілде өзенінің оң жағалауын және Құлағансай жылғасының сол жақ саласындағы ауданды қамтитын аумақ тиесілі деп шешілді.
Осы Сарышілде учаскесіне қатысты кезінде Қазақстан тарапына арагідік сын пікірлер де айтылған болатын. Кейін белгілі болғанындай, ол пікірлер дәлелсіз болып шықты. Себебі, шекараны делимитациялау мәселелеріне байланысты келіссөздерде қытайлықтар өткен ғасырдағы шарттық құжаттарды негіз етіп алған. Мысалы, осы учаскедегі шекара 1864 жылғы Чугучак хаттамасының 3-бабында «Алтан – Тэбши» тауының шығыс жағындағы шекара аяғынан батысқа қарай ортақ атпен Алатау деп аталатын таудың үлкен жотасы бойынша, атап айтқанда, Алтан – Тэбши, Содабань... және басқа да тау шыңдары бойынша жүреді. Осы кеңістіктегі оңтүстікке қарай ағатын өзендер, жерлер Қытайға бөлінсін» деп көрсетіліпті.
Ал тағы бір «даулы» учаске деп танылған Шағаноба және Баймырза асуларындағы жерлерге келсек, оның жалпы аумағы 629 шаршы шақырымға жуық. Бұл жерлердің басым көпшілігі, яғни 442 шаршы шақырымы Қазақстан жағына бекітілді. Олар батыстан Шағаноба асуына дейін Сауыр жотасының оңтүстік баурайын, Жүректау алқабын және салаларымен қоса Шағаноба мен Керегетас өзендерінің аңғарларын алып жатқан аймақтар. Бұл мәселелерде қазақстандық тараптың анағұрлым жеткілікті де бұлтартпайтын дәлелдемелері ескерілгенін баса айтпақпыз. Сонымен қатар, еліміздің шегінде екі шекаралық застава мен орман шаруашылығы, бүкіл орман алқабы және мал шаруашылығы аудандарының көпшілігі сақталып отыр. Қытай жағына Адырбай мен Талдыайрық өзендерінің жоғарғы ағыстарының аңғарлары, Баймырза асуы ауданындағы Тарбағатай жотасының оңтүстік баурайын қамтитын аумақ өтті. Бұлардың жалпы алаңы 187 шаршы шақырымды құрайды.
Осылайша біздің еліміз көрші Қытай елімен екіжақты тиімді келіссөздер жүргізу арқылы келісілмеген екі учаскені құқықтық тұрғыда реттеп және белгілеп алған еді. Бұл «даулы» учаскелердің жалпы аумағы шамамен 944 шаршы шақырымдай екен. Оның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9 пайызы Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1 пайызы Қытайға тиесілі деп табылды.
Ал Қазақстан мен Өзбекстан шекараларындағы «даулы» учаскелерге келсек, оның бірі – Арнасай бөгетіне байланысты туындады. Өйткені, карталарды зерттеу, салыстыру кезінде Арнасай бөгетінің су бассейні біздің еліміздің аумағында, ал гидрожүйелер Өзбекстан аумағында қалатындай етіп бөлінетінін көрсетті. Шынында да бір су қоймасын екіге бөліп, аралығынан шекара сызығын жүргізу екі жаққа да тиімсіз еді. Қазақстан тарапы бөгетті толығымен Қазақстан шегінде қалдыруды ұсынды, бұған өзбекстандықтар көпке дейін келіспеді. Ақыры бұл проблемаға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев араласып, бүкіл Арнасай бөгеті бір гидротехникалық торап ретінде Қазақстан аумағында қалатындай етіп, шекараның жаңа сызығын жүргізу қажеттілігіне Өзбекстан басшысының көзін жеткізген-ді. Бүгінде Арнасай су қоймасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы стратегиялық маңызы бар нысанның біріне айналғандығын қазақстандықтар жақсы біледі.
Сол жылдары тағы бір «даулы» учаскелер – шекараға жапсарлас орналасқан Бағыс пен Түркістан кенттері төңірегінде өршіген еді. Себебі, алғашында Бағыс кентінің өзін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әкімшілік-аумақтық шекара екіге бөліп тастады. Ал бір-бірінен бес-алты шақырымдай қашықтықта орналасқан Бағыс пен Түркістан (бұл елді мекен Өзбекстан шегінде жатыр) кенттерінің тұрғындары Қазақстан Үкіметінен шекараны делимитациялау кезінде екі кентті де Қазақстан аумағында қалдыруды талап етумен болғандары есімізде. Қазақстандық делегация екіге бөлініп кетуі ықтимал бүкіл Бағыс кентін және оған жапсарлас жатқан жерлер Қазақстан аумағында қалуы үшін шекара сызығының өтуін нақтылауды ұсынды. Өзбекстандықтар болса, өздерінің Бағыс туралы ешқандай да талабы жоқ екенін ашық білдіре келіп, Түркістан кенті Өзбекстан аумағында қалуы тиіс деген ұстанымдарынан ауытқымады. Сөйтіп, келіссөздер нәтижесінде Бағыс туралы мәселе оң шешілді – Бағыс кенті жапсарлас жатқан жерлерімен Қазақстан жағында қалды.
Осы «даулы» учаскелерге қатысты мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатқан кезде қазақстандықтарды қайран қалдырған келеңсіз жағдайлар да болды. Мысалы, жер бөлінісіне байланысты дау-дамай белең алып тұрған шақта Бағыс елді мекенінің тұрғындары өз алдына «Бағыс республикасын» жариялап, тіпті оның «президентін» сайлап та жіберген еді.
Мемлекттік шекараға байланысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрықша орын алады. Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шектес мемлекеттермен арадағы шекараны делимитациялауға ерекше назар аударып, оны ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп бергені сондықтан. Ал кезінде шекарада «даулы» деп танылған учаскелер екі тараптың жүргізген келіссөздері бойынша ойдағыдай шешімін тапты. Дәлірек айтқанда, есеміз кетпеді, еңсеміз түспеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.