Бәрін де өз басымнан кешкен соң ештеңе де ұмытылмайды. Сонау… Егемендік туралы Декларация қабылданған жылдардан бергі барлық оқиға көз алдымда. Сол кездерден бері үзіліссіз депутат болып келе жатқан мен ғана болғандықтан, бәрін де айтып бере аламын. Шу дегеннен осы Декларацияны қабылдау кезінде қызу таластар, қатты айқастар өрістеді. Декларацияда қабылданған мәселелердің кейінгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін мәні өте зор болды. Үлкен дау “Қазақстан – ұлттық мемлекет” деген атаудан басталған еді. Сосын “Қазақстан мемлекеті – унитарлы, біртұтас ел” деген, Қазақстанда Президент қазақ халқының өкілі болуы керек және “Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деген мәселелер қатты пікірталастар, даулар тудырды. Әсіресе, Тәуелсіздік туралы заң қабылдағанда осы мәселелердің айналасында үлкен пікірсайыстар болды. Жан алып, жан беріскен сәттерді бастан кештік. Сол кезде депутаттар корпусында бұрынғы билік орындарында, партия, комсомолда қызметтерде жүріп, империялық идеологияны әбден сіңіргендер мен кәсіпорындардың орыстілді басшылары – “қызыл директорлар” көп болды. Олардың көбі “ұлттық” дегенді тіпті естіп көрмеген секілді, жандары түршігіп, осы сөзге көп қарсылық танытты. Біздің “ұлттық мемлекет” деп айтқанымыз оларға түсініксіз тәрізді көрінді және оны түсіндіру де оңайға түспеді. “Қайдағы ұлттық мемлекет”, “бұл ұлтшылдық, ондайға жібермейміз”, “біз тек қана азаматтық қоғам құруымыз керек, ешқандай ұлттық мемлекет деген болмайды” деп шапшып, бізді айыптап “не деген сұмдық, мұны шығарып отырғандар ұлтшылдар” деп даурықты.
Сондайда – Қазақстандағы негізгі халық қазақ екенін, басқа халықтардың өздерінің ұлттары бар екенін, мәселен, орыстардың негізгі ұлты Ресейде, немістердің ұлты Германияда екенін түсіндірдік. Ал бұл жердегі тұратын қазақ ұлты да, басқалар – әр ұлттың өкілдері. Олар көп болуы, аз болуы мүмкін, бірақ бәрібір бұлар басқа ұлттардың өкілдері немесе диаспорасы екенін теориялық жағынан дәлелдеп, бұлтартпау керек болды, солай жасадық та.
Жабайхан ӘБДІЛДИН, академик.