• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Наурыз, 2018

Транзит саласындағы ынтымақтастық артады

335 рет
көрсетілді

 

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда екі мәселе қаралды.

Жалпы отырысты ашқан палата Төрағасы Н.Нығматулин екі күн бұрын жарияланған Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың та­ри­хи оқиға болған «Бес әлеумет­тік бастама» атты Үндеуі­нің ма­ңызына тоқталып, оның елі­міздің дамуына жаңа серпін бе­­ретінін атап өтті. Әлеумет­тік бастамалар барлық қазақ­стан­­дық­тардың қолдауына ие бол­­ғаны белгілі болып отыр. Де­пу­тат­тар корпусының міндеті – осы бастамаларды іске асыру­ды қамтамасыз ететін сапалы заң­дарды қабылдау. Біздің осы ке­зеңдегі жұмысымыздың басым бағыты да сол болады, деді Төраға.

Одан әрі Н.Нығматулин күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. Бірінші болып қаралған Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жө­ніндегі іс-қимылға АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақ­стан аумағы арқылы өтетін арнайы жүктің коммерциялық те­мір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы жөнінде Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов баяндама жасады. Елбасының әлеуметтік бастамалары халықаралық аренада да толық қолдау тауып отыр. Оған Қазақстан мен Аме­рика арасындағы стра­те­гия­лық әріптестіктің қарқынды дамуы дәлел бола алады. Қ.Әбді­рах­манов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында АҚШ-қа жасаған сапары барысында екі ел арасындағы қарым-қаты­насты кеңей­тілген страте­гиялық әріптес­тік деңгейіне жо­ғарылату туралы бірлескен мәлім­деме қабыл­дан­ғанын еске салды. Келіссөз­дер барысын­да Ау­ған­станда­ғы ахуалды тұ­рақ­тандыру Вашинг­тон­ның сырт­қы саясатын­дағы ба­сым­дық­тардың бірі бо­лып та­была­тыны ескеріліп, Қазақ­стан­ның өңірлік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мақсатында АҚШ-пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша уағда­ластыққа қол жеткізгені айтыл­ды. Ауғанстанға логисти­калық жәрдем беру, сондай-ақ гуманитарлық көмекке жол ашуды күшейтуге үлес қосқа­ны үшін АҚШ президенті Д.Трамп Н.Назарбаевқа риза­шы­лығын білдірді, дей келіп Қ.Әбдірахманов АҚШ-тың өт­кен жылы Ауғанстанға арнайы жүктерді тасымалдау бағытына өзгеріс енгізілуіне байланысты бізге өтініш жасағанын жеткізді. Атап айтқанда америкалық тарап арнайы жүктерін Ауғанстанға тасымалдауға Ақтау және Құ­рық порттарын енгізуді ұсын­ған. Ол Әзербайжан арқылы келген жүктерді одан әрі темір­ жол арқылы Ауғанстанға жет­кі­зуге мүмкіндік береді. Осы хат­тамаға өткен жылдың 21 қыр­күйе­гінде Нью-Йорк қаласында қол қойылып, ол арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық транзиті үшін Ақтау және Құрық порттарын қол­дануға жол ашады және Қа­зақстан мүдделеріне толық­тай сәйкес келеді, еліміздің логис­тикалық инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады, дей келіп министр заң жобасының осы хаттаманы ратификациялайтынын айтты.

Заң жобасы бойынша баян­дамашыға бірнеше депутат сұрақ қойды. Соның ішінде депутат Амангелді Дәуренбаев Қазақстанның Ауғанстандағы тұрақтылықты дамытуға тағы да қандай көмектер көрсетіп жатқаны туралы сұрады. Оған Қазақстанның тұрақты негізде гуманитарлық көмек көрсетіп жатқандығы, соның ішінде ЖОО-ларымызда бір мыңнан астам жастың 50 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражатқа тегін оқытылғаны, ал қазір еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде де тұрақтылықты негіздеуге біршама жұмыстар атқарып жатқаны айтылды. Депутат Жанат Жарасов Инвестициялар және даму министрлігінің өкіліне сұрақ беріп, жүк және персонал транзиті үшін Қазақстан тарабы қандай тарифпен қанша қаражат табатынын сұрады. Оған бірінші вице-министр Роман Скляр жауап беріп, келісім күшіне енгеннен бері 700-ден артық контейнер өткендігін және ол үшін Қазақстан тарабы 200 млн теңгедей табыс тапқанын айтты.

Қосымша баяндама жасаған депутат Бақытжан Ертаев заң жобасын мақұлдау туралы ұсыныс енгізді. Талқылауға қатысқан депутат Қуаныш Сұлтанов та заң жобасын қолдаған соң ол бірауыздан мақұлданды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы үкі­меттері арасындағы дипло­ма­тиялық өкілдіктердің ғимарат­тарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылауға арналды. Бұл заң жобасы бойынша да баяндаманы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жасады. Келісімге сәйкес, Тәжікстан тарабы Қазақстан Республикасы елшілігінің ғимаратын салу үшін Душанбе қаласындағы И.Сомони даңғылының бойынан 1 га жер учаскесін 49 жыл мер­зімге 1 сомони мөлшеріндегі жал­дау ақысымен, ал Қазақстан тара­бы Тәжікстанға Астанадағы Ш.Қал­даяқов атындағы көшеден 1 га жер учаскесін 49 жыл мерзімге 1 теңге мөлшеріндегі жалдау ақысымен пайдалануға береді.

Заң жобасы шағын тал­қы­лаудан кейін бірауыздан ма­құлданды. Күн тәртібіндегі мә­селелер қаралып болған соң депутаттар орталық мемлекеттік органдарға өздерінің сауалдарын жариялады.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»