Тіл мен сөз өнері, ақындық пен жазушылық, хакім Абайдың пайымына жүгінгенде, дертпен тең, көк бұлттан ашылған, Тәңірінің берген өнері, табиғаттың тартқан өзгеше сыйы дейміз. Бұл бір құдіреттің күшімен дарыған ерекше қасиет. Туабітті талант иесінің жан-жүрегі пәк сезімдерге шүпілдеп, нұрлы сәулелерге шомылып, ізгіліктің қайнарындай, жақсылықтың жайлауындай жадыратары бар.
Қаламгер қауым арқалаған міндет-миссия, парыз-жауапкершілік жүгі де аса салмақты. Суреткерлік шабытты толғаныстың «көкала бұлты сөгіліп», ой-сана аспанының қара бұлты егіліп, селдетіп төгілгенде ғажап әдеби туындылар дүниеге келеді. Олар адамдарды қуантады, мұңайтады, оқырманды толғандырады, ойландырады. Ал осы «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімді, еркеленіп шыққан сөзді» өмірге келтірер жазушының жан сарайы, ақынның жүрек тебіренісі қандай болмақ керек?
Жарқыраған күндей нұрлы, тұма бұлақтай мөлдір, таңғы шықтай таза жан сарайынсыз жазушы боламын деу де бос әурешілік. Себебі әдебиет – халық өмірінің айнасы, асқақ мұраттардың жаршысы. Олай болса, жазушылық тауқыметті еңбекте «Кірлеген жүрек өз ішін, Тұра алмас әсте жуынбай». Қайран Қасым ақынның кеңестік қапаста еркін тынысқа зар болған кездерде: «Күлемін де жылаймын, Жылаймын да күлемін. Неге ғана бұлаймын? Өзім ғана білемін»деп шерлене күңіренетіні де содан еді. Иә, сөз киесі, қалай болғанда да, қасиетті қалам иелерінің қай кезде де ауық-ауық «алды-артына қаранып, дүние кірін жуынып», көңілден пендешіліктің де кірбіңін кетіріп тұруды талап етері хақ. Онсыз мәртебелі Әдебиет үйінің есігі кім-кімге болсын тарс жабық.
Осы тұрғыдан келгенде өзі де ғажап жазушы, ғұлама ұстаз Зейнолла Қабдоловтың: «Әдебиет – ардың ісі» деген аталы сөзінің астарына бойламақ абзал. Ау, әдебиет алдындағы, сол әдебиет қызмет ететін қазақ деген халық алдындағы Ар-ожданына әрбір қалам ұстаушы ағайын анда-санда есеп беріп тұрсақ болмас па? Қазіргі тірлігіміз, ірілігіміз атағынан ат үркетін ақын-жазушы деген ардақты атымызға лайық па? Тым майда турап, ұсақтап бара жатқан жоқпыз ба? Бұрынғы дүйім дүниеге кеткен айбарлы даңқымыздан құр дақпырт, бос дабыра ғана қалған жоқ па? Жиынды жерде аталы, ақылды, тәлімді сөзді айта алмай, қуыс көкіректеніп қаңғырлап қалған жоқпыз ба? Осы жағына бір ой жүгіртейінші. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп ұлы жырау айтқандай, бүйте берсек, бірлік пен берекеден мүлдем ажырап, сөзіміз бен іс-әрекетіміз одан әрі қожырап, Жазушылар одағы деп аталатын қасиетті ордамызды түбінде құлатып тынбайық.
Пушкин өлгенде жас Лермонтов «Ақын өлді, ардың құлы құлады» деп налалы запыранын төккен екен. Бұл арадағы ар – әдебиет деп аталатын киелі ұғым, қасиетті әлем. Нағыз ақын-жазушы әдебиетке, әдебиеттің Ар атты патшасына құлдай қызмет етуі тиіс. Иә, жаңылыс айтқан жоқпыз, әдебиеттің патшасы – Ар. Қалам ұстағандардың баршасы нақ осы патшаға адалдықтан жазбауы тиіс. Көркем әдебиет те халықтың жаны десек, әдебиет алдындағы жауапкершілік Ар алдындағы жауапкершілікпен тең. Ар алдында тұрғанда өзін дар алдында тұрғандай сезінетін, әдеби ортада әділ турашылдығымен асқақ қалпын сақтап өткен Сәкен Иманасовтай иманды ақын ағаларымыздың да қатары сиреп қалғаны шымбайға шындап батады-ақ.
Кеңшілік ақынды сонау 1989 жылдың қақаған қаңтарында кең бесігі Алматыдан туған елі Торғайдағы жер бесігіне, ақырғы сапарға аттандырған Қазақстан Жазушылар одағындағы азалы жиын әлі есімде. Сондағы Зинура жеңгейдің: «Сары алтыным-ау, Одағым деуші едің, Одаққа барамын деуші едің, Одақтан келдім деуші едің. Енді міне, сол Одағыңнан шығып барасың!» деп боздап жылап жиылған жұрттың сай-сүйегін сырқыратқаны қанша жылдар өтсе де есімде ұмытылмай сақталып қалды. Кеңағамның поэзияға адалдығы елге мәлім. Әдебиетіміздің төрін ардақтап өткені, ақиық ақынның жан сарайының жарқылы осы мысалдан да көрініп тұр емес пе? Қазіргі белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бауырымыздың ойлы мақалаларын оқыған сайын қуанып, орнында бардың оңаларына, қазақ халқы барда оның әдебиеті де әсте өлмейтініне сенімімді бекітіп, беркіте түсемін.
Күні кеше өмірден өткен айкөл жазушы Рахымжан Отарбаевтың зор тебіреніспен айтқан мына сөздеріне бір сәт зер салайықшы: «Мына қайшыласқан заманда көңілінің кірі бар адамның қолына қалам ұстатып, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді, ол елге жұғады. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше сол ақ қағаздың бетіне аз да болса сәуле ойларымды төккім келді».
Шын жазушының шынайы аңсары, міне осындай болса керек. Әр заманда өз миссиясын адал атқарып келе жатқан қазақ жазушыларының жан сарайы жарқырап ашыла түсеріне, Әдебиет пен Ар алдында адал боларына, киелі сөзді иесіз қалдырмайтынына еш шүбәміз жоқ.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»