Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына мүдделі екені атап көрсетілген. Сондай-ақ бұл сыртқы саясатымыздағы басымдықтардың бірі болатыны аталған.
Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін жете сезініп келеді. Себебі қазіргідей алмағайып заманда өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаңа сын-қатерлерге, оның ішінде шекаралас жатқан мемлекеттерден таралуы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау басты міндеттердің бірі саналады. «Қазақстан Орталық Азияда жанжалға бейім әлеуетті әлсірету, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды, су-энергетикалық торап пен өзге де қайшылықтардың түйінін шешу мақсатында ішкі өңірлік интеграцияны дамытуға ұмтылады», деп көрсетілуі сондықтан.
Кез келген мемлекетке, оның ішінде көрші әрі тарихы тамырлас елдерге әр салада интеграциялық байланыстар орнатып, ынтымақтастықты нығайту аса қажет және ол барлық тарапқа тиімді. Рас, мұндай ынтымақтастық кезінде өңірдегі бес мемлекеттің арасында болған. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты тереңге тамыр тартуы тиіс сол байланыстар соңғы онжылдықта әлсірей бастады.
Бұл өңірдегі елдердің экономикасына да кері әсер еткені шындық. Тіпті шекараларда оқ атылып, адам өліміне соқтырған оқиғалардың болғаны да жасырын емес. Дегенмен соңғы бірнеше жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бұрынғы ынтымақтастықты қайта жандандыруға сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты қадамдар жасалып жатқаны қуантады. Оның ұйымдастырушысы және бастамашысы Қазақстан Президенті екенін халықаралық қоғамдастық жақсы біледі.
Елдер арасындағы байланыстарды орнықтыратын әрі оны тереңдететін, ол – Мемлекеттер басшыларының кездесулері. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саяси тұлғасы, ел мен елді, халық пен халықты жақындастырудағы көшбасшылық рөлі ерекшеленіп тұрады. Мысалы өткен жылдың өзінде Қазақстан басшысы Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиеевпен бірнеше рет кездесті, екі елдің қатынастарын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Енді міне Өзбекстан басшысы Астанаға тағы сапарлағалы отыр. Дерек көздеріне қарағанда, ол Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылуына қатысады. Өз кезегінде бұл екі мемлекет халқының мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға мүмкіндігінше ықпал етпек.
Осының алдында, яғни 15 наурызда Қазақстан басшысының шақыруымен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Астанаға ресми сапармен келеді деп жоспарланып отыр. Сапардың мақсаты – екі елдің өзекті мәселелері бойынша әріптестігін нығайтып, екіжақты бірқатар құжаттарға қол қою. Жалпы, Қазақстан мен Тәжікстанның қатынастары мемлекеттердің тәуелсіздік алған кездерінен достастық және стратегиялық әріптестік негізде дамып келеді. Сондай-ақ екі елдің ширек ғасырдан бергі дипломатиялық қатынастары өзара сенім мен қолдауға негізделген серіктестікте елеулі табыстарға жетті. Қазақстан мен Тәжікстанның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерде де ұстанымдары жақын және үйлеседі.
Қазақстан тәжікстандықтарға гуманитарлық көмек көрсетуден аянып қалған жоқ. Мұндай қолдау жыл сайын көрсетіліп келеді десек, қателесе қоймаспыз. Бір ғана мысал: осы жылдың басында Қазақстан Тәжікстанға 10 мың тонна жылыту мазутын жеткізу үшін 3,9 миллион доллар бөлді. 2006 жылдан бері оның жалпы көлемі 34,5 миллион доллардан асты. Бұл елге Қазақстан тарапы құрылыс материалдары, астық пен азық-түлік түрлерінен де гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.
Орталық Азия ынтымақтастығына қатысты айта кететін тағы бір мәселе, Өзбекстан басшылығына Ш.Мирзиеев келгелі Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы «тоң» жібігендей болды. Осы жақында ол Душанбеге сапармен барды. Мемлекет басшыларының кездесуінде екі ел азаматтарына отыз күндік визасыз жүйе енгізу туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мәселелеріне де назар аударылған. Екі мемлекеттің қазіргі сауда айналымы 240 миллион доллар екен. Алдағы жылдары оның көлемін едәуір арттырудың жолдары қарастырылмақ. Осы орайда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанадағы кездесуі елдер арасындағы ынтымақтастыққа жаңаша серпін береді деген сенімдеміз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»