Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған «Тиімді мемлекеттік басқару» атты ІІІ академиялық симпозиум болып өтті.
Аталған симпозиум Ханс Зайдель (ГФР) атындағы қор мен БҰҰ Даму бағдарламасының ұйымдастыруымен өткізілді. Симпозиумда Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару мәселелері, үрдістері мен перспективалары секілді тақырыптар талқыланды. Секциялық мәжілістерге әлемнің 13 елінен келген сарапшылар, Академияның докторанттары мен профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ханс зайдель атындағы қордың өкілі М.Майер, Еуропа дипломатиялық академиясының директоры И.Семинаторе (Бельгия), Оксфорд университеті көшбасшылық және мемлекеттік саясат жөніндегі бағдарламасының директоры А.Хадсон, Стэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Дж.Там, Франция Мемлекеттік басқарудың ұлттық мектебі (ЕNА) халықаралық дамыту департаменті директорының орынбасары М.Брюннер, Бүкіләлемдік банктің мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша аға кеңесшісі У.Дилленджер, Түркия Жоғарғы сотының мүшесі С.Сезай Урал секілді мемлекеттік басқару ісінің білгір мамандары баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.
Бұдан өзге симпозиум жұмысы шеңберінде отандық көрнекті сарапшылардың тікелей қатысуымен Академия ғалымдары дайындаған мемлекеттік басқару саласындағы тақырыптық баяндамалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының тұсаукесер шарасы болды. Сонымен қатар, Мемлекеттік басқару академиясы қауымдастыққа мүше елдер арасында Еуразия қауымдастығының қолдауымен ағымдағы жылы өткізілген оқу бағдарламалары бойынша ең үздік білім алушылар мен дамытушылардың халықаралық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Астана.