• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Наурыз, 2018

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды

350 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы талқыланды. 

Сондай-ақ еліміздің биылғы жылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланды сонымен қатар әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралды. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды.

Тапсырмалар тиянақталды

Жол картасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов құжат мүдделі мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленгенін айтып өтті. Ол 35 шарадан тұрады және 7 заң жобасын, 6 Үкімет қаулысының жобасын және 3 Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ министрлердің 2 бұйрығы мен әкімдіктердің 4 қаулысын қабылдауды қарастырады.

«Ұлттық банк «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» туралы бірінші бағытының басты орындаушысы. Ұлттық банк өткен жылдардың ең сәтті тәжірибесін пайдаланып, Мемлекет басшысы белгілеген – жылдық 7%, 25 жылға, бастапқы жарнасы 20 пайыз  жағдайында «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр», деді Т.Сүлейменов. Сондай-ақ бағдарламаны іске асыруға дайындық кезеңдері анықталғанын жеткізді. Сөйтіп Ұлттық Банк қажетті заңнамалық түзетулерді Үкіметке наурызда енгізбек.

«Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазіргі уақытта банктер критерийлерді әзірлеп жатыр. Мәселен, егер тұрғын үй құны 7 млн теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл қазақстандық қызметкерлердің көпшілігі үшін қолайлы. Ірі қалалар мен аудандардағы тұрғын үй құнының саралануы жоққа шығарылмайды, себебі тұрғын үй құны әртүрлі болады», деді министр.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша алғашқы тұрғын үй несиесін беру шамамен осы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.

Ал «жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы екінші бағытының басты орындаушысы – Ұлттық экономика министрлігі екені белгілі. Осы бағытта салық заңнамасының нормаларын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бағытының негізгі орындаушысы – Білім және ғылым министрлігі. Бұл ретте Аталған бағыт аясында техникалық мамандықтарға екпін бере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту көзделген. Оған қоса мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасындағы жатақханалар құрылысы бойынша тетіктерді анықтау мен заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарлануда.

«Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бағытқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Аталған бағыт желісі бойынша 2017-2021 жылдарға арналған «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарда бар. Өзгерістер қалалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.

«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» жайындағы бесінші бағытының басты орындаушысы – Энергетика министрлігі. Аталған бағыт «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына арналып отыр. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленетін болады. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарлануда. Жобаны биыл шілде айында бастау жоспарланған. Газ құбырының құрылысын 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарда бар.

Үкімет отырысында сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Президенттің Бес бастамасын іске асыру бойынша Жол картасының жоспарланған іс-шаралары туралы баяндады.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысында, наурыз айының соңына дейін Парламентке ұсыну үшін барлық қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырды.

Даму тұрақты

Қазақстанның 2018 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев және Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Мәлім болғандай, биыл екі айдың қорытындысы бойынша өсудің тұрақты серпіні сақталып тұр. Барлық негізгі индикаторларға қол жеткізілген.

«Есепті кезеңде ІЖӨ 4 пайызды құрады, ал өткен жылдың осы кезеңінде 2,5 пайызды құраған болатын. Мұндай серпін өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтер саласындағы өсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ инвестициялар мен ішкі тұтыну да өсті. Инфляция баяулады және жыл басынан бері 1,3 пайызды құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең төменгі мән. Жылдық көріністегі инфляция – 6,5 пайызды құрады», деді Т.Сүлейменов.

Осы жылдың екі айында елдің халықаралық қоры 2 пайызға, 90,8 млрд долларға дейін ұлғайған. Алтын-валюта қорлары 2,2 пайызға, Ұлттық қордың активтері 1,8 пайызға өскен. Мәліметке, сүйенсек, негізгі капиталға салынған инвестициялар 54,4 пайызға ұлғайған. Мұндай өсу «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құруымен байланысты. Сондай-ақ Теңіз кен орнында үшінші буын зауытының құрылысы және келешекте кеңею жобасы іске асырылып жатыр. Инвестициялар құрылыста – 2,8 есеге, өнеркәсіпте – 1,8 есеге және саудада – 1,6 есеге өткен.

 Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев өз кезегінде қаңтар-ақпан айларында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 3,6 пайызға, яғни 320,30 теңгеге дейін тұрақталғанын айтты. Депозиттердің көлемі қаңтар айының соңында 17,1 трлн теңгені құрады, мерзімдік тұрғыда 2,2 пайызға төмендеген. Шетел валютасындағы салымдар 6,9 пайызға төмендеді, теңгедегі салымдар 2,1 пайызға өскен. Нəтижесінде шетел валютасындағы салымдардың үлесі 45,4 пайызға дейін төмендеген.

Ал Қаржы министрі Б.Сұлтанов 2018 жылдың екі айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің пайдамен орындалғанын атап өтті. Бұл негізінен жергілікті бюджеттер кірістерін асыра орындау есебінен болған. «Бюджеттің барлық деңгейінде кірістер толығымен асыра орындалды, шығыстар бойынша орындалу пайызы былтырғы көрсеткіштерден жоғары», деді Б.Сұлтанов.

Баға бақылауда

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе ­– өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі және нарықты отандық азық-түлікпен қамту туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев баяндады.

Мәлім болғандай, жылдың басынан бері әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,7 пайызға өскен. Жыл басынан бері бағаның ең үлкен өсімі Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Орал, Атырау және Павлодар қалаларында байқалған.

«Жалпы алғанда, баға өсімі маусымдық сипатқа ие және ол сақтау кезіндегі шығындар мен ысыраптарға, көкөніс өнімдері қорларының төмендеуінен ұсыныстың азайуына, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызметтер құнының өсуіне және тасымалдауға кететін шығындарға байланысты»,  деді А.Евниев.

Өңірлерде 2018 жылдың қаңтар айында тұрақтандыру қорына 2178 тонна азық-түліктік тауарлары сатып алынған. Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарларының нақты көлемі 8136,7 тоннаны құраған, ал 14257,8 тонна азық-түлік тауарлары жаңартуға және жауапты сақтауға берілген.

«Тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 4423 млн теңге қаражат ӘКК шоттарында және екінші деңгейдегі банктердің депозиттерінде жатыр», деді А.Евниев.

Жиында сондай-ақ Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Аманғалиев алғашқы қажеттілік өнімдері бойынша бағаның жай-күйі туралы баяндады.

Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін еске салып, әкімдіктерге алдағы мереке күндерін ескере отырып бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ұлттық баяндама жобасы қабылданды

Үкімет отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов таныстырды.

Ұлттық баяндаманың жобасы бес тараудан тұрады және елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттап, мәселелер талдауынан, сондай-ақ еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»