• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2011

Азаматтық белсенділік сыналар шақ

307 рет
көрсетілді

2011 жылғы 16 қарашада, Парламент мүшелерінің бастамашылығымен Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары өкілеттігінің мер­зімінен бұ­рын тоқтатылуына байланысты, Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен пар­тия­лық тізімдер бойынша сайланатын  Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаң­тарға және Қазақстан халқы Ассам­блеясынан сайланатын Парламент Мәжі­лісі депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындады. Сайлау туралы заңның 97-бабының 5-тармағына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын  Парламент Мә­жілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қарашада басталады. Сайлау туралы заңға сәйкес партия­лық тізімдер бойынша сайланатын  Мә­жіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл процеске қа­тыса алмайды, өйткені сот шешімі бойын­ша оның қызметі уақытша тоқтатылған. Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабы 4-тармағымен белгіленген талаптарға сәйкес болуы, сондай-ақ Конституция­ның 33-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс. Осылайша, жасы 25-ке толған, Қазақ­стан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұрып жатқан адам Мәжі­ліс депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таны­ған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ. Біртұтас жалпыұлттық сайлау округі­нің аумағы бойынша Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін адамдарды пар­тия­лық тізімге енгізу саяси партияның жо­ғары органы  мүшелерінің жалпы саны­ның көпшілік дауысымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды партиялық тізімге енгізуге құқығы жоқ. Саяси партияның жоғары органының  шешімі азаматты партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Ор­талық сайлау комиссиясына жіберіледі. Саяси партиялар партиялық тізімдерді  мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жа­сайды.  Партиялық тізімді саяси партия­ның өкілі саяси партияның жоғары орга­нының  партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсы­нылады. Сондай-ақ, 16 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға та­ғайындау және тиісті Күнтізбелік жоспар­ды бекіту туралы қаулы қабылдады. Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауымен қатар өткізу туралы шешім заңның сайлауды тағайындау мен өткізуге қатысты норма­лары, сондай-ақ   бұл сайлаулар Президент сайлауымен және Парламент Сенаты депутаттарының сайлауымен бір  мерзімде өткізілмейтіні туралы талаптары толық сақталып отыр». Сайлау науқанының негізгі кезеңдері келесі мерзімдерде өтетін болады: • Партиялық тізімдер бойынша сайла­натын  Парламент Мәжілісі депутатта­рының кезектен тыс сайлауында канди­дат­тарды ұсыну 16 қарашадан бастап 2011 жылғы 5 желтоқсанға дейін жүреді, ал партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. • Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан арасындағы кезеңде өтеді. Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құры­лым­дық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен – азаматтар жүзеге асырады. • Қазақстан халқы Ассамблеясы сай­лайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімі партиялық тізімдер бойынша сайла­натын  Парламент Мәжілісі депутаттары­ның сайлауы үшін анықталған мерзімдермен сәйкес келмейді. Заң бұған жол береді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сай­ланатын Парламент Мәжілісі депутат­тығына кандидаттар ұсыну 16 желтоқ­санда басталады. Қазіргі уақытта Орталық сайлау ко­миссиясы барлық қажет кадрлық және материалдық ресурстарға ие және сай­лауды тиісті ұйымдастырушылық деңгей­де өткізуге, азаматтардың және барлық сайлау процесіне қатысушылардың өзде­рінің конституциялық құқығын ерікті әрі тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге дайын. Сайлау науқандарын әзірлеу мен өткі­зуге қажетті сайлау құжаттарының үлгілерін  Ортсайлауком бекітті. Барлық деңгейдегі сайлау комис­сиялары толығымен жасақталған және жұмысқа қабілетті. Халықаралық байқаушылар институ­ты ашылған. Сайлау заңнамасына сәй­кес, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сырт­қы істер министрлігінің ұсынымы бойын­ша 2012 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізеді. Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлауды байқауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда іске асыруға құқылы.  Бұл ретте халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілдеріне, жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен жағдайда,  бір аудармашы ілесіп жүре алады. «Сайлау» автоматтандырылған ақпа­раттық  жүйесі бұл сайлауда пайдала­нылмайды. Алдағы сайлауда сайлаушылар үш бюллетень алатын болады. Олардың біреуі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында саяси партия үшін дауыс беруге арнал­ған. Екінші бюллетень – облыстық мәслихат депутаттығына кандидат үшін дауыс беруге, ал үшінші бюллетень – аудандық немесе қалалық мәслихаттың  депутаттығына кандидат үшін дауыс беруге арналған. Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары екі бюллетень алады. Бұл қалаларда аудандық мәсли­хаттар жоқ болғандықтан, мұнда сайлау­шылар өз дауысын саяси партияға беруі және  қалалық мәслихаттың депутатын сайлауға тиіс болады. Қазіргі уақытта Ортсайлаукомның кү­ші барлық қажетті дайындық шарала­рын өткізуге, алдағы сайлауға тиімді ақпараттық қолдау көрсетуге, сондай-ақ сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту­ға жұмылдырылып отыр. Олар үшін 25 қарашада Орталық сайлау комиссиясында өткен республикалық семинар-кеңестен басқа өңірлік семинарлар да өткізілетін болады.