Кеше Щучье қаласында шаңғы спортына арналған заманауи базасының ашылу салтанаты өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев, Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысы федерациясының бірінші вице-президенті Никита Девяткин қатысты.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаевтың айтуынша, жаңа нысан барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. «Кешенді тұрғызу барысында заманауи құрылыс технологиялары, жоғары сапалы материалдар қолданылды. Нысанның техникалық және технологиялық жабдықталуы халықаралық жарыстарды өткізуге ыңғайлап салынды, яғни нысан Халықаралық шаңғы жарысы федерациясының (FIS) барлық стандартына сәйкес дегенді білдіреді. Аталған нысан Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) талаптарына да сай келеді», дейді ол.
Шаңғы кешені көрермендерге арналған трибуналар, бассейн және спорт залдарымен жабдықталған. Сондай-ақ төрешілер павильоны, дәрігерлік қалпына келу орталығы, әкімшілік ғимараты, 187 орынға шақталған қонақүй де бар.
ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов аталған кешеннің елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына ықпал ететінін, тиісінше шаңғы жарысы мен биатлоннан жаттығулар, жарыстар өткізуге үлкен мүмкіндік беретінін алға тартты. «Ендігі жерде спортшыларымыз алысқа шықпай-ақ, елімізде өздерінің дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар бұдан былай елімізде шаңғы жарысы, биатлон, шаңғы-роллер спорты болсын, халықаралық дәрежедегі жарыстарды өткізуге болады. Бүгінгі таңда алыс, жақын шетелдегі спортшылар осы шаңғы базасында өздерінің оқу-дайындық жиындарын өткізуге қызығушылық танытып отыр», деді Е.Қанағатов.
Шаңғы базасы мен ғимараттары 125.54 га аумақты алып жатыр. Сондай-ақ ұзындығы 4584 метр құрайтын шаңғы трассасы, дайындық алаңы, шаңғыны сырғанату төмпешігі, табиғи емес қармен жабдықтау жүйесі бар.
Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысы федерациясының бірінші вице-президенті Никита Девяткин кешеннің мүмкіндіктері жөнінде айтып берді. «Әрине, базаның ашылуына ең алдымен біздің спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы қуанып жатыр. Енді біз өз елімізде ең ірі халықаралық жарыстарды өткізе аламыз. Трассаны салу кезінде бізге Халықаралық шаңғы федерациясының өкілдері өз ақыл кеңестерін айтып, құрылыс барысымен танысып отырды. Қорытындысында, олар бізге трассаның сапасы барлық әлемдік стандарттарға сай келеді деген сәйкестік сертификатын берді. Соның арқасында, болашақта біз Қазақстанда Құрлықтық кубок, Әлем кубогы кезеңі мен әлем чемпионаттарын өткіземіз деп жос- парлап отырмыз», деп мәлімдеді Шаңғы федерациясының бірінші вице-министрі.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»