• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2018

Астанадағы Халықаралық Түркі академиясында Наурыз мерекесі тойланды

391 рет
көрсетілді

Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) Астанадағы орталығында барша түркі халқына ортақ мейрам - Наурыз мерекесі тойланды.

Наурыз – ұлық мейрам. Оның тарихы да тереңде. Иран мен Тұран жұртының төл мерекесі. Аталмыш мейрамның шығу тегі жайлы атақты тарихшы Рашид ад-Дин (1247-1317) ХІІІ ғасырда жазылған «Жами ат-тауарих» атты құнды кітабында: «Оғыз ханның нәсілі Ел ханның заманында түркілер жаусоқтылықтан қашып Ергене қон шатқалына тығылып қалады. Осында төрт ғасыр тапжылмай жатады. Өседі, өнеді, көбейеді. Күндердің күнінде терең құздан шығатын жол іздеп, шатқалдың жабылған аузын ашу үшін, 70 көріктен от үрлеп, темір қақпаны ерітіп, еркіндікке шығады. Сол күнді түркілер «Ұлыстың күні» ретінде тойлайды» делінген. Жоғарыдағы оқиғамен үндес қазақ жыршылары айтқан: Дала нұрға малынды, Гүлден алқа тағылды, Қағандарды еске алып, Төс пен балға соғылды, Киелі алау жағылды.., дейтін шумақтар қазір халық жадында.

Осы орайда, жоғарыдағы әпсана-аңызды тірілту идеясы негізінде кеше Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұжымы халықаралық Наурыз мерекесін атап өтіп, симболикалық тұрғыдан төске қойылған темір соғылып, қасиетті алау жағылды.

Маңызды шараға жиналған елшілік өкілдері мен елордалық зиялы қауым алдында сөз алған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі мырза, қастерлі мерекеміз көп жылғы үзілістен кейін 1988 жылы ортамызға қайта оралғанын елдің есіне салып, осы бір тарихи оқиғаға биыл 30 жыл толып отырған даталы сәтімен мереке қонақтарын құттықтады. Сонымен қатар Дархан Қуандықұлы: «Астана төрінде бас қосқан Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері дәл осы Ұлыстың ұлы күні жайлы: «Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет. Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда достық пен тату көршілік байланыстардың нығаюымен құнды. Бұл ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елдеріміз үшін қазір де маңызды. Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар...» деген Орталық Азия мемлекеттері басшыларының тарихи мәлімдемесін де орайлы сәтті пайдаланып айтып өтті.

Мәдени шараға арнайы шақырылған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қауымды келе жатқан Ұлыс күні мейрамымен  құттықтап, бұл мерекенің биыл қасиеті ережеп айымен тұтасуын жақсылықтың нышанына балайтынын айтқан саясаткер-ғалым: «Наурыз әуелі татулық мейрамы. Татулықтың өзегі – бірлік пен береке. Біздің бабаларымыздан қалған ең үлкен аманат да осы», деді.

Қазақтың тағы бір қадірлі ақсақалы Әділ Ахметов өзінің әлемдік геосаясатқа байланысты жазылған «Ғасыр ғибараты» атты еңбегін Академия кітапханасына табыс етсе, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және  Өкілетті елшісі Рашад Мамедов пен Венгрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Баранилер толымды сәтті пайдаланып, барша қазақстандықтарды ұлық мерекесімен құттықтады.

Жиын соңында қонақтар Академия әзірлеген наурыз дастарханнан дәм татып, дәстүрлі саз өнерімен сусындады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»