Лисаков қаласының орталығында 15 метрлік Бәйтерек орнатылды. Оның құрылымын жасап шығаруға мамандар бес ай уақыт жұмсады. Кіші «Бәйтеректі» дайындауға жергілікті «СпецСтальКонструкция» және «ЭксклюзивСтрой» кәсіпорындары демеушілік жасап, әрі өздері монументті жасап шығарды.
«Қала әкімі Алмат Ысмағұлов кәсіпкерлерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығы құрметіне осы жобаны жасауды ұсынды. Кіші «Бәйтеректі» жасауға қаладағы өзге кәсіпорындар да қол ұшын созды. Оны айналдырған екі күннің ішінде құрастырып, Наурыз мейрамында қалалықтарға тарту етті» дейді Лисаков қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Максим Сушко.
«Бәйтерек» бұрын қаланың жарнамалар ілініп тұратын алаңды жандандыра түсті, жаңа түр берді. Он бес метрлік монумент қаланың барлық шалғайынан көрініп, асқақтап тұрады. Оған мамандар түрлі-түсті шам өткізгендіктен, ол қас қарайғанда түрленіп, құбылып сала береді.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»