Алматыда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Бұл мейрам Алатау бөктерінде орналасқан әсем шаһарға қарасты барлық 8 ауданда айрықша аталып өтілді. Салтанатты шараға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, Алматының тұрғындары мен қонақтарға құттықтау сөзін арнады.
– Бүгін біздің халқымыздың Наурыз мейрамымен қауышқанына 30 жыл толып отыр. Кеңес дәуірінде тыйым салынған ұлттық мерекеміз Алматыда 1988 жылдың көктемінде бір топ ұлт зиялыларының бастамасымен, сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен қайта жаңғырды. Сол кездері Мемлекет басшысы «Наурыз – ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше ұлық мерекеміз, жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы» деп атап өткен болатын, - деді Бауыржан Байбек.
Әсіресе, «Астана» алаңында өткен концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Жезтаңдай әнші Роза Рымбаева, даңқты «Дос-Мұқасан» тобы және қазақ эстрадасының басқа да жұлдыздары орындаған әсем әндерді халық ерекше ықыласпен тыңдады. Сонымен қатар басқа да мемлекеттерден келген әнші мен бишілер алматылықтардың алдында өнер көрсетіп, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Алматының басқа да көрікті жерлерінде киіз үйлер тігіліп, дастарқандар молынан жайылды. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келді. Қала тұрғындары мен қонақтарға наурызкөже және басқа да ұлттық тағамдар таратылды. Театрландырылған көріністер қойылып, ән мен би байқаулары, спорттық шаралар және қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесі Алматыда бір ай бойы тойланады. Сол уақыт аралығында Алатау бөктеріндегі әсем шаһарда 150-ден аса түрлі шаралар өтеді деп күтілуде.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
Алматы