• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Наурыз, 2018

Өнімді терең өңдемей, бәсекеде бәсіміз биіктемейді

467 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы адамзатты асырап келе жатыр. Бала кезімізде ата-анамыз нанның қиқымын көрсе жерден алып, маңдайына басушы еді. Адам өмір сүруі үшін оған алдымен тамақ керек, қоғамға қажет экономикалық, әлеу­меттік, рухани құндылықтардың бар­­лығы да содан кейін кезегімен келе береді. Ауыл шаруашылығын дамыт­қан­да ғана мемлекетіміздің эконо­микалық қуаты артады. 

Елбасы сон­дық­тан ауыл шаруашылығын «эко­номи­каның драйвері» деп атады. Заман­ның өзгерістеріне байланысты бұл саланың көрген қиындықтары, жығы­лып-тұрған кездері де аз емес. Тәуел­сіздігімізді алған өлара жылдары экономикалық қатынастардың өзге­­руіне орай жүктің ауыр жағы осы сала­ның мойнына түскенін де білеміз. Өйт­кені ауыл шаруашылығының бір ұшы халықтың әлеуметтік тұрмысына да байлаулы еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында сол қиын жылдары қатты зақымданған ауыл шаруашылығының еңсе көтеруі 2000-жылдардан басталғанын атап өтеді. «Жаңа онжылдықтың алғашқы жылдарында-ақ Қазақстандағы ауыл шаруашылығының өсімі орта есеппен 8 проценттен асты. Бұл Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің арасындағы ең үздік өсім еді. 2003 жылы астық ору 1991 жылмен салыстырғанда – 1,7 есеге өссе, күнбағыс – 3 есе, шитті мақта – үштен бір бөлігінен астам арта түсті», дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мұның өзі орасан еңбектің арқасы екенін тарихқа айналған жылдар біледі.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамыту жеңіл емес. Тұтастай алғанда бүкіл еліміздегі егін шаруашылығының барлығы дерлік тәуекелге негізделген өңірлерде жүргізіледі. Әсіресе, Қазақ­станның солтүстік өңірінде өнім жылдың жаңбырлы немесе қуаң болуына тікелей байланысты. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдер арасында Қазақстандағы гектарынан 10 центнер­ден айналатын түсім ең төменгі көр­сет­кіш деп есептелді. Мамандардың есеп­теуінше, нарық жағдайында гектар түсімі 10 центнерден кем болмаса ғана астықты әлемдік бағамен сату тиімділігін көрсетеді. Мұндай өнім беретін алқаптар Қазақстанда 16 миллион гектарды құрай­ды, бұл барлық егіс алқаптарының 65 пайызы деген сөз. Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудағы басты қиындықтың бірі осы. Мұның өзі саланы дамытуда ғылым жетістіктеріне сүйенуді меңзеп қана қоймайды, міндеттейді.

Қостанай облысында Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында ауыл- шаруашылық өнімін өндіру, қуатын арт­тыру өте маңызды. Басқасын былай қойғанда, Ресейдің Қостанаймен ірге­лес көрші Челябі, Магнитогор оның арғы жағында Екатеринбург секілді ірі өн­­дірісті қалаларының барлығына азық-түлік керек. Оның ішінде ет пен ет өнім­­деріне деген сұраныс өндірісті қала­лардың барлығында жоғары.

Таяу жылдары ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру, өңдеу, сату ісінде біз аграрлық әлеуетімізді арттыра беруі­міз қажет. Еліміздегі өндірілген астық­тың төрттен бірін беретін Қостанай облы­сында оған толық жағдай бар. Бүгін­де Қазақстан әлемдегі астық және ұн экс­портымен айналысатын жеті ел­дің қатарына қосылды. Азық-түлік өнімі халықаралық нарықта қашанда ма­ңыз­ды болып саналады. Сондықтан Қазақ­станның экологиялық таза өнімі сыртқы-ішкі нарықта қашанда сұранысқа ие болатындықтан, Қостанай өңірі де ауыл шаруашылығын дамытуға бар мүмкіндікті қарастыра береді. Бұл орайда, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу ісін жылдамдата дамыту ләзім. Бұл тек Қостанай облысында ғана емес, жалпы Қазақстанда осы саланың әлі де әлсіз тұсы болып саналады. Қазір облыстағы көрсеткіштерде жалпы өңдеу саласы шикізат өндірудің алдына шықты, ол былтыр 52,3 пайызды көрсетті. Дегенмен, оның барлығы бірдей ауылшаруашылық өнімін өңдеуге қатысты емес.

Отандық өңдеу өнеркәсібінің әлде де бәсекеге ілесуі төмен болғандықтан, Қазақстан импорттық өнімдерге жыл сайын 1,9 млрд теңге қаржы жұмсайды. Өңдеу кәсіпорындарындағы жабдықтардың тозуы қазір 50 пайыздан кем емес. Ал оны жаңарту қомақты қаржыны қажет етеді. Өнімді өңдеу өндірісі көлемінің өсуі халықтың сұранысы мен табысының өсімі ырғағынан кейін қалып отырғандықтан, импорттың бәсі де әзір аласарды деп айта алмаймыз.

Облыста бұл істі алға жылжыту үшін қолға алынған шаруа да аз емес. Мысалы, 2009-2016 жылдар аралығында құны 73,6 млрд теңге болатын 186 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның 87 жобасы – мал шаруашылығында, 56 жобасы – егін шаруашылығында, ал өнім өңдеу саласында 43 жоба өмірге жолдама алды. Азық-түлік молшылығын, жасаған мемлекетіміз ішкі және сыртқы жағдайларға қарамай халықтың азық-түлікке және ауыз суға деген сұранысын толық қамтамасыз етеді. Халықтың денсаулығы, жас ұрпақтың физикалық және әлеуметтік жағынан жетілуі, дамуы ең алдымен оның тамағы мен ішкен суына байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адам жылына ауыз суды қосқанда 959,7 кило тамақ жеуі керек. Аталарымыз көрген аштықтың ауылын алыс етсін. Бізде нан да, ет те, сүт те жетеді. Дегенмен, ойланатын жайлар жоқ емес Мемлекет бекіткен азық-түлік кәрзеңкесі 43 аталымнан тұрады. Ал базар бағасының тоқтамай өсуі олардың тұрғындарға қолжетімділігін де қиындататыны рас. Өкінішке қарай, еттің бағасы төмендеген немесе тұрақтанған емес. Өткен жылы тамыз айының қорытындысын талдау материалдары көрсеткендей, Қазақстандағы ең жоғары баға Астана қаласының базарында тіркелді. Сиыр етінің бір килосы 1641 теңге тұрды. Бұл еліміздегі орташа бағадан 17,2 пайыз жоғары-тұғын. Қазіргі баға да мұнан кем емес.

Сөз жоқ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсеке артатын болады. Бұл экономикалық заңдылықтардың әрекет етуінен ғана емес, Одаққа кірген елдердің экономикалық даму бағытына да байланысты. 2014 жылы күзде Қостанай қаласында өткен «Бірыңғай эконо­ми­ка­лық кеңістік аумағында бәсекеге тең жағдай жасауды қамтамасыз етудің құқықтық аспектілері» атты халықаралық конференцияда бұл үдерісті нақтылай отырып, БЭК ішінде өзара маңызды қайшылықтар да болатыны айтылған еді. Мысалы, сол конференцияда бір центнер сүттің өзіндік құнында мемлекеттік дотацияның пайызы Ресей үшін – 6,9, Белоруссия үшін –18,9, Қазақстан үшін 4,9 пайыз болатыны да айтылған. Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа мүше болғандықтан, оның өзіне ықпал-әсерін сезінбей тұра алмайды. Сондықтан еліміз әлемдік нарық жағдайына тәуелді. Әзір еліміздің экономикасы шикізат экспорты сипатында екенін жасырудың қажеті жоқ.

Ауыл шаруашылығында өндірілетін өнім­ді терең өңдеу кәсіпорындарын көп­теп құрғанда, саланы осыған бағыттағанда ғана оның тиімділігі елдің игілігіне айналады. Облыста ет өңдейтін және консервілейтін, ет өнімдерін өндіретін ірі комбинаттар жоқтың қасы. Ұн тартатын, нан өнімдері мен кондитер бұйымдарын өндіретін ірі өндіріс орны да екеу ғана. Мұндай ірі өндіріс орындарын салу үшін инвестиция керек. Сонымен қатар шетелдік озық технологияларды пайдаланып, ет, сүт өңдейтін ұсақ зауыттар ашылса құба-құп. Қостанаймен іргелес Ресейдің Қорған облысында дәнді және бұршақ-дәнді дақылдарды гектарына 42,4 центнерден жинайды. Облыста 229 ауылшаруашылық кәсіпорны және 270 азық-түлік өндіретін орындар бар.

Осы уақытқа дейін мал шаруашы­лы­ғынан түсетін шикізаттың барлығы шашылып жатыр. Қатар жатқан Ақмола облы­сымен екі ортаға қой, ірі қара тері­лерін өңдейтін зауыт салынатын кез жетті. Тек Ақмола мен Қостанай облысында ғана жылына 700 мың қой, 130 мың ірі қара сойылады. Бұл зауытты шикізатпен қамтамасыз ете алмай ма?! Бір сиырдың терісі шетелге ең төмен дегенде 150 долларға кетеді. Ал оны өңдегенде бағасы 280 есе артып, 42 мың доллардың бұйымдары болып қайта оралады. Өзімізде өңдеуді дамыту үшін аграрлық секторға қызмет көрсететін, ауыл шаруашылығын, өнім өндірушілерді жеңілдіктермен қаржыландыратын арнайы банк керек. Германияның Райф Файзен банкінің тәжірибесінен үйренсе артықтығы жоқ дер едім.

Халқымыздың брендіне айналған қымыз, құрт секілді экологиялық таза азық-түлік түрлерінің жарнамасын жолға қойып, сыртқа таныту ісіне әлі де нем­құ­райды қарап келеміз. Оларды заманауи технологиялармен өндіретін кез жетті. Мысалы, халықаралық нарықта үл­кен сұранысқа ие қымыздың ұнтағын неге өндірмеске?! Мұның барлығы да шикі­затпен бірге өңдеу өнеркәсібіне тұтас бет­бұруға итермелейді. Өнімді өңдеп ұсын­бай, бәсекеде бәсіміз биіктемейді.

Сансызбай ЖИЕНТАЕВ,

Қазақстанның және Ресейдің экономика ғылымдарының докторы, профессор

ҚОСТАНАЙ