Қаланы да, даланы да басып кеткен қоқыс үйінділері – қоғамдық проблема. Одан құтылудың тиімді жолдары талайдан бері қарастырылып келеді. Қарағандылық «Горкомтранс» ЖШС қазіргі уақытта қоқыс өңдеу зауытын салуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен шұғылданатын кәсіпорын көп ұзамай өңірдегі ғана емес, республикадағы алғашқы қоқыс өңдеу ұйымына айналатын сыңайлы.
Облыста осы бағытта бірнеше жыл бұрын қолға алынған жобалар сәтсіз болып, ақыры қоқыс өңдеу тақырыбы мүлде қозғаусыз қалған еді. Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде бүгінге дейін қоқыс өңдейтін кәсіпорын жоқ. Қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін, жоятын шағын компаниялар ғана бар. Айталық, 2012 жылы ашылған астаналық қоқыс өңдеу кешені екі жылдай ғана жұмыс істеді. Одан кейін қаражаттан қиындық көріп, жұмыскерлеріне еңбекақы төлей алмай, ақыры жабылып тынды.
Осындай тағы бір кешен Алматы қаласында салынып жатыр. Білуімізше, биыл іске қосылмақ. Қоқыс қалдықтарын шығарып, залалсыздандыратын шағын қызмет көрсетуші компаниялар әр өңірде бар. Қарағанды облысында қатты тұрмыс қалдықтарын жинау, сұрыптау және өңдеумен айналысатын алты кәсіпорын бар. Алайда, соңғы бес жылда қоқыс қалдықтарын өңдеумен бір ғана компания – жылына 100 мың тоннадан артық қоқысты сұрыптайтын «Горкомтранс» ЖШС шұғылданады. Сонымен қатар кәсіпорын Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қалаларынан, Абай ауданынан жеткізілетін қоқыс қалдықтарын жинауға арналған полигоны бар қоқыс өңдеу кешенінің құрылысына күш салуда. Бұл жобаны жүзеге асыруға «Горкомтранс» ЖШС 800 миллион теңге бөлді.
– Қазір компания қоқыстарды сұрыптау жұмыстарын жүргізуде. Желінің қуатын жылына 100 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін жеткізу бойынша шаралар атқарып жатырмыз, – дейді «Горкомтранс» ЖШС-нің бас директоры Марат Бимағамбетов. – Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Қоқыс өңдеу зауытының қуаты жылына 300 мың тонна болуы тиіс. Құрылысты біз шартты түрде үш кезеңге бөлдік. Оның алғашқысын, яғни қоқыстарды сұрыптауды бастадық. Бұл желі арқылы қалдықтардың 80 пайызы – пластик, картон, шыны, алюминий өтеді. Айта кету керек, пластик салынып жатқан зауытта өңделеді. Қалған шикізаттар біздің материалдармен жұмыс істейтін компанияларға жіберіледі. Екінші кезең – желіні жетілдіру жұмыстары. Бұл кезеңде біз жабдықтар сатып аламыз. Мәселен, зауытқа пакет жыртқыштар мен қалдықтарды сүзетін сепараторлар қажет. Бұл жабдықтар ТМД аумағында жоқ. Оны Еуропадан жеткіземіз. Ал үшінші кезеңде қатты тұрмыс қалдықтарын өңдейтін биогаз кешенін жасау қажет. Жалпы, зауыт 2019 жылы іске қосылуы тиіс.
Марат Бимағамбетовтің айтуынша, ауқымды кешен құрылысы облыс әкімдігі мен фин компаниясының көмегімен жүргізілуде. Жобаға қатысушылар былтыр меморандумға қол қойған болатын. Облыс әкімдігі «Горкомтранс» ЖШС-нің қуатына серіктес қалалардан қоқыс таситын қызмет көрсетушілер тартуды өз міндетіне алды. Ал финдер құрылысқа көмектеседі. Қоқыс өңдеудің қыр-сырын әлі күнге жетік меңгере қоймағандықтан, Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенуге тура келеді. Тұрмыстық қалдықтар бізде осы уақытқа дейін өңделмей келді. Іріп-шіріп жатқан қоқыс үйінділері ауа мен суды, топырақ қабаттарын аяусыз ластап жатыр. Ал Еуропада бәрі таза. Қоқыс қалдықтары түріне қарай бөлек жиналады. Яғни, пластикті бір, шыныны екінші контейнерге тастайды. Біз алдымен сондай тәртіпке үйренуіміз керек.
Негізі, Қарағандыда қатты тұрмыс қалдықтарын бөлек тастау үшін жүздеген контейнерлер қойылған. Алайда, халықтың басым бөлігі соған мән берместен, қоқыс толы қалтасын ортақ үйіндіге лақтырып жібереді. Дегенмен, кәсіпкерлер халықтың қоқысты бөлек жинау мәдениетіне үйренеріне сенімді. Оны әрине, уақыт көрсетеді. Тіпті болмаса, келешекте табиғаттың өзі тәртіпке мәжбүрлері сөзсіз.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ