Ресейдің Кемеров қаласындағы сауда ойын сауық орталықтарының біріндегі өрттен қаза тапқандар саны 64 адамға жетті. Бұл туралы Ресейдің төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучков мәлімдеді.
Кемеров облысының губернаторы Аман Тулеев сауда орталығының иелер қайтыс болған әрбір отбасыға бір миллион рубльден бөлуді ұсынды. Сондай-ақ, дәл осы көлемде мерт болғандардың отбасына облыстық әкімшілік те қаржы бөлмек.
Оқиға орнындағы куәгерлердің бірі өрт басталғанда ғимаратта дабыл жүйесі іске қосылмағанын мәлімдеді. "Дабыл тұрмақ ешнәрсе де істемеді. Шатырдан су тамшылағанның салдарынан ішінде жарық жүйесі істен шыққан дейді. Бір апта жарық болмаған екен. Проблеманы шешкен сияқты еді. Бірақ нәтижесі өздеріңіз көргендей болды", деді куәгерлердің бірі.
Сейсенбі күннен бастап өңірде үш күндік қаралы күн жарияланбақ. Қаза болған 64 адамның тек 15-інің ғана кім екені анықталған. Ал алты адамның денесі үйіндінің астында қалыпты.