Қазақстан Парламентінің делегациясы 24-28 наурызда Парламентаралық Одақтың Женевада өтіп жатқан 138-ші Ассамблеясының отырысына қатысуда, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Делегация құрамында сенаторлар Сергей Ершов пен Ерік Сұлтанов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Бақтияр Мәкен мен Ирина Смирнова бар.
Қазақстан депутаттары қатысқан жалпы пікірсайыстар көшіп-қонушылар мен босқындар құқықтарын қорғауға байланысты өзекті мәселелерді шешуге арналды. Орнықты дамуға қол жеткізу үшін бейбітшілікті нығайту, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарын іске асыруға, әсіресе, жаңартылатын энергия көздері саласына жеке секторды тарту мәселелері Парламентаралық Одақтағы тұрақты комитеттердің күн тәртібіне енді.
25 наурызда Қазақстан парламентшілері Ассамблея аясында Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Демократиялық институттар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтардың өзін-өзі басқару органдары комитетінің төрағасы Акмал Саидов бастаған делегациямен кездесті. Жүздесушілер екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігін нығайтудағы Президенттер Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің үлестерін атап өтті.
Қазақстан Парламентінің өкілдері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысқаны үшін Өзбекстанға алғыс айтты және «Жасыл» технологияларды дамыту орталығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты алдағы мүмкіндіктер туралы әңгімеледі. Әңгіме барысында парламентаралық өзара іс-қимыл мен заң шығару саласындағы тәжірибе алмасудың келешегітуралы да айтылды.