«...Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет. Төртінші мұнай өңдеу зауыты... орны, инвестициялар көзі мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді Үкімет шешкені жөн...».
Елбасымыз 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Күні бүгін де өзекті проблема.
Өткен жылдың сәуірінде Әзербайжан сапарынан келе жатып Ақтауға соққан Нұрсұлтан Әбішұлы: «Маңызды транзит торабы ретінде Маңғыстау өңірі өркендейді. Мұнай мен газ саласы дами береді, дегенмен өңдеу жағына қарай көшуіміз қажет» деген еді. Елбасы бұл жерде «өңдеу жағына қарай көшуіміз қажет» сөзін тегін айтпағаны түсінікті. Ол төртінші мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) идеясының алғаш осы өңірден шыққанын және құрылысының да осы өңірде басталғанын, өзінің кезінде сол жұмыстардың басы-қасында жүргенін жиынға қатысқандарға меңзегенін маңғыстаулықтар айна-қатесіз түсінген еді.
Ал Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жанар-жағармай дауы өзіне тиіп, Елбасынан сөгіс алған кезде ғана төртінші зауыт салу керектігін әңгімелей бастады. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы осы мәселеге кедергі келтіріп жүргендердің аттарын атамаса да, сын тезіне алып кетті. Министр енді бел шешіп кіріскен тәрізді. Іске сәт!
Демек өмірдің өзі жаңа МӨЗ-дің ауадай қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Ыңыршағы көрініп тұрған арық мәстектей үш МӨЗ қанша жаңғыртсаңыз да қазақша айтқанда «мал болмайтыны» нақты дәлелденді. Өйткені оларға кеткен шығынға баяғыда заманауи үлгідегі жаңа зауыт тұрғызып алуға әбден болатынын сарапшылар айтып та жүр, оны халық та ұғынып болды.
Бір айта кетер нәрсе, бұдан 34 жыл бұрын, яғни, 1984 жылы Бозашы түбегіне Елбасымыз (ол кезде Министрлер Кеңесінің Төрағасы) ішінде КСРО Жоспарлау комитетінің төрағасы Н.Байбаков бар бір топ одақтық және республикалық министрлерді бастап келді де, Бозашы мұнайын игерудің болашағын талқылады. Міне, осы жиында қазақстандықтар тарапынан геологиялық қоры миллиард тоннаға пара-пар Бозашы түбегінде ванадий металы бар мұнайды өңдейтін дербес зауыт тұрғызыла қалғанда Маңғыстаудың өзге кен орындарындағы өндірілген мұнайды басқа жаққа тасып шығынданбай, өз жерінде өңдеудің тиімділігі де айтылған болатын.
Елбасымыз еліміздің экономикасын өркендетіп, одан әрі нығайта түсуге өлшеусіз үлес қосатын бұл бастаманы тәуелсіздігіміздің елең-алаңы кезінде-ақ жүзеге асырмақ болып, Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысын бастатқаны белгілі.
1991 жылдың 14 ақпанында Қазақ КСР Министрлер кабинеті мен КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі аталмыш зауыт жөнінде бірлескен №101 қаулы қабылдады. Құжат қабылданбай тұрып Бозашы мұнайын тиімді пайдаланудың және өңдеудің, сөйтіп елімізді сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етудің әртүрлі жолдары терең зерделенген-ді. Жоба бойынша Бозашы мұнайын терең өңдейтін зауыттың қуаты жылына 6 миллион тонна өнім болды. Өнімінің құрамына өте жоғары сапалы бензин, реактивті және дизель отыны, жол және құрылыс битумдары, сонымен бірге өте бағалы компоненттер – ванадий мен никель кірді.
Зауыттың жылына 3 миллион тонна мұнай өнімдерін шығара алатын бірінші кезегін 1995 жылы пайдалануға беру жоспарланды. Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 14 қазандағы №605 қаулысымен зауыт құрылысына қосымша шаралар белгіленді. Экспортқа шығару квотасы жасалды. Жыл сайын Бозашының 1 миллион тонна мұнайынан түскен қаржыны зауыт құрылысына мақсатты жұмсау үшін Әлембанктен мұнай сатудан түсетін қаржыны жинайтын арнайы валюталық есепшот ашылды.
Зауыт құрылысына тапсырыс беруші де, бас мердігер де, бас жобалаушы да белгілі болды. Зауыт құрылысын салу конкурсына АҚШ-тан да, Германиядан да, Жапониядан да әлемнің белгілі фирмалары мен консорциумдары қатысты. Конкурста жапониялық «Мицуи-Мицубиси-Тойо» фирмасы жеңімпаз атанып, қысқа мерзімде зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) жасақтап берді. Жапониялық жобада Бозашы мұнайын ғылым мен техниканың озық жетістіктерін қолдана отырып, әлемдік стандартқа сай және әлемдік нарықта сұранысқа ие 92,5% терең өңдеу, сонымен бірге сирек металдар ванадий мен никельді бөлектеу көзделген еді...
Зауыттың орнын белгілеу де оңай болған жоқ. Мұқият зерттеліп, Ақтау қаласынан 43 км жерден орын таңдалды. 1992 жылы экологиялық қызмет органдарымен бірге қоршаған ортаға тигізетін әсері анықталды, мақұлданды және бекітілді.
Сөйтіп 1992 жылдың 12 мамырында өңір тарихында есте қалар оқиға болды. Зауыттың алғашқы қадасы қағылып, алып экскаватор ожауымен болашақ зауыттың орнының топырағы қопарылды. 1992-1994 жылдары жұмыс біршама қарқынды жүрді. Зауытқа ондаған километрлік асфальт жол, теңіз суын әкелетін 20 км технологиялық құбыр (диаметрі 1220 мм), 15 км ауыз су құбыры, Тамақ темір жол стансасынан 47 км темір жол төселді, ВЛ-6 кв электр желісі тартылды. 1994 жылдың мамырынан бастап жұмыс қаржы жоқтықтан баяулай бастады да, кейінгі жылдары тоқтады.
1994-1997 жылдар жас тәуелсіз Қазақстан үшін шындығында аса қиын жылдар болды. Аса үлкен бағдарламаларды қаржыландыруды республика бюджеті көтере бермейтінін, сондықтан да жапониялық инвесторға Үкімет өз тарапынан кепілдік бере алмағанын мұнайшылар түсінді.
Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. «Жоба ескіріп қалған жоқ па?» деген сауалдың алдан шығары сөзсіз. Аймақтағы осы істің мамандарының пікірінше ол жоба әлі ескірген жоқ, ескірмейді де. Онда әлемдік мұнай өңдеу өнеркәсібіне қатысты мол тәжірибенің таңдаулы жиынтығы бар екен. Зауыт жобасының оң сараптамалық қорытындысын Англияның атақты тәуелсіз фирмалары (Ален энд Овери, Кем Системз, Барклайз Банк) жасаған.
Қазақстан инвесторлар үшін ең сенімді әрі ең тиімді аймақ болып табылады. Бұдан жиырма жыл бұрын мұнай өңдеу зауытын салуда Маңғыстау өлкесінің таңдалуы тегін емес еді. Мұнайды өндіру мен өңдеудің бір өңірде болу тиімділігі ескерілген-ді.
ММӨЗ құрылысын қайта жаңғыртудың тиімділігі ерен. Бозашы мұнайының жоғары тұтқырлығы әлемдік нарықта шикілей сатқанда төмен бағаланады, бұл да Үкімет тарапынан ескерілген. Өлкенің табиғи байлығын өз жерінде өңдеп сатудың тиімділігі өте жоғары болмақ. Кен орындарындағы («Қаламқас», «Қаражанбас», «Солтүстік Бозашы», «Жалғызтөбе», «Қаламқас-теңіз», «Қаражанбас-теңіз», «Өзен», «Жетібай», өзге де теңіздегі кен орындары ) мұнайдың үлкен қоры ММӨЗ-дің қуатын арттырып, ұзақ мерзімге пайдалануға қол жеткізеді. Шикі мұнайды тасымалдағаннан гөрі, тұтынушыларға дайын мұнай өнімдерін тасымалдаған өте тиімді екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Мұнай әлемдік стандартқа және әлемдік нарықта сұранысқа ие боларлықтай 92,5% терең өңделеді, сонымен бірге сирек металдар ванадий мен никель алынады.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді қазақ. Зауытты Маңғыстаудан салу жөніндегі өңірдің бір топ мұнай ардагерлерінің, облыстан сайланған Парламент депутаттарының Үкіметке жолдаған ұсыныстары сонау 2014 жылдан бері жатыр, оған тиісті орындар түсіністікпен қараса дейміз.
Дүниежүзілік маңызға ие, шикізат өңдейтін алып кәсіпорынды маңында мұнай кен орындары жоқ, тасымалдауға мол шығын кететін (технологиялық базасы жоқ) сұр далаға апарып қондыра салуға болмайды. Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары солай, яғни алыстан тасымалданатын Батыс Сібірдегі Ресейдің мұнайына негізделіп салынған. Сондықтан өзгеге тәуелді. «Кісідегінің кілті аспанда». Оның белгілі дәрежедегі өзіндік қиындықтарын қолмен ұстап, көзбен көріп жүргендер ғана біледі. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының бәрін шикізаты алыс кен орындарынан тасымалдауға негізделген нұсқаға байлап қоюға болмайды. Қазір бізге өңделген мұнай өнімдерінің 35%-ы Ресейден келеді.
Өз шикізатымен жұмыс істеп, мұнайды 92,5% терең өңдейтін, сөйтіп «Еуро-4», «Еуро-5» маркалы жоғары сапалы бензин шығара алатын, сирек кен болып табылатын ванадий мен никельді де өңдей алатын, сөйтіп сыртқа экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тәуелсіздігімізді қамтамасыз ететін мұнай өңдеу зауытының құрылысын өз орнында қайта жаңғыртуды сұрауға маңғыстаулықтардың моральдық құқы бар деп білеміз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»,
Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Маңғыстау облысы