• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Әуелгі міндет – әлеуметтік жауапкершілік

330 рет
көрсетілді

Еліміз Тәуелсіздік алғалы жиырма жылға жуық уақыт өтті. Сол жылдардан бері мемлекет кәсіпкерлік саласын қолға алып, бизнесті дамытуға барынша жағдай жасап келеді. Шетелдік инвесторларды тартып, шағын және орта бизнес саласына тексерулерді азайтты. Отандық бизнес өкілдері де қамқорлықты аз сезінген жоқ. Сондықтан болар, олар да мүмкіндігінше әлеуметтік салаларға қолдау көрсетіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда. Өз кезегінде мемлекет әлеуметтік салаға қолдау көрсеткен заңды және жеке тұлғалардың еңбегін бағалап, олардың үздік шыққандарын жыл сайын «Парыз» байқауында дәстүрлі түрде марапаттайды. Қазақстанның мұнай және газ өндіру саласында алғашқы үштіктің құрамына енетін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы оң көзқарас қалып­тастырып үлгерген компания. Бес жыл­дан бері бұл компания Қазақстан және Лондон қор биржаларында акцияларын саудалап келеді. Сатып алу саясатын кеңінен ойлас­тырып, негізгі активтерге инвестициялар салу бағдарламасын оңтайландыруда ішкі және халықаралық рынокта өзінің ұста­нымдарын біршама нығайтты. Компанияның негізгі өндірістік активтері Маңғыстау және Атырау облыста­рын­да болғандықтан, осы өңірлердің жер­гілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту назардан тыс қалған емес. Көп­теген әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырып, аймақтағы халықтың тұрмыс деңгейін көтеруде біршама шаруалар атқаруда. Мәселен, Маңғыстау облысындағы әлеуметтік жоба аясындағы атқарылған бірқатар игілікті шараларды ерекше атап өтсек болады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ келісім-шарттық міндеттеме шеңберінде Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданы­ның әлеуметтік инфрақұрылымын да­мы­ту бағдарламасын қолға алған. Ол бойын­ша 2008 жылдан бері жыл сайын 900 млн. теңге бөліп, коммуналдық-тұрғын үй ша­руашылығын дамытып келеді. Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімдігімен келісілген аймақтың әлеу­меттік жобаларын қосымша қаржы­ландыру туралы Мемо­ран­думға сәйкес 2010 жылы әлеуметтік жұмыс орын­дарын ашты. Қоғамның бас ауруына айналған баспана мәселесін шешуде 200 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй құрылысын қаржыландырды. Төңірек­шің елді мекеніндегі қосалқы шаруа­шылықты 500 гектарға дейін кеңейтіп берді. Бала­лардың болашағын ойлап, алпыстан астам ауланы жабдықтады. Қаладағы он мектептің аумағында қазіргі заманға сай жасанды жабуы бар алаң орнатты. «Түйе-Су» мен «Сауысқан» кен орын­дары және Сенек ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаржылай көмек көрсету міндетін өз жауапкершілігіне алды. Қай қоғамда болмасын, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы және әл-ауқаты төмен отбасы­ларға, еңбек және соғыс ардагерлеріне, жалғызбасты қарт­тарға көмек көрсету қажеттілігі туын­дайды. Компания атал­мыш топтарға қайы­рымдылық көмек көрсетуді әрқашан назарда ұстап келеді. 2010 мен 2012 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында 50 стационарлық орны бар емдеу-медициналық орталығы салынбақшы. «Кендірлі» демалыс кешеніндегі медициналық-сауықтыру орта­лы­­ғы мен Каспий теңізі жағалауында жалпы құны 570 млн. теңгені құрайтын 250 орындық балаларды емдеу орта­лығы да «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ бас­тамасымен жүзеге асырылды. Әлеуметтік қолдау бағдарла­масының шеңберінде ком­пания 3 мыңға жуық адамды өз қам­қорлығына алған. Оларды демалыс орын­дарына жолдамамен жіберу, республи­калық және аймақтық мерзімді басыл­ым­дарға тегін жаздыру, мұнайшылардың балаларын таяу шетелдерге демалысқа жіберу секілді шараларды қаржыланды­руды тұрақты түрде реттеп келеді. Ай­мақ­тағы спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау да басым бағыт­тарының бірі. Жалпы, 2009-2011 жылдары әлеумет­тік бағдарлама аясында бөлінген 4,5 млрд. теңге қаржыға жиырмадан астам маңыз­ды нысандар салынған. Атырау облысындағы жүзеге асқан әлеуметтік жобалар да ауыз толтырып айтарлықтай. Мақат ауданы, Доссор поселкесінде ашылған 80 балаға лайық­талған «Ботақан» балабақшасы түгелдей заманауи техникамен жабдықталған. Ойын алаңдары, шаруашылық бөлімдері өз алдына арнайы соғылған. Нысанның құны 180 млн. теңгеге бағаланған. Облыс­­тағы «Мұнайшы» мәдениет сара­йына қайта күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, инженерлік инфрақұрылым­дық желілер жаңартылды. Атқарылған жұ­мыс­тың құны 127 млн. теңгені құрап отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, Доссор мұнайының 100 жылдығына, Маң­ғыстау мұнайының 50 жылдығына, Құм­көл мұнайының 20 жылдығына арнал­ған «Каспий: мұнай мен мәде­ниет» фотоаль­бомның жарыққа шығуы­на тікелей қолдау көрсетті. Бұл еңбекте Маңғыстау және Атырау, сонымен қатар, Ресейдің Астрахан аумағына жүр­гізілген алғашқы экспедиция туралы ғылыми-публицисти­калық жарияла­ным­дар берілген. Айта кететін тағы бір мәселе, білім саласын дамыту бағдарламасы шеңбе­рін­де Доссор поселкесіндегі дене шы­нық­тыру кешені толығымен жөндеу­ден өтті. Кешенге қосымша жаттығу және көрер­мен залдары салынды. Инженерлік желілер орнатылды. Ал Миялы поселкесінде пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 150 млн. теңге қаржы бөлінді. Елбасы Жолдауына сәй­кес бұқаралық спортты дамытуда Индер, Махамбет, Жылыой аудандарында жа­ңа­дан спорттық нысан­дар бой көтеріп, халық игілігін көруде. Компания тек қана аталмыш екі облысқа ғана емес, сондай-ақ су тасқы­нынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зеленов және Тасқала аудан­дарына жаңадан құрылыс нысан­да­рын жүргізуге 1 млрд. теңге бөлді. Жыл сайын балалар үйіне, мектеп оқушыларына, еңбек және соғыс ардагерлеріне, мүгедек­тер мен зейнеткерлерге, көпбалалы отба­сыларға қайырым­дылық шараларын ұйым­дастыруды Атырау облысында да дәстүрге айнал­дырған. Әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі осындай игілікті шараларды «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ алдағы уақытта да басымдықпен жалғастыра бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.