Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын нығайту және жауапты мекеме қызметкерлерімен аталған мәселенің күрделі түйткілдерін талқылау мақсатында «Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері педагог-психолог Марта Есіркепқызы, облыстық ІІД Сазды полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Эльмира Потақызы, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты «Әкімшілік құқық және ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» кафедрасының аға оқытушысы, полиция подполковнигі Жолдыбай Амантайұлы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, оқытушылар мен ата-аналар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында жасөспірім дамуына әсер етуші тәрбиенің екі қайнар көзі – саналы түрде әсер ететін жанашыр орта мен қоршаған «күрделі» ортаның ара жігі ашып көрсетіліп, адам үшін адаспайтын жол өмірдің мәнін тауып, жарқын өмірге құлшыну екендігі жастарға ұғынықты тілмен түсіндіріліп, нақты деректер берілді. Шара қонағы Марта Есіркепқызы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді» деп өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар ата-ана мен балаға, олардың қарым-қатынасына, өзара ұғынысуына бағытталған тренингтер өткізіліп, мамандар сараптама жасады және тосын да қызықты мәліметтер мен жастарға керекті кеңес берілді.
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығының 3-курс студенттері Альбина Тілеубаева, Гүлнұр Есенғали, Айым Жылқайдар қоғам, отбасы, жастар өмірінен ситуациялық жағдайлар көрінісін сахналауға қатысты.
Шара тыңдаушылары қонақтарға сұрақтар қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ «Жастар арасында қылмыстар» атты бейнеролик көрсетіліп, «Заң және жастар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Осылайша, ортаға тасталған оймен, ұсыныстарды талқылау арқылы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу қадамы жасалды.
Лиза ҚАРАҒОЙШИНА, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Ақтөбе облысы