Қазіргі таңда Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы сауатты да салиқалы бастамаларымен ғана емес, ішкі тіршілігіне қатысты қолға алынған ауқымды шараларымен де әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін өсіріп отыр.
Жалпы, еліміздің даму бағыты, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін нақтыланған негізгі міндеттер, уақыт ағымына сай туындаған өзекті мәселелерді шешу жолдары Елбасының дәстүрлі жолдаулары мен үндеулерінде атап көрсетілетіні белгілі. Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған бұл аса маңызды құжаттар тек ел ішінде, яғни өз халқымыздың арасында ғана емес, әлемдік ауқымда қызу талқыланып жүр. Күні кеше талайларға белгісіз болып келген, кейбіреулер әлем картасынан әзер табатын Қазақстан осылайша әлемдік қоғамдастық қызығушылықпен қадағалайтын елге айналды. Еліміздің әрбір басқан қадамына барша дүниенің ойлы көзбен қарауы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ықпалды, мақсаты айқын, маңызды рөлге ие мемлекет болып қалыптасқанын аңғартса керек.
Қай мемлекет болсын өзінің қарым-қатынас орнатып отырған елдерінің сыртқы саяси ұстанымдарымен қатар, оның ішкі мүмкіндіктерін де басты назарда ұстайтыны белгілі. Нақтылай айтқанда, екіжақты және көпжақты ынтымақтасу ісінде тұрақтылық пен орнықты даму көрсеткіштері, экономикалық көзір, ішкі тіршілігі ырғағының әлемдік стандарттарға сәйкестігі шешуші рөл атқарады. Осы орайда мемлекеттер басшылары ұсынған реформалар, ауқымды бағдарламалық құжаттар терең зерделенетіні сөзсіз. Мәселен, басқасын былай қойғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 5 наурызында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі ел ішінде ғана емес, әлемдік қоғамдастық тарапынан да кеңінен талқыланып, талай әңгіменің арқауы болды.
Тарата айтар болсақ, бірінші кезекте әлемдегі танымал бұқаралық ақпарат құралдары, олардың ішінде миллиондаған оқырманы мен көрермені бар порталдар мен телеарналар өздерінің және еліміздің белгілі сарапшыларының пікірлерін негізге ала отырып көптеген материалдар жариялады. Олардың негізгі мазмұнына қарағанда, Үндеуде атап көрсетілген әлеуметтік бастамалар Қазақстан халқының тұрмыс деңгейін арттыруға, елдің уақыт талабына сай дамуына кеңінен жол ашады.
Сондай-ақ жарияланған бұл материалдарда, әсіресе жастардың жоғары білім алуына жақсы жағдай жасау, халықты баспанамен қамту, елдің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру мәселелеріне қатысты бастамаларға ерекше маңыз берілген. Мәселен, Neweurope.eu ақпараттық порталы: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылордадан ел орталығы Астана қаласына дейін жаңа газ құбырының құрылысын бастауды тапсырды. Осы орайда Президент 5 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», деді. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан бері бұл елде газ өндірісі жыл сайын 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артты, бұл жыл сайынғы өсімге жететін көрсеткіш. Н.Назарбаев ел Үкіметіне инвестициялық қорларды, оның ішінде халықаралық қаржы институттарын қатыстыра отырып аталған жобаны алдағы 18 айда іске асыруды міндеттеді. Бұл жоба жүзеге асса тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады», деп жазды.
Сонымен қатар Елбасы Үндеуі танымал саясаткерлер арасында да қызу талқыға түсіп, онда айтылған бастамалардың дұрыс көтерілгені жөнінде пікірлер көптеп айтылды. Олардың бір бөлігі бес әлеуметтік бастама жөніндегі пікірлерін қазақстандық ақпарат құралдарына жолдады. Бұл тұлғалардың арасында Польша Республикасының бұрынғы президенті Александр Квасьневский, әзербайжандық саясаттанушы Елхан Шахиноғлы, АҚШ-тың Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің мүшесі Ариэль Коэн, Аустрияның экс-канцлері Альфред Гузенбауэр сынды белгілі саясаткерлер мен сарапшылардың жолдаған пікірлерін атап өтуге болады. Мәселен, А.Квасьневский қазақстандық ақпарат құралдарына ұсынған мақаласында Президент Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасына жеке-жеке тоқтала келіп, «Алдағы он жылда Қазақстанда жоғары білім алуға талпынатын жастар саны ұлғая түсіп, осы саладағы білім ошақтарына деген сұраныс артады. Сондықтан қазақстандық жастардың білім іздеп шетел асып кетпеуі үшін оларға өз елінде жағдай жасалуы қажет.
Міне, Қазақстан Президенті өзінің бес бастамасында осы ықтимал түйткілдердің алдын алуға қатысты тиісті шараларды қазірден іске асыруды тапсырып отыр. Н.Назарбаевтың қолжетімді əрі сапалы білім беруге байланысты бастамасы аймақ елдері арасында Қазақстанды білім беру саласында жетекші орынға шығарады», деп жазды.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда елімізде қолға алынып жатқан игі істерге, маңызды шараларға халықаралық қоғамдастықтың қызығушылық білдіре үн қатуы Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға өзіндік септігін тигізбей қоймайды. Бұл, әсіресе Қазақстанның тартымдылығын арттырып, сырттан инвестиция тартуға, туризм саласын дамытуға ықпал етеді.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»