• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Наурыз, 2018

Өскеменде «Наурыз айы келгенде...» атты ақындар айтысы өтті

743 рет
көрсетілді

24 наурыз күні Өскемендегі Металлургтердің Мәдениет сарайында «Ислам және отбасы» жылы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің жүлдесі үшін «Наурыз айы келгенде...» атты облыстық ақындар айтысы өтті. «Біз тамырымызды тереңге жайған, мың жылдық мәдениеті, саф алтындай салт-дәстүрі, өлмейтін өнері бар ұлы халықпыз. Былтыр Өскеменде Құрбан айтта аламан бәйге ұйымдастырғанбыз. 

Ал бүгінгі айтысты өткізудегі мақсатымыз – әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, тәрбие, отбасы құндылықтарын насихаттау. Жасыратыны жоқ, қазір «айтыс дінге сай емес, оны әспеттеудің қажеті не?» деген сыңаржақ пікір айтатын адамдар бар арамызда. Біз айтысты ақшамыздың, дүниенің көптігінен өткізіп жатқан жоқпыз, бұл – елімізге, жерімізге, ұлтқа, ұрпаққа қажет дүние. Пайғамбарымыздың заманында жасы өзімен шамалас Хасан ибн Салид деген атақты ақын болған. Пайғамбарымыздың жанында бірге жүрген. Үлкен бір жиында пайғамбарымыз ақынға қарап тұрып: «Ей, Хасан, айт, сөйле, Алланы ұлықта. Дініңді жеткіз. Мұсылмандықтың, имандылықтың қандай екендігін айт» деген. Хасан жырлағаннан кейін мұсылмандардың рухы биіктеп, әруағы көтерілген. Мерейі үстем болған. Сонда пайғамбарымыз үстіндегі шапанын ақынға жапқан. Қазақтың ақынын сыйлап, үстіне шапан жабуы, құрмет көрсетуінің себебі де сол. Сондықтан айтыс пайғамбардың жолы, пайғамбар сүннеті», - деді ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатайұлы айтыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен,  «Керекудің солақайы» атанған белгілі айтыскер, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі директорының орынбасары Серік Құсанбаев жүргізген, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының облыстық филиалының жетекшісі Әлібек Қаңтарбаев бастаған қазылар төрелік еткен сөз додасына 10 ақын қатысып, бағы мен бабын байқады.

Қай кезде де сөз бастау қиын ғой. Сахнаға ең бірінші болып шыққан семейлік Манарбек Сатыбалды мен Аягөз ауданының намысын қорғаған Нұржан Қайратұлы айтыстың тақырыбын барынша ашуға тырысып, отбасы, тәрбие, дін жайында ой толғады. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарын әбігерге салып жатқан тасқын да ақындардың қырағы назарынан тыс қалған жоқ.

Дегенмен бұл сында «Бір адамның сауатсыз жұмысынан, мың адамның тағдыры сыналады» деп сөз сабақтаған Алаш қаласының ақыны Манарбек жоғары ұпай алды. Бұдан кейін Көкпектінің атынан сынға түскен Фархат Маратұлы мен бүгінде тілсіз жаумен арпалысып жатқан Глубокое ауданының тумасы Қуаныш Еркінұлы сахна төріне көтеріліп, жыр додасының көрігін одан әрі қыздыра түсті. Қос айтыскер де сөзінің «бісімілласын» залдың жартысынан астамын толтырып отырған солдаттарды жырға қосудан бастады. Қуаныш «әскерилер айтыс көріп отыр бүгін, елімізде еш соғыс болмағасын» деп толғаса, Фархат «ДКМ-нің ішінде жыр жауып тұр, сыртында нұр жауып тұр, төрде ақыны, залында әскері отырған қазақ деген дүр халық бұл» деп түйді. Үстіне әппақ киім киіп келген қарсыласын «ақ киімді денелі жоқ сақалы» деп бір қағып, өзінің жасыл кәстөммен келгенін: «Қыс пен көктем айтысса Наурызда, соңында кім жеңері белгілі ғой» деп әдемі әзілмен өре білген Қуанышқа ақ ұғымының қасиетін тізбелей келіп Фархат: «Сондықтан ақ пен көкті салыстырма, қашанда аққа Құдай жақ емес пе?» деп орамды жауап қайырды. Үшінші жұп болып ұландық Жанат Расылхан мен өскемендік Гүлнұр Зұлқаршын өнер көрсетті. Тақырыпқа терең бойламаса да қыз бен жігіттің айтысын көрсетуге талпынған қос ақын әуелде тартыншақтағанымен сөз додасының соңына қарай қыза түсіп, қолдарына микрофон алып, тік тұрып айтысып, әзер дегенде тізгін тартты. Айтыстың төртінші жұбы семейлік Серік Қуанған мен зайсандық Нәрия Ақбабаның жыр сайысы да көрермен көңілінен шықты деуге болады.

Бұл сында «Берері жоқ бес күнде, қазағымды берекеден айырма» деп өлеңнен өрнек салған Серік Қуанған басымдығын танытты. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, сахнаға соңғы, бесінші жұп болып есімі көпке белгілі Аслан Ғафуров пен жас талант, жаңа есім, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің дайындық курсында тәлім алып жүрген Гүлжан Ықылас шықты. Әсет пен Кемпірбайдың қоштасу әуеніне салған Аслан Ғафуровпен сөз қағыстырған 17 жастағы бойжеткен қарсыласым қарымды деп тартынған жоқ.

Талай жыр бәсекесінде топ жарып, әбден ысылған Аслан ақын ер айтыскерлердің ежелгі әдетімен тоқал тақырыбына ойысқанда Алтайдың ар жағынан қазақылықтың уызын қанып ішкен қарындасы ақын ағасын жезде бен балдыз айтысына шақырды. «Құлыншақ ойнақтаса құт болады, Атан түйе ойнақтаса жұт болады» деп сөз арасында қарсыласының жастармен бірге сайысқа түскенін де сын садағына алғандай болды. Аслан Ғафуров талай додаға түскен, жөн-жоралғыны білетін ақын ғой. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, көрерменді де, өзін де үлкен айтысқа алғаш қатысып отырса да батылдығымен тәнті еткен бойжеткенге айтыс соңында ағалығын көрсетіп, батасын беріп, гүл шоғын ұсынды.

Айтыстың екінші кезеңіне қазылардан жоғары ұпай алған төрт ақын шықты. Сөз додасын Қуаныш Еркінұлы мен Гүлжан Ықылас бастап, Фархат Маратұлы мен Серік Қуанған түйіндеді. Айтыс қорытындысында жүлделі үшінші орынды облыстық деңгейдегі айтысқа алғаш рет қатысса да өрелі өнер көрсеткен Гүлжан Ысқылас иеленді. Екінші орын айтыс ардагері Қалихан Алтынбаевтың жолын жалғап Жармада туса да Көкпектінің намысын қорғап жүрген Фархат Маратұлына бұйырды. Бірінші орынды «бүгінде көп сөйлейтіндер көбейді, сөйлей алатындай азайды» деп ой толғаған Серік Қуанған алды. Бас жүлде – қажылық сапарын «Кемедей қалып қойған Қазығұртта, жете алмай қап жүрмейін қажылыққа» деп жыр ағынын селдеткен Глубокое атынан додаға түскен Қуаныш Еркінұлы еншіледі. Сонымен қатар облыстық мешіт шешімімен Аслан Ғафуровқа умра қажылықтың жолдамасы  табыс етілді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН