• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

«Арманым – қыздарыма үлгі болу»

444 рет
көрсетілді

Ресейдің Иваново қаласында дүниеге келген Ольганың қазаққа әу бас­тан еш жаттығы жоқ. Бәл­кім, анасы Вера Батыс Қазақ­стан­да туып-өс­кендіктен де болар. Кейін Ольга өзінің де тағдырын қазақ жұртымен бай­ланыстырып, қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Қазақтың келіні атанады. – Менің Анам Батыс Қазақ­стан­ның тумасы. 18 жасында Иваново қаласына оқуға барып, сол жер­де тұрмыс құрып, қалып қоя­ды. Он жасқа толған кезімде менің Оралда қалған әжем ауырып, сол себепті, біз отбасымызбен Батыс Қазақстан­ның Ақ жайық ауда­нын­дағы М.Шолохов елді-мекеніне қоныс аудардық. Ауылға көшіп келген күннің ер­тесінде-ақ, мен қазақ бала­лары­мен та­нысып, достаса бастадым. Олар ма­ған тіл үйретті. Кейін қазақ ұлты­ның әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, оның ішінде қазақ­тың ұлттық аспа­бы – домбыраға деген қызығушы­лы­ғым арта түсті. Осы­ның әсері болар, мектепте оқып жүргенде құрбым Анарға еріп, домбыра үйірмесіне бар­­дым. Уа­қыт өткен сайын қазақ­тың ұлт­тық аспабының тереңдігіне қаныға түс­тім. Бұл менің өнер жо­лы­на бет бұр­ған алғашқы қадамым бо­латын. 1987 жылы Алматыдағы Республика сара­йын­да өткен ақындар айтысын­да ха­лық термесін орында­дым. Көп ұза­май «Тамаша» ойын-сауық отауы­на шақырды. Бір күні Құр­манғазы атын­дағы консер­ва­то­рияның рек­торы­ Дүйсен Қа­сеи­нов­ты кездестіріп қалдым. Ол маған: «Дом­быра курсы бойынша жоғары білім алғың келе ме?», деп сұрады. Әрине, ол менің көкейімде жүрген із­гі ар­маным-тұ­ғын. Осылай­ша, 1989 жылы консер­ва­торияның екі жыл­дық дайындық курсына тү­сіп, 1996 жылы атақты күй­ші Біләл Ысқақов ағаның класы­нан консер­ва­торияны тәмамдадым. Консерваторияның 5-ші курсы­ның аяғында таныс музыкант­тар­дың шақыруымен Қорғаныс министрлігіне қарасты «Сарбаздар» ұлт-аспаптар ансамбліне жұмысқа орна­ластым. Осы ансамбльде жү­ріп, Маратпен таныстым. Мен Ма­рат­т­ың отбасын өте жақсы көре­мін. Біздің Жанел, Жаннамария жә­не Данел деген үш әдемі қызы­мыз бар. 2000-шы жылы Халық қаһар­ма­ны, генерал Бақытжан Ертаев­тың арнайы шақыртуымен, Семей қала­сына қоныс аудардық. Жолда­сым Ма­рат – осы жердегі «Шы­ғыс» өңір­­лік қолбасшылығы әске­ри ор­кес­трі­нің бастығы. Мен сол оркестрдегі ұлт аспаптар ансамблінде жеке орын­даушы және әнші болып қыз­мет етемін.  Отбасы­мыз­да көбі­не қа­зақша сөйлеуге ты­рыса­мыз. Сол ар­қы­лы өз балаларымызға үлгі көрсет­кіміз келеді. Биылғы жылы «Қазақ­стан ханымы – 2011» бай­қауына қатысқан себебім де осы. Қыз­дары­ма үлгі болу. Болашақта олар да ма­ған қарап бой түзеп, жо­ғары жетістіктерге жетсе деп армандаймын. Ольга САҒЫНДЫҚОВА. Семей.