Ауа райын болжаушылардың айтуынша, наурыз айының соңғы күндері Қарағанды облысында жаңбыр жауып, күн күрт жылынады екен. Демек көбесі сөгілген қар жаппай еріп, сай-сала, жыра-жылға суға толады деген сөз бұл. Сай-сала ғана суға толса жақсы ғой, көңілдегі күдік тасқын мен қарғын су қаупі алдындағы қауқарымыз қаншалықты деген үйреншікті һәм үрейлі сұраққа жауап іздейді.
Жуырда өңір басшысы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен аппарат жиналысында облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа көктемгі су тасқынына қатысты есеп берген болатын. Жауапты тұлға келтірген ресми мәліметтер көңілдегі алаңның мұртын аздап болса да басқандай болды. – Жауын-шашынның көп жаууына және қардың күрт ери бастауына байланысты 21-24 наурыз аралығында облыста қарғын су үш елді мекендегі 12 тұрғын үйге кірген. Бұлар – Теміртауда, Абай қалаларындағы және Бұқар жырау ауданының Көкпекті кентіндегі үйлер. Барлық үйлерден су сорылып шығарылды. Үйлер бұзылған жоқ. Уақытында үш адам эвакуацияланып, біраз уақыт туыстарының үйінде болды. Қазіргі таңда олар өз үйлеріне оралды, – деп мәлімдеді ол.
Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүріп кетіпті. Олардың екеуінде қазіргі уақытта қозғалыс қайта қалпына келтірілген. Қарқаралы ауданындағы «Ынталы –Бесоба» және «Талды – Ақбай–Қызылбай» автожолдарының бөліктерінде жолдың беткі қабатын су шайып кеткендіктен, қозғалыс шектелген. Онда қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары өткізілді. Ғ.Мұстафин кенті мен Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылдары маңындағы автомобиль көпірлерінде 44 кило жарылғыш зат пайдаланылды», деп хабарлады Анатолий Шкарупа. Жалпы, облыстағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деуге негіз бар. Самарқан су қоймасында 26 наурыздан бастап су жіберу көлемі секундына 120 текше метрге дейін ұлғайтылған.
Өңір басшысы су тасқынының алдын алу шараларын жандандыруды тапсырды.
– Су жүруі мүмкін деген барлық автожолдардың бөліктерін аралап шығу керек. Қажет болған жағдайда қосымша су өткізу құбырлары орнатылуы тиіс. Үйлерге су кетуге жол бермеңіздер. Бізге төтенше жағдайды жою үшін қыруар күш жұмсаудың керегі жоқ. Олардың алдын алуымыз қажет. Су жүретін жерлері тар бөліктерде адамдар мен техниканы көбірек жұмылдырыңыздар. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдай – бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Қар енді ғана ери бастады, – деді Ерлан Қошанов.
* * *
Көктем келіп, қар ери бастағалы облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар қыза түсті. Бұл іске облыстық басқармалар, коммуналдық қызметтер, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар белсене атсалысуда.
– Су тасқынының қауіпі бар аумақтарда тұратын 7000-ға жуық адам қамтылып, халықпен 75 рет кездесу ұйымдастырылды. Су тасқынына қарсы қажетті материалдық-техникалық құралдардың, инертті материалдардың қорлары құрылған. Бүгінде облыс аумағында өзендердегі, су қоймаларындағы, гидротехникалық ғимараттардағы су тасқынының өтуін қадағалау мақсатында 54 бекет жұмыс істеп тұр. Су тасқыны қаупі күшейген жағдайда облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы саны 7403 адам, 2665 техника бірлігі мен 125 жүзу құралдары сақадай сай тұр, – деп хабарлады Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Сонымен қатар арықтар мен өзекшелерді тазалау, тереңдету, су ағызғыштарын және су жіберуді кеңейту жұмыстарын атқару туралы ұсыныстар арнайы жасалған жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Жуырда ғана су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде Қарағанды қаласы төтенше жағдайлар басқармасымен бірге Федоров су қоймасының арналарын қамыс пен талдардан тазарту жұмыстары атқарылды. Аталған шараға Қарағанды облысы ТЖ департаментінің, Ұлттық ұлан №52859 әскери бөлімінің және «Благоустройство» ҚМКӨ күштері мен құралдары жұмылдырылған. Сол күні Соқыр өзені арнасының 1300 метр жері тазартылды. Сондай-ақ Қарағандының Куряновск, Р.Люксембург, Мурманская, Чапаев, Заводская, Арбатская, Крымская, Толстой, Суриков, Машинист сияқты жекеменшік үйлер көп шоғырланған көшелерде рейд ұйымдастырылған. Рейд барысында қарғын судың кедергісіз өтуі үшін су өткізгіш құбырлар, арықтар және олардың арналарын уақтылы тазалау, жеке аулалардан қарды шығару және тазалау бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруі салдарынан Теміртау қаласындағы жеті жекеменшік үйді су басқан еді. ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқару органдары, жергілікті полиция қызметі және басқа да жұмылдырылған күштер апат зардаптарын жоюмен айналысты. Сонымен қатар Бұқар жырау ауданының Көкпекті кентінде, Абай қаласында төрт үйді судан тазарту жұмысы жүзеге асқан. Қазіргі таңда қауырт науқанға байланысты тиісті шаралар қолға алынып, су тасқыны туралы ескертулер жасалуда. Үйдің иесі болмай қалған жағдайда, судың тасуы байқалған кезде қандай әрекет ету керектігі жазылған естелік хабарлама қағазды қалдыру да қарастырылған. Арнайы жұмыс кестесі бойынша қар тазалау жұмыстары айдың соңына дейін, керек болып жатса сәуір айында да жалғасын табады.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ