Кеше кешқұрым Ақорданың алдындағы алаңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Бас жаңажылдық шыршасын жағу рәсімі өтті. Бас шыршаның сан алуан шамдары жарқырай жанып, оны қызықтауға үш мыңға жуық бала мен ересек жиналды.
Бұл күні елорда ерекше нұрға малынып, нағыз мерекелік шаттыққа енді. Ел Тәуелсіздігінің айтулы белесін айшықтайтын паннолар, ұран сөздер көшелерге ілініп, мерейтой әрін аша түсті. Ел тілегі мақсаттас, мүдделес екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Астана тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде Президент Ақорда алдындағы Қазақстанның басты алаңында жаңажылдық шыршаны жағу салтанаты жылдағы дәстүрге айналғанын, Бас шырша шамдары жанғаннан кейін еліміздің барлық жерлерінде орналасқан шыршалардың шамдары бірге тұтанатынын атап көрсетті.
– Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп отыр. Бұл – бәріміз үшін айтулы мерейтой. Жаңажылдық мереке – бұл ертегідей көрінетін, армандары орындалатын, болашаққа жоспар құратын әрқашан балалардың мерекесі. Біз сендер үшін еңбек еттік, сендердің бақытты болуларың үшін жұмыс істедік. Сендердің міндеттерің – жақсы оқу, біздің ұлы Отанымыздың лайықты азаматы болу. Біз жиырма жылдықты мерекелейміз, табыстарды атап өтеміз. Болашаққа жоспар құрамыз. Ал, біздің болашағымыз – сендерсіңдер. Сендерге, біздің балаларымызға мен жаңа жылда мол бақыт, мықты денсаулық тілеймін. Біздің еліміз гүлдене берсін, біздің балаларымыз бақытты болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент барша қазақстандықтарға жаңа табыстар, зор денсаулық, бақыт және игілік тіледі.
Биіктігі 25 метрді құрайтын, 2 мыңнан астам ойыншықтармен, 925 стробоскоппен, 345 жарық диодты қар ұшқындарымен безендірілген Бас шыршаның шамдары самаладай жарқырап, нұрын төгуі мұң екен, айнала жүздерін аяз сүйіп, суық сорған бүлдіршіндердің сыңғырлаған күміс күлкілеріне, шат-шадыман әуенге толып сала берді. Мың бұралған билер сахна сәнін келтірді. Әсем ән әуелеп, Астана көгінде қалықтады. Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған көрініс қойылды. Ертегілер кейіпкерлері кеш шырайын аша түсті.
Елбасымен бірге Бас шыршаны жағу құрметіне ие болған балалардың көңілдері көтеріңкі. Солардың бірі Индира Сәркенованы әңгімеге тарттық. Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның 5 сынып оқушысы мұндай қызыққа алғаш қатысып отырғанын, өзін шын бақытты сезінетінін шаттықпен жеткізді.
Ал Астана қалалық білім басқармасының қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесіне үлкен әзірліктер жасап жатқандарын, бүгінгі шараға мыңдаған оқушылардың белсене атсалысқандарын, көп балалы отбасылардың, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бір мыңдай балаға Президент сыйлығы тапсырылғанын атап көрсетті.
Мақпал түнді самаладай жарқыратып тұрған Бас шыршамен бірге Астанада 30 жаңажылдық шырша орнатылып, шамдары бір сәтте жарқырады. Ақорда алдындағы алаңда өткен жаңажылдық шыршаның жағылуы мерекелік отшашуға ұласты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.