• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Сәуір, 2018

Тау көтерген толағай

1624 рет
көрсетілді

Байырғы ойшыл Толстой бақытты от­басының ба­­қы­ты бір­келкі, бақытсыз үй­дің тағдыры сан қилы деп айтқаны кезінде адамзатты таң­ғалдырған еді.

Көркем өнерде бақытты пен­денің өмірін сомдау, кері­сінше, қиынның қиыны, бірақ, бақытсыз образдың қалам тартатын қасиеті, сипаты көп. Демек, бірдей бақыты бар шаңырақтың бейнесін жасау, мың сан түрлі қайғы-қасіреттің ала-құла келбетін кейіптеуден әлдеқайда ауыр.

Өмірдегі оңай нәрсе көңіл­дегі шығармада оңайға соқ­пайды. Алайда, жан шо­шы­ған ақыреттен асқан, кісі қорыққан қияметтен өткен, таланы таусылған тағдыр талайына қарсы тұра алған қайрат туралы жазу – бәрінен де биік, бәрінен де үстем жасампаз рух иесінің қолынан ғана келеді екен.

Бірінші бөлім. Декарттық пәлсапа

Қаламгер Немат Келім­бетов­тің үміт туралы кітабы, адам­ға біткен ақыл-ой мен қа­жыр-қайраттың шексіздігін растайтын формула тәрізді. Бір адамның бойына қонған осыншама зор қабілет-дарын, қажымас қайрат қайдан тамыр тартқан деп ойлайсыз. Жарайды, желімдей жа­бысқан дерт бес жыл бойы ер көңілге қайғы байлап азаптасын, тіпті, нардай азамат табаны күректей он жыл бейнет көр­сін, бірақ отыз бес жылға тарта уақыт адам баласын кереуетке таңған сырқат күшіне ешкім шыдамайтындай көрінеді. Бас­қа түскен бейнет шексіз болса, сол бейнетті көтере алатын адамның қайрат-жігері де, күш-қуаты да, ынта-ниеті де тау­сылмайды екен. Ер-азамат басына күн туғанда, көлденең келген науқастан езген сайын езіліп, жатып алмай, еркіне сеніп, қаһарына мініп, ақыл-ойына сүйе­ніп, қиындыққа мойымай, қар­сы көтерілгенін күтеді екен ел. Күреске даярлығы, батыл ұм­тылысы халықты да рухтандырады. Мехнаттың жанға батқаны өмір­дің қайтпастығымен, азап­­тың салмағы қайғының ұзақты­ғы­мен өлшенеді.

Заңғар ойшыл Мераб Мамар­дашвили қалыптасқан ұғым-түсініктерді қолдану мен ойлау үдерісін шатастырып алмау жө­нінде пікір қозғап еді. Ой де­геніміздің бәрі ойлау емес. Ой­лау бір нәрсенің қасиеттерін жік­теуден басталады, сосын, салыс­тыра отырып басқа бір нәрседен айыр­масын табудан тұрады. Демек, ой бір сәттік құбылыс емес, бірінен соң бірі төгіліп жататын жүйрік ойлардың тасқыны.

Немат – пәлсапашы. Ол шы­ғар­масында бейнеленіп отыр­ған кез келген мәселені ой арнасына түсіріп, содан қуалай оты­рып, жан-жақты тал­­қы­лай­ды, зерттейді, салыстырады. Ұқсастығын кө­реді. Айыр­машылығын таниды. Бөтен­дігін аңғарады немесе туыс­тығын бай­қайды. Шеруі, әлде ше­гінісі. Ол – Декарт. Уақыт пен кеңістік координаттарында өмір сүрген қа­рым-қатынастардың тоғысы. Ке­ше мен бүгіннің өзара сер­уені. Қаламгер уақыттар кеңіс­тіктерінде қы­дырып жүреді.

Шығарманың тақырыбы – Га­лилео Галилей мен Рене Декарт ашқан теориялар негізінде қалып­тасқан, атақты Ньютон заң­да­рының адам өміріндегі маңызы туралы. Қозғалыс, қозға­лыс және қоз­ғалыс.

Біз әдепкідей көретін, тіпті, көңіл аудармайтын қимыл-қозға­лыс­тың асқан құндылығын, қан­шалықты қасиетті екендігін анық­ таныған жазушы үлкен-үл­­кен ойларға барады. Мамар­дашвили Декарттың кеңпейілді ой­шылдығына таңғалады. Немат Келім­бетовтің кітабы бір сәт толас таппай, бір-біріне міңгесіп, іркес-тіркес келіп жатқан ойлар­дың шексіз мұхиты тәрізді. Мұ­хит­тай терең, жолбарыстай қай­ратты ойлар – шығарманың негіз­гі арқауы, желісі, тіпті, мен бұл туындының сюжеті сол тас­қын ойлардың қақтығысы дер едім, қаһармандары – тынымсыз ойлардың өзі. Тасқындап құйыл­ған ойлар, сірә, атқылап жат­қан бұлақтай, арнасынан асып кең жайылған өзен суындай, көкжиекте шалқып жатқан көк теңіз­­дей қуатты.

Екінші бөлім. Рухты жырлаған Ницшедей

Фридрих Ницше қаламсапты қанға малып жазу керек деген бо­латын. Сонда жазудың рух еке­нін түсінесіз деп еді.

Бұл кітап – Гарсиа Лорка айт­­қандай, адам­заттың нәсіл ре­тін­де мәңгі өмір сүре­тіндігінің бел­гісі. Өткен шақ өлмейді, деген еді қайсар ақын, ол біздің қа­нымызда өмір сүреді.

Рух дегеніміз санадағы тірші­лік сәулесі, жүректегі – жан қай­раты, көңілдегі  пейіл-ниеттің мұрат­қа адалдығы.

Тегінде, рух – жанып жатқан от, өртеніп жатып өмір сүреді, өзге үшін өмір сүреді, кісі бей­нетін өз қайғысындай көреді. Қа­ра басы азап-мехнат шегіп отыр, бірақ ол жұрт қамын жейді.

От жанып жатып өмір сүреді. Жанып біткенде өмірі аяқталады.

Бірақ от құбылыс ретінде – мәң­гілік. От – тамызық. Тамған жерінен от жанады. Ол тұтатып кеткен басқа оттар ертең басқа от­тарды тұтатады. Басқа оттар, өз кезегінде, басқа оттарды жағып жатады. Шамды – шам, шырақты шы­рақ жағып, от мәңгілік өмір сү­реді.

Рухтың бейнесі оттан кө­рінеді. Ол – кітап беттерін жалап ашқан кітап тарихындағы ға­ламат рух! Дәл мұндай ерлік көр­кем әдебиет шежіресінде бол­ған емес.

Үшінші бөлім. Достоевскийше

 Автор – сергек. Кейіпкерлерін сипаттағанда, әдепкі жұрт байқай қоймайтын адамның көңіл-күйіндегі өзгерістерді дәл аңғарып, жазып отырады. Бас дәрігер пациентпен жылы сөйлесе бастаса – бұл ертең операция бо­латындығының белгісі. Немесе операциядан кейін қолыңыз туралы айта бастаса, онда аяқтарыңыз жүрмей қалады деген сөз. Автор палатадағы әрбір науқастың ер­тең не күтіп тұрғанын қимыл-қоз­ғалысына, іс-әрекетіне қарап-ақ, дәл айта алады. Болжап емес, нақ дерек келтіріп. Бірі операция алдындағы күні көл­деңен нәрсемен айналасып жатса, дәл операция болатын күні екін­шісі хирургия бөлмесіне шақырғанша, операция үстеліне түскенше шахмат ойнап отырады, тіпті, шахмат ойынын операциядан кейін жалғастырамыз, ештеңесін де өзгертпей, дәл осы күйінде сақтап қойыңыз, келген соң әрі қарай ойнаймыз, ә, деп қарсыласына тапсырып кетеді.

Ал, шын мәнінде, бұл – дүние төң­керілген күн. Бұрынғыдай өмір енді жоқ. Бәрін қайтадан бастау керек.

Достоевскийдің ажал алдында көрген сезімі, кешкен күйіндей тәжірибе.

Төртінші бөлім. Лингвистикалық байлық, семантикалық мәндер

«Меніңше, бақыт дегеніміз қара бастың қамы емес. Басқалар­ға қыруар қуаныш, зор шаттық сыйлаған жандар ғана бақытты. Ал мен өзгелер үшін не істедім?»

«Суымды сүт қылып отырған сен ғой, Гауһар».

«Оның дерті де құдды менікі сияқты, яғни омыртқаның ішіне, жұлын миға өсіп шыққан ісік екен. Медицина тілінде мұндай науқасты эпиндимома деп атайды».

«Сіздің омыртқаңыздың ішіне кішкене ісік – ет өсіп шыққан. Сол ісік әлгі талшық – нервтің бірін басып, оның өз қызметін ат­қа­руына бөгет боп тұр».

«Үй шаруасының бәрін тап-тұйнақтай етіп, әйелі келгенше тындырып қоятын да сол мүгедек ағамыз еді. Өзі томардан жонып жасап алған бір аласа орындық тәрізді бірдемесі бо­латын-ды. Қайда барса да сонысын сүйрейтін де жүретін. Соның үстіне жайғаса отырып алып келі де түйеді, тандырға от жағып, нан да жабады, сиыр да сауады. Қаратай ағама ең ауыр соғатын, жан төзгісіз азап іс – сиыр сауу еді. Алдымен ол сүт сауатын ше­легін жуып-шайып дайындап алады. Сосын әлгі отырғышын сиырдың қасына апарып қояды. Мықшыңдап үстіне шыға алмай, абыржып жүргенде әлгі антұрған қызыл сиыр тыпыршып жүріп, қазықты айналшықтап кетеді. Тауаны тарылып, бұлқан-талқаны шыққан ағамыз отырған аласа «отырғышынан» әрең түсіп, әлгі жұмыстың бәрін басынан қайта бастауға мәжбүр болады.

Бірақ алқымына ашу тығыл­ғанда ол екілене сөйлеп, тірі жан­ды бет бақтырмай, өзіне қар­сы шыққан кісіні аймандай қылатын. Сондықтан ешкім бетіне келмейтін. Ауылда оның айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрды».

Екі аяғынан да айырылған ағамыз майдан госпиталінде жатып, әйеліне мынадай хат жазыпты: «Мені күтпей-ақ қой. Саған қолбайлау болғым келмейді. Өз әрекетіңді өзің жасай бер. Басқан із, көрген қызық артта қалды. Қазір екі аяғым да жоқ, бірінші топтағы мүгедекпін.Сенің басқан ізіңе де тұрмаймын. Сонша жыл күткеңіне өле-өлгенше ризамын. Мені масыл қып қайтесің ?! Саған рұқсат. Бақытты бол».

Осы хатты алған күні жеңг­е­міз жолға шығыпты.

Бесінші бөлім. Мың бір махаббат

 Кітаптың, негізінде, көтерген тақырыбы – ықылас, камқорлық, жанашырлық. Пенде асыл қа­сиет­ке ие ме, жоқ па, қабілетті ме,­ әлде құр алақан ба?

Адам шексіз екен. Шет-қиыры жоқ дүние сияқты. Қаза бер­сең – табыла береді. Тек қана алтын-күміс емес. Тек қана інжу-мар­жан емес. Арасында – қоспа да, тас-топырақ та бар.

Бірақ автордай өмір үшін күрес­кендер – кісіліктің, тұлғал­ық­тың, ізгіліктің қорғаны. Сэлин­джердің жар түбінде ойнап жүрген балаларды құлап бара жатқанда қағып алып тұрған кейіпкері тәрізді.

Олар – кісілікті құтқарушылар.

Азап пен бейнеттен жүрегі қатқандарды жібітушілер.

Яғни ізгілікті жақтаушылар.

Бар бейнетті көтере алатын бір-ақ күш бар. Ол – махаббат күші.

Демек, махаббат – дүние тірегі.

Ержан – Гауһар.

Немат аға – Қуаныш ана.

Сосын, ұрпақтары – Мұхит, Қайрат және үзілмеген үміттер – немерелер, шөберелер, неменелер... аңыздар, ертегілер, шежірелер.

Мың да бір махаббат үстемдік құрған Жер беті, адамгершілік алдында тізе бүккен адамзат әлемі.

Кісілік туы жығылмасын.

Кісілік туы жығылмасын.

Өмірдің кепілі. Өлімнің тіз­гіні.

Дидар АМАНТАЙ