Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында келешектің кілті білімде екенін баса айтты. Осы орайда білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс.
Елбасы биылғы Жолдауы арқылы Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мәселесін қарап, табысқа жетудің көзін табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. Жолдауда маңызды он мәселе қамтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.
Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған кез келген мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаттары айқын. Бұл – елімізді жаңа сатыға көтеру, инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы халықтың жағдайын жақсарту, заманға лайық сапалы білім беру, ғылым мен экономиканы, аграрлық өндірісті жаңа заман талаптарына бейімдеу, адами капиталды дамыту сынды маңызды мәселелерді қамтиды.
Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Жолдаудың қазіргі таңда маңызы зор. Жолдауда айтылған маңызды міндеттердің бірі – адами капиталды дамыту. Сапалы білім беру, рухани құндылықтарды дәріптеу – тұлға қалыптастырудың негізі. Сол себепті, жан-жақты білімді кадрларды дайындау үшін еңбек етеміз. Білімді маманы бар ел ғана бәсекеге қабілетті бола алады.
Н.Назарбаев білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу керектігіне үлкен мән беріп, балалардың және жасөспірімдердің ерте дамуына оларды әлеуметтендіру бағдарламаларының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі туралы орынды айтты. Сонымен бірге орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшуді қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, жаңа оқу бағдарламалары, оқулықтар, стандарттар мен кадрлардың керектігіне арнайы тоқталған.
Педагогтардың қоғамдағы рөлін көтеру мен жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңыздылығына, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңартуға, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігіне Жолдауда көп көңіл бөлінген. Барлық негізгі мамандықтар бойынша заманауи стандарттар әзірленіп, солардың талаптарына сәйкестендіріліп, білім берудің жаңа бағдарламаларын жасау қажеттілігі де ескерілген.
Елбасы кәсіптік-техникалық білім берудің мазмұнын жаңалауды тапсырды. Осы орайда мен директорлық қызмет атқаратын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Кәсіпқор холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, шетелдің озық технологиясының қазақстандық үлгісінде жаңа оқу бағдарламаларын жасады. Нәтижесінде, колледждің 2 мамандығы – «Электрмен қамтамасыз ету», «Есептегіш техника және бағдарламамен қамтамасыз ету» интеграцияланған жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша сынақ алаңына енгізілді.
Заман көшінен қалыспай облысымыздың экономикалық ерекшеліктеріне ауылшаруашылық мамандарының қажеттілігін ескере отырып, «Агрономия» мамандығы дуалды оқытудың эксперименталды алаңына енгізілді. Дуалды оқытудың негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік серіктестік. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі осы мамандық бойынша 5 мекемемен келісімшартқа отырған. Солардың бірі – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Нәтижесінде, мекемемен және білім басқармасымен біріге отырып оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары дайындалды. Әлеуметтік серіктестік облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Қазақ тағамтану академиясының жанындағы «Амиран агро» ауылшаруашылық кешені, Шымкент қаласындағы «Еурокристалл» шыны зауытымен әлеуметтік серіктестік орнатып, студенттер тәжірибеден өтуде.
Колледж 25 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілер мен студенттердің пікірін ескере отырып жасалынды. «Кәсіпқор холдингі» шетелдік колледждердің үздік тәжірибесін есепке ала отырып, жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша колледждің 6 арнайы пән оқытушысы, 3 менеджері Беларусь мемлекетінде «Дуалды оқытуды енгізудің халықаралық тәжірибесі», «Өндірістік оқытуды ұйымдастыру және оның әдістемесі» тақырыптарында біліктігін арттырып, тәжірибе алмасып келді. Астана қаласында 1 ай көлемінде 6 арнайы пән оқытушылары «Кәсіби педагогика және психология негіздері» тақырыбындағы курсында біліктілігін арттырды.
Қазіргі уақытқа дейін колледж бойынша 140 арнайы пән оқытушысы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Нәтижесінде, мамандық бойынша жаңа үлгідегі модульдік құзыреттілік оқу бағдарламалары дайындалып, оқу үдерісіне енгізілді. Модульдік технологиялардың ерекшелігі – білімді меңгерту ғана емес, студенттің танымдық қабілеті мен шығармашылық деңгейін арттыру. Бұл бірінші кезекте оқытушыдан жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Оқу үдерісінде осындай озық технологияларды белсенді пайдалану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр.
Қазіргі таңда жаңаша форматтағы оқытушының бойында кіріктірілген білімнің жоғары деңгейде болуы, сонымен қатар инновациялық технологияларды меңгеруі, кәсіптік педагогикалық қасиетке жаңаша көзқараспен қарауы, педагогикалық міндеттерді шешудегі кәсіптік, шығармашылық іскерлігі мен шеберлігі болуы басты міндет. Колледжде кезең-кезеңімен «Кәсіпқор холдингі» қамтамасыз ететін оқулықтар негізінде «Информатика» пәнін ағылшын тілінде меңгеруге көшуде колледж базасында болашақ мамандардың IT құзырлығын дамыту бағытында «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша ағылшын тілінде арнайы пәндер жүргізілетін болады.
Колледждің сан-салалы кәсіптік техникалық мамандықтар даярлауда орны ерекше. Агроөнеркәсіптік, электрмен қамтамасыз ету, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану, шыны талшық және шыныдан жасалған заттар өндірісі, ветеринария, агрономия, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, жұмысшы мамандықтары және басқа да қазіргі заман талабына қажетті мамандықтар даярлайды. Электрмен дәнекерлеуші деген қарапайым мамандық иелерінің өзі атқаратын жұмысының компьютерлік бағдарлама арқылы іске асатынын білгені абзал. Сондықтан жастар қажетті мамандықтарды оқу арқылы игеруге ұмтылса жаңа заман көшіне ілеседі.
Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор
ҚЫЗЫЛОРДА