Франция президенті Эмануэль Макронның мемлекеттік көлік саласын толығымен жаңғырту жұмыстарын жүргізу туралы бастамасына қарсы болған теміржолшылар ереуілге шықты. Бұл Франциядағы президентке қарсы ең ірі ереуілдердің бірі.
Бұқаралық ақпарат құралдары «Қара сейсенбі» деп атаған ереуіл Францияның 4,5 млн темір жол жолаушыларына кедергі келтірген. Себебі пойыз жүргізушілерінің 75 пайызы, қызметкерлердің 33 пайызы жұмыстарын тоқтатқан. Ереуілдің бірінші күні тек аймақтық 5 пойыздың біреуі және 8 жоғары жылдамдықты TGV пойызының біреуі ғана жұмыс істеді.
Жұмысшылар 28 маусымға дейін бір аптаның екі күнінде мемлекет бойынша темір жол қызметін тоқтатпақ. Осылайша олар президенттің мемлекеттің темір жол жүйесін өзгерту туралы бастамаларына қарсы екендіктерін білдірді. Теміржолшылардың айтуынша, Үкімет жаңа реформа арқылы олардың еңбек құқықтарын шектеп отырмақ. Ал Макрон мен Үкімет теміржолшылардың өмір бойы кепілдік алып, жыл сайын еңбекақыларының автоматты түрде өсіп отыратыны әділетсіз екенін айтты. Сонымен қатар олардың ерте зейнетке шығуын да тоқтату керек деген ұсынысын жеткізді. Ал Франция премьер-министрінің айтуынша, халықтың темір жол жүйесіне көңілі толмайды.
БҰҰ: Әлемдегі гуманитарлық дағдарыстың ең сорақысыБҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гуттериш Йемендегі соғысты әлемдегі гуманитарлық дағдарыстың ең сорақысы деп атады. Оның айтуынша, ондағы 22 млн адамға – халықтың төрттен үшіне көмек керек және миллиондаған халық таза суды тұтына алмай отыр. «Йеменде холера эпидемиясы жиі кездеседі. Мұнда әрбір он минут сайын балалар аурудан қайтыс болады. Тіпті 18 жасқа толмаған қыздардың үштен екісі тұрмыс құрған», деді А.Гуттериш Женевадағы конференцияда. Бас хатшының айтуынша, Йеменге БҰҰ 2,96 млрд доллар гуманитарлық көмек көрсету керек болған, бірақ бұл міндет орындалмаған. Дегенмен БҰҰ жоспары бойынша АҚШ 930 млн доллар бөлген және өңірге қосымша тағы 500 млн доллар беруге дайын екенін айтқан.
Марк Цукерберг Facebook-тің төрағалығынан кетуі керек пе?Нью-Йорктің зейнетақы қорына құйылатын инвестицияларды бақылайтын Скотт Стрингер Марк Цукерберг Facebook төрағалығынан кетуі керек деген пікір білдірді. Cambridge Analytіса дауынан кейін ол Facebook кеңесіне осы мәселені қарау туралы ұсыныс білдірді.
Нью-Йорктің зейнетақы қоры Facebook-тің 1 млрд долларына иелік етеді. Қор басшысы Цукербергті және үш директорды тәуелсіз төраға алмастыруы керектігін айтты. «Әлеуметтік желінің 2 млрд тұтынушысы бар. Олар өз мәліметтерінің қорғалған-қорғалмағанын нақты білмейді, әрі сенбейді», деді ол. Сондай-ақ Стрингер қор Facebook-тегі өз қаржысын қайтарып алатынын айтты.
Әрине Цукерберг басшы ретінде барлық акционерлерді өзі басқарады. Бірақ Cambridge Analytica инвесторларға өзгеріс енгізуді талап етуге жақсы мүмкіндік туғызып отыр.
Дайындаған Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»