Жақында экономистер роботтардың қанша адамның орнын басатынын қайта есептеп шықты. Олардың айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы адамдардың жұмыспен қамтылуына осы күнге дейін айтылып жүргендей аса қатты әсер етпейді екен. Бұл туралы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) есебінде айтылған.
Оксфорд университеті 2013 жылы зерттеу жүргізіп, 20 жылдың ішінде АҚШ-тағы жұмыс орындарының 47 пайызын, Ұлыбританиядағы жұмыс орындарының 35 пайызын роботтар алмастырады деген болжамын жариялаған болатын. Бірақ ЭЫДҰ өкілдері бұл көрсеткіш АҚШ-та 10, Ұлыбританияда 12 пайыздан аспайды деп отыр. Бірақ автоматтандыру көптеген қызметкерлердің міндеттерін өзгертеді, дейді олар.
«Бұрынғы зерттеулерде автоматтандыруға қатысты мамандық атауын ғана ескеріп, олардың әр қызметте пайдаланылу ерекшеліктеріне мән бермеген. Жаңа зерттеуде осының барлығы ескерілді», дейді ЭЫДҰ мамандары. Олардың айтуынша, болашақта жастарға жұмыс табу қиынға соғатын болады. Себебі жұмыс тәжірибесін енді бастайтын сатыдағы жұмыс орындарының көбі автоматтандырылады. Ұйым жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, 32 дамыған мемлекеттегі жұмыс орындарының 14 пайызы жойылады. Нақтылап айтсақ, 66 млн жұмыс орнына роботтар келуі мүмкін. Сонымен қатар жұмыс орындарының 32 пайызы автоматтандыру әсерінен түбегейлі өзгеретін болады.
Дайындаған
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»