Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу өтпейтін болды. Бұл туралы Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес пен боксшының өзі Лос-Анджелесте өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«5 мамырға жоспарланған екінші кездесуден бас тарттық. 18 сәуір күні комиссия тыңдалымы өтіп, ресми шешім шығады. Өкінішке қарай одан кейін 5 мамырға дейін жекпе-жекті кең көлемде жарнамалауға уақыт аз», деді Эрик Гомес. Айқастың өтпейтініне негізгі себеп – мексикалық боксшының допинг дауына іліккені болып тұр.
Альварестің өзі кінәсіз екенін айтып, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлерден кешірім сұрады. «Допинг дауы мені қатты таңғалдырды. Маған ешкімнің күмән келтірмегенін қалаймын. Мен бұған дейін де, бұдан кейін де «таза» спортшы болып қала беремін. Сондай-ақ НВО телеарнасынан, Tecate, Hennessy және тағы басқа демеушілерімнен және де ең бастысы жанкүйерлерімнен кешірім сұраймын. Мен спортты құрметтеймін. Өз жанкүйерлеріме сіздерді жерге қаратпауға уәде беремін деп айтқым келеді», дейді Альварес.
Сауль Альварес 17 және 20 ақпан күндері кленбутеролды анықтайтын допинг-тест тапсырып, ол оң нәтижені көрсеткендігі үшін бокстан уақытша шеттетілген-ді. Осыдан екі апта бұрын Невада штатының атлетикалық комиссияның атқарушы директоры Боб Беннетт Альварес дауына байланысты комиссия отырысы 18 сәуірде өтетінін айтқан еді. Егер атлетикалық комиссия мексикалық боксшыны айыпты деп тапса, бокстан бір жылға аластатылуы мүмкін. Ал Альварес өзінің допинг қолданғанын мойындайтын болса, жаза мерзімі алты айға дейін шегерілмек.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»