Өзгеріс Қуанар Моңғолияның Баян Өлке аймағында дүниеге келіпті. Өңіріміздегі аудан орталығы Ақтоғай ауылында Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектепті бітірген. Қарағанды «Болашақ» университеті фиолология факультетінің түлегі. Қазір облыстық «ERTIS» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде тілші қызметін атқарады.
– Атамекенге 2004 жылы көшіп келдік. Әкемнің туған-туыстары, аға-әпкелері 1992 жылы алғаш көш басталғанда қозғалды. Баян Өлкеде әкем мен ағасы Даш қалды. Өйткені атамыз бен әжеміз жастары 80-ге келген еді. «Бізге қарайлай бермей, атажұртқа жетіңдер» деген аманаттарын айтып кетті. Содан ата, әжем бірінен соң бірі дүние салған соң барып жолға жиналдық. Құжат жинастыру рәсімдері әрі ұзақ, әрі қиындау тиді. Баян Өлкенің Сақсай деген жерінде тұрдық. Мен сонда 5-сыныпқа дейін оқыдым, – дейді Өзгеріс.
Қазір Өзгерістің ата-анасы, аудан орталығы Ақтоғай ауылында тұрады. Қарындасы Сайрангүл жуырда тұрмысқа шықты. Қыз ұзату тойын өткізді.
Інісі Бақдәулет педагогикалық институттың филология бөлімінде оқып жүр. Үлкендер өздері ғұмыр бойы арман еткен атамекенге жете алмаса да, аманаттары орындалып, ұрпақ жалғасуда.
Ал Өзгеріс оқуды бітірген соң, ауылға қайтып келіп «Ауыл тынысы» газетінде тілшілік қызмет атқарады. Кішкене күнінен-ақ өлеңдер жазып, журналист болсам деген арманы бар еді.
– Әкем Қуанар қолы шебер адам. Жолсапарда жүргенде үйге барып, әкем мен анам жасаған ұлттық болмысты нақышты бейнелейтін қолөнер әлемін көріңіз. Ұлттық қолөнер – біздің халқымыздың байлығы. Жаһандану қанша жерден жақындап кеп тұрса да, қалқан болар біздің ұлттық мұрамыз жетеді ғой. Әкем Моңғолияда тұрған кезден киіз үй жасаумен айналысты. Қазір де киіз үй, киіз үйдің қажетті жабдықтарын жасайды. Өткен жылы «Жас проджект» деп аталатын қанатқақты жобаға қатысып, киіз үй жасау жобасы бойынша грант та ұтып алдық. Ағаштан киіз үйді әкем жасаса, анам Майрагүл қажетті бұйымдарын тігуге көмектеседі. Алда жобалар да аз емес, – дейді Өзгеріс.
– Есіміңді кім қойды?
– 1991 жылы Моңғолияда заман өзгеріп, Кеңес өкіметі тарап жатқан кез. Атам есімімді қоярда «үлкен бір өзгеріс келе жатыр!» деп қатты қуанып, ұрпақтарым атамекенге жетер күн жақын деп асығады.
Міне, осылай атам қойған атымды,
Жалғасын деп жазылмаған жырымды,
«Бір өзгеріс болады әлі көрде тұр!
– сонда менің түсінерсің жанымды»
( Кейін бәрі түсінді ғой марқұмды...) деп басталатын өлеңін де оқып берді.
Өзгеріс ақиық ақын Жұматай Жақыпбаевтың 70 жылдығына арналған «Жұматай – жыр қағаны» атты республикалық жыр мүшәйрасына қатысып, 2-орын алыпты. Халықаралық «Менің досым» поэзия байқауының дипломанты. Өлеңдері «Өр үмітті өр жастар», «Қырандар ғана ұшатын биік бар...», «Ақ заңғардағы асулар» атты жинақтарда жарық көрген. Біз де ерекше есімді Өзгеріс бауырымызға алдағы уақытта да өмірің жақсы өзгерістерге тола берсін деп тілек айтқымыз келеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР