• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Сәуір, 2018

Балдырғандарға арналған күн

1137 рет
көрсетілді

2 сәуір – балаларға арналған кітаптардың халықаралық күні. Атаулы күндердің ішінен осы күнді ерекше құрметтеуге, қастерлеуге болар еді. Ұмыт қалдырып келеміз. Тіпті көбіміз білмейміз. Балаларға арналған кітаптардың Халықаралық кеңесінің негізін қалаушы, неміс жазушысы Йелле Липманның ұсынысымен 1967 жылы осы ұйым шешімімен бекітілген дата. 

Әлемде осы күні балалар әдебиетіне арналған үлкен шара­лар ұйымдастырылып, сол ар­қылы әрбір баланың тұлға боп қа­лыптасу жолында кітап­тың қан­шалықты маңыз атқа­ра­ты­нына баса назар аударылды. Әр балдырғанның рухани әлемі, білімі, тәрбиесі кітаппен байиды. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қанатты сөз осы күні жаңғырып тұрса болмай ма?!

Бұл – әлемге даңқы жайылған әйгілі ертекші Ганс Христиан Андерсен дүние есігін ашқан күн. Оның қаламынан туған ертегілер әлемін ғаламның балдырғандары өздеріне мекен қылғалы қашан. 

XVII ғасырдың орта тұсында балаларға ауызша ертегі айтудан басталған бұл әдебиет жанрының дүниеге келгеніне де аса көп уақыт бола қойған жоқ. XVII ғасыр соңында Францияда атақты академик Шарль Перро «Күлше қыз», «Қызыл телпекті қыз», «Саптама етік киген мысық», «Феяның сыйлықтары», «Ұйқыдағы ару» сияқты халық ертегілерін қайта өңдеп, кітап етіп шығарып, өзі де балаларға арнап шығарма жазады. XVIII ғасырда балалар Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо», Джонатан Свифтың «Гулливердің саяхаты», «Мың бір түн» сияқты әлемге әйгілі шығармаларды оқи бастады. ХІХ ғасырда ғана балалар өздеріне арнайы жазылған Людвиг Иоганн Тика, Эрнес Теодор Амадея Гофман, Ағай­ынды Грим, Ганс Христиан Ан­дер­сендердің ертегілерін оқы­ды. Содан бері қаншама бал­дырғанға арналған жауһар ту­ын­дылар дүниеге келді. 

Андерсен атындағы КСРО бойынша сыйлықты кезінде Марат Қабанбай «Жиһанкез Тити» шығармасы үшін иеленіп, кітабы Мәскеуде арнайы серия бойынша жарық көрген болатын. Қазақ балалар әдебиетінің жазушылары деп санаулы қаламгерлерді ғана насихаттап келеміз. Өтебай Тұрманжанов, Молдахмет Қаназ, Ермек Өтетілеуов, Жақан Смақов, Әдібай Табылдиев, Өтепберген Ақыпбеков, Әділ Балта, Әбдіраштың Жарасқаны сияқты қаламгерлердің есімдері мен шығармалары балалар әдебиеті дегенде көп айтыла бермейді. Осы авторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау қазақ балаларының бойына ұлттық мінезді қалыптастырып, болашақ ұрпақтың ұлтжанды азамат болуына ықпал етері сөзсіз. Ал бұл күн балаңызға ерекше сыйлық – кітап тарту етуге тағы бір тамаша себеп болып қала бермек.

Дайындаған Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»