Сөз басында бірден айтсам, мен тағдырыма ризамын. Тағдырым Теміртауға тоғысқанына, осында үлкен еңбек ортасымен табысқаныма, Қазақстан Республикасының болашақ Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге алғашқы шойынды қорытуға қатысқаныма, біраз жыл қоян-қолтықтаса жұмыс істегеніме, арамыздағы сыйластық қатынас сақталып қалуына ризамын.
Осыдан елу жыл бұрын Украинаның Мариуполь қаласынан алыстағы Қазақстанға келгенімде, келешек өмірімнің бұлай боларын болжай алмап едім. Теміртау бәрімізге үлкен еңбек мектебі ретінде ыстық.Бақытқа бөледі. Атақ-абыройымызды биіктетті.
Біз еңбек ардагерлері еліміз өміріндегі елеулі оқиғаларды есімізде жақсы сақтап келеміз. Соның ішінде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Президенті болып сайланған 1991 жылдың 1 желтоқсанын бұл ғұмырымызда ұмытпақ емеспіз. Ол бәрімізге мерекелі күндей болып қалғандығымен қымбат. Мемлекет басшысын бүкіл халық болып сайлауға біздің қуанышымыз бөлек болды. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан ғана ел басқару келетіні, биік сенімді басқа ешкім ақтай алмайтыны жұртқа анық еді. Өз ортамыздан қанат қаққан азаматтың соған лайықтығы мақтаныш та тұтылды.
Менің отбасым металлургтер әулеті саналады. Өзімнің, жұбайымның, інімнің, балаларымның комбинаттағы жалпы еңбек өтілі 200 жылдан асады. Міне, осы шоғырлы әулетімізбен жұп жазбай сайлауға қатысып, түгеліміз Нұрсұлтан Әбішұлы үшін дауыс бердік. Содан бері бұл әулетіміздегі берік үрдіс.
Қазақстанның әлемдегі іргелі мемлекеттердің қатарына қосылуы, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі, бауырмалдық мен туысқандықтың, шаңырағы танылуы ең алдымен, Елбасының салиқалы, көрегендік саясатының жемісі екені даусыз. Біздің көңілімізге жылы жағатыны, жүрекке жақын тартатыны осы мерейлі бағыт-мақсат. Сондықтан, қашанда қалайтынымыз да, таңдайтынымыз да Нұрсұлтан Назарбаев!
Владимир КОЛБАСА, еңбек ардагері.
Теміртау.