Мемлекет басшысының наурыз айының басында жария болған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», деген сөзін Арқа жұрты қуанышпен қабыл алды. Олай, болатын да жөні бар: жоғарыда аталған газ құбыры іске қосылғанда Қарағанды облысының алты ірі қаласы мен жүзден астам елді мекені көгілдір отынның игілігін көреді екен.
Жасыратыны жоқ, көмірдің үстінде отырған Қарағанды өңірінің күні кешеге дейін көгілдір отынға шекеден қарап келгені рас. Мұның объективті һәм субъективті себептері жеткілікті. Жеті қат жер астынан шыққан қара алтынның бойды қыз-қыз қайнатқан жылуы «әй, осы тас көмірге қарағанда табиғи газ арзан әм зиянсыз-ау», дегенді ойлантпауы да мүмкін-ау. Алайда уақыт алға ілгерілеген сайын ірі деп жүргенің ұсақталып, кешегі қадірліңнің бүгінде сиқы кете бастайтыны өмір заңы. Құй келісіңіз, құй келіспеңіз, қазіргі таңда табиғи газдың дәурені жүріп, аты озып-ақ тұр. Неге десеңіз, дүниеде көп елдің күйбең тірлігі, күнкөрісі осы көгілдір отынмен тығыз байланысты. Сәтін салса, аздап сабыр қылсақ, игіліктің мұндай түріне Арқа жұрты да қол жеткізбек: газбен ас-суын әзірлеп, алты ай қыста жалынымен жылынатын күн де таяу. Яғни көмірді эшелондап жұтатын жылу электр стансалары ендігіде лап етіп жанып, зым-зия жоғалып кететін көгілдір отынның күшімен жұмыс істейтін болады.
Жалпы, табиғи газдың арзандығы, экономикалық жағынан тиімділігі өз алдына, оның басты қасиеті қоршаған ортаға деген зиянсыздығы болса керек. Иә, түтінге тұншыққан Теміртауды көз алдыңызға елестетсеңіз, залалсыз газдың алдында амалсыз бас иер едіңіз. Экология демекші, осы жерде бір ғана мысал келтіре кетейік. Елорданың жылу электр орталығы 651 мың тонна көмір жағып, жылына ауаға 36 мың тоннадай зиянды қалдық шығарады екен. Енді көмірді өзі арзан, өзі зиянсыз табиғи газ алмастырмақ. Сол кезде ауаның ластануы алты есеге дейін азаяды екен. Бұл дегеніңіз бір оқпен екі қоян атып алу деген сөз ғой. Ауа былғанбайды, қалта қағылмайды. Бұдан бөлек, газ құбырын тарту барысында жүздеген адам тұрақты жұмыс тауып, нәпақа айыратын болады. Мысалы, газ құбырының құрылысы кезінде 800-ге тарта адам екі қолға бір күрек тапса, оны пайдалану кезеңінде 225 адам жұмыспен қамтылмақ.
Таяуда Қарағанды облысының қоғамдық кеңесі алдында есеп берген өңір басшысы Ерлан Қошанов Елбасының осы бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жұмыстары аймақ үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатынын айтты.
«Қарағандылықтар, – деді облыс басшысы, – бұл бағдарлама шеңберінде бірқатар мүмкіндіктерге ие болады. Алайда экономикалық, әлеуметтік және экологиялық максималды әсерді біз әрине, газ құбыры магистралінен күтіп отырмыз. Ол біздің ірі қалалар арқылы, сондай-ақ 120 ауылдық елді мекен арқылы өтетін болады. Тек біздің облыс бойынша ғана бұл жоба 1 миллион адамды қамтымақ. Ол өнеркәсіптің дамуына жаңа ықпал беретіні анық. Сондықтан біз күш-жігерімізді осы мегажобаны жүзеге асыруға барынша жұмсайтын боламыз».
Негізі елімізді кезең-кезеңмен көгілдір отынмен қамтамасыз ету ісі осыдан төрт жыл бұрын көтеріліп, қолға алына бастаған болатын. Үкімет газдандырудың 2015-2030 жылдарға дейінгі бас сызбасын жасап, ол бойынша 2030 жылға қарай газбен қамту деңгейін 56 пайызға дейін жеткізу меже ретінде алынған-тын.
Мұның өзі 3 миллионға жуық адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Президент тапсырмасына сай, наурыз айының басында жаңа жұмыс тобы ұйымдастырылып, оның құрамына Қарағанды облысының өкілдері де енді. Өйткені «Сарыарқа» газ құбырының негізгі бөлігі Орталық Қазақстан арқылы өтеді. Оның ұзындығы шамамен алғанда 820 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында газ құбыры тартылатын және оны тиімді пайдалану үшін салынатын ғимараттарға арналған жер телімдерін бөлу ісі қызу қолға алынды. Жалпы, өңірде үш бірдей автоматтандырылған газ таратушы станса салу жоспарланған. Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында бой көтеретін бұл маңызды нысандар үйлер мен кәсіпорындарға газ берілгенде оның қысымын төмендетіп отыратын болады. Осы мегажобаны іске асыруға жауапты облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупаның айтуынша, бұл жұмыстар 2020 жылдың ортасына таман аяқталуы тиіс. Энергетика министрлігі мен «ҚазТрансГаз» компаниясы белгілеген мерзім осы. Яғни Қарағанды облысында газ тарату желісінің құрылысы 2019 жылы басталады да, бір жылдан кейін оны магистральды газ құбырына жалғауға мүмкіндік туады.
Айта кету керек, газ тарату желісінің құрылысы біткеннен кейін облыстағы елді мекендер ортақ құбырға бірден жаппай қосыла салмайды. Бұл жерде бюджеттің мүмкіндігін ескеруге тура келеді. «Бәрін бірдей қамту мүмкін емес, дейді Анатолий Шкарупа. – Салынатын үш газ таратушы стансаға жақын маңдағы елді мекендер басымдық тәртібі бойынша біртіндеп қосылатын болады».
Қазіргі таңда маңызды құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев таяуда мәлімдеген болатын. Ол дайын болғаннан кейін шілде айына дейін сараптамадан өтуі тиіс. Әлбетте, қандай да бір ірі жобаның дер кезінде және сапалы түрде іске асуы қаржыға тәуелді. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының техникалық-экономикалық негіздемесіне сай, жобаның жалпы құны 370 млрд теңгені құрайды екен. Ал Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағытындағы газ тарату желісінің құны 267,3 млрд теңгеге тең. Жоспарға сай «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы төрт кезең бойынша жүргізілмек. Ұзындығы 1081 шақырым болатын Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бірінші кезекте қолға алынбақшы.
«Туған ай тураған етпен тең» деген. Екі жыл дегеніңіз екі айдай болмай өте шыққанда, Арқада газдан алау жағатын күнді де көрерміз, бұйыртса. Шынтуайтына келгенде, газдандырудың өзі өңір тірлігінің тамырына қан жүгіртіп, өмірін жандандыру деген сөз емес пе?!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ