Абай атамыз өзінің 12-ші қара сөзінде: «Қазақ барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады» дегені сияқты қазір қазақ қоғамында мақтанның алуан түрі пайда болды.
Соның бірі – «баяғыда аталарымыз ақ патшадан шен алыпты, губернатордан хат алыпты, ояздан бата алыпты» дейтін «тарихи» маңызға ие мақтандар қазір әр жерде құмырсқадай қаптап жүр. Аталарының жоғарыдағыдай «абыройы» туралы жазылып жатқан кітаптар қаншама. Біздегі түсінік бойынша мақтанның дәл осы түрі дұрыс емес. Өйткені халқымыздың рухани отарланып, саяси-әлеуметтік тұрғыдан орасан зор құлдырауына негіз салған Ресейдің патшалық дәуіріне тән оқиғаларды қазіргі тәуелсіздік заманында мақтаныш етіп айту, оны ұлықтау – надандық. Яки Абай атамыздың «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болады» дейтіні осы шығар.
Мақтанның да мақтаны бар емес пе?! Одан да «атамыз Бөгенбай батырдан бата алыпты» немесе «Жамбыл жәкемнің қолынан құлақ жепті» деп мақтан. Ондай оқиғалар көп ғой. Осы орайда жоғарыдағы «надан мақтанның» арада қанша ғасыр өтсе де үзілмей, тәуелсіздіктің атқан таңымен бірге жасап келе жатқанына не себеп? Осыған тоқталайық!
Бұл мақтан түрі – әуелі қазіргі қазақ қоғамында өткен ғасырлардағы отарлық сананың әлі жойылмағандығына әрі жаңадан тарихи сананың қалыптаспағанына куә. Философия ғылымдарының докторы Арғын Қасымжанов біз айтып өткен «тарихи сана» деген ұғымды – әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың өткен тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын танып-білуге ұмтылып, сана-сезімнің оянуы деп түсіндіреді. Оның екінші беті – мәңгүрттік. Ендеше отарлаушылар езгіге түскен халықты ең алдымен тарихи санасынан айырып, мәңгүрттікке ұшырауына күш салады деген сөз.
Академик Манаш Қозыбаев 1997 жылы 4 қараша күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Ұлттық рух – ұлағат бастауы» атты мақаласында: «Бодан болған елдің санасын тұсап, рухани құлдыққа қарай икемдеу үшін қолданылатын ең төте тәсіл – халықты өз тарихи жадысынан айыру» деп нақты айтады.
Осылай санамыз бұлыңғырланып, тарихи жадымыздың көмескіленуі арқылы көп жағдайда өмір шындығын кері мағынасында түсініп, өткен тарихымыздың ақиқат болмысын парықтау қабілетінен айырды. Нәтижесі мынау: тәуелсіздік дәуірінде «атамыз ақ патшадан шен алған» деп мақтанып отырмыз.
Сол шенді атамыз не үшін алды деп бір уақ ойландық па?! Бұл жерде мынадай нақты тарихи шындық жатыр. Айтайық, отарлаушылар өздерінің қолайына жаққан, отарлау саясатын қолдағандарға ғана шен-шекпен, атақ-мансап сыйлаған. Дәлел керек пе? Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахмет: «Ресей отарлаушылары қазақтың сатымсақ басшыларына шен-шекпен үлестіріп, олардың ішкі қайшылықтарын отарлау ісіне шебер пайдаланды және ол әрекетін культурогерлік сылтаумен бүркемелеп отырды» деп жазса, заңғар тұлға Мұхтар Әуезов: «Білгенін, білімін қатардағы қазақтан қулығын асыруға жұмсаған пысықтар да отаршылдардың «жемтіктесі» боп «момын даланың құйрығын обырлармен қоса сорысып жатты» деп сол кездің қоғамда орын алған ащы шындығын кесіп айтыпты.
Сол сияқты әйгілі Майлықожа ақын: «Орыстың жолын тосады, Оңлы болған би-болыс, Жылтыратып танадай, Тақтырды шынжыр мойнына, Мақтанышпен талтаңдар, Қуанышы сыймай қойнына» деп толғаса, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болып, қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді ұнатты», деген жоқ па.
Яғни «жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды» деп Абай атамыз айтқандай, қазір басқа ештеме қалмағандай оңлы болған би-болыс аталарымыздың мойнына жылтыратып таққан танасын әспеттеп апарып музейлердің төріне қойып жатқан жайымыз тағы бар.
Осы орайда Қазан төңкерісінің көсемі Лениннің «Орыстанған бұратаналар шынайы орыстық көңіл күй мәселесінде әрқашан орыстан асып түседі» (Ленин В.И. толық шығ. жинағы 45 т. 358-б.) дегені қазіргі «надан мақтанның» көлеңкесі сияқты елес берсе, ХХІ ғасырдың басында қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін терең зерттеген орыс ғалымы, тарихшы-этнограф Алексей Левшин өзінің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты 1832 жылы жарық көрген еңбегінде: – Қазақтардың атаққұмарлығы әсіресе, атқамінерлерінен анық көрінеді. Патшадан алған медаль, қылыш, мақтау грамота алғандар ауылға бір орыс келсе көрсетіп қалуға құмар. Мұндай сыйға ие болған қазақтың баласы түгіл немересіне дейін осыны өзі алғандай күпсінеді. Лентасы жоғалған медальды қайысқа, жіпке тағып іліп қояды деуі бүгінгі «надан мақтанның» сорабы сонау ерте кезде қалыптасқандығынан нақты хабар беріп тұрған сияқты...
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»